«ОЛ ЖАҚТАН ТІРІ ОРАЛМАУЫМЫЗ МҮМКІН»
1994 жылы қазан айының басында «Невада-Семей» қозғалысының «Аттан» жорық штабының жетекшісі Амантай қажы Хантемірұлы бір күні мені үйіне жеке шақырды. «Ораз інім, саған Америка сапарына қатысты айтуға тиіс құпияны есіңе салуым керек. Онда баратынымыз рас. Бірақ, ол жақтан оралмай қалуымыз да мүмкін. Өйткені, АҚШ-та атомға қарсы шеру-акция өткізу оңай болмайды. Ал, Біріккен Ұлттар ғимараты алдында ұрандап, АҚШ-тағы атомдық сынақтар тоқтатылсын!» деп онда жар салу тәуекелді талап етеді. Бір сөзбен айтқанда мұхиттың арғы жағына «басымызды бәйгеге тігіп барамыз», — деді. Сөйтіп, алда-жалда оқыс оқиғаға тап болып, ол жақтан оралмай қалған жағдайда өз еркіммен кеткенімді айғақтайтын «ант-қағазға» қол қоюды өтінді. «Шешінген судан тайынбас» деген «бәрі өз ерік-қалауым бойынша» деп қауіпті-сапардың «ант парағына» қол қойдым. Яғни, өміріме қауіпті «жорық акциясына» журналист әрі сарбаз ретінде қатысып, қандай қиындық, кедергі болса да қыңқ етпеуге келістім. Ертеңінде елге келіп, (Райымбек ауданы) екі-үш күн аруақтарға құран оқып, үлкендерден бата алдым. Алматыға келсен, Амантай қажы: «Құдай қаласа, үшінші қазан күні «Отырар» қонақ үйі жанындағы кассадан «Алматы — Ыстамбұл — Нью-Йорк» бағыты бойынша ұшаққа билет аламыз» деді.
1994 жылдың жетінші қазан күні әуежайда «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері сырт көзге «Бейбітшілік маршы» деп плакат көтеріп, шерулеткен бізді «Елге аман-есен оралыңдар!». «Жер бетіндегі барлық полигон жойылсын!», «Атомдық ақырзаманға жол жоқ!» деп ұрандатып шығарып салды.
Алғашқы кедергі, тосын жағдай әуежайда болды. Бас-аяғымызға дейін тексерді. Құжаттары дұрыс болмағандықтан аудармашы қыз бен тағы бір-екі топ мүшесі қалып қойды. Ыстамбұлға бізден бұрын жүктеріміз бен қапшықтарымыз кетті. Соңында өзіміз ұштық. Ыстамбұлда «Сунай» мейманханасына жайғасып, екі-үш күн осы қалада атомға қарсы акция – шеруді бастадық. Қала полициясы басында ескерту жасады. Соңында Қазақстандағы ядролық жарылыстардың қасіретін біліп, атом құрбандары жөнінде хабардар болған соң обалы нешік түрік бауырлар бізді түсінді. Тіпті, кейбіреулері шеру-акцияға қосылып, «ұрандап» кетті. Арамыздағы түрік журналсі Енес Жансүйер оларға Қазақстандағы «Атомдық аждаһа» жөнінде айтып, Семей полигоны туралы түсіндірді. «Сунай» мейманханасы төңірегіндегі шеру қоғамдық көліктердегі «акция-қарсылық» екі күнге созылды.
Қазанның 10-ы күні Ыстамбұлдан Нью-Йоркке ұштық. Ұшақ ішінде мен Жамбыл облысы, Сарыкемер ауылында экология мәселелерімен айналысатын қазақшаға судай американдық ғалыммен танысып, Семей полигоны жөнінде әңгімеледім. Құдай өзі кездестірген американдық азамат Нью-Йоркке қонарда әуежай тәртібін түсіндіріп, ағылшынша декларация қағазын толтырып берді.
Нью-Иорк әуежайында толық тексерілдік. Ұран, плакаттардағы жазулар оқылды. Ағылшынша «Бейбітшілік маршы» деген жазулар онша күмән келтіре қойған жоқ.
ШЕРУГЕ ДАЙЫНДЫҚ «ШАРАНСКИЙ» АЛАҢЫНАН БАСТАЛДЫ
Әуежайда қарсы алған қазіргі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ол кезде (1994) АҚШ-та БҰҰ-дағы Қазақстан өкілеттілігінде жауапты қызмет атқаратын. Ағылшынша судайлы қарапайым азамат Ерлан Нью-Иорктегі тәртіпті, Біріккен Ұлттар ұйымындағы халықаралық мәселелерді түсіндірді. Нью-Иоркке біз маңызды әрі күрделі үш мәселемен келген едік. Бірінші БҰҰ ғимараты алдында қырық жыл қырғын салған Семей полигонындағы жарылыстардың қасіретін әлемге әйгілеу үшін шеру-акция өткізу. Екінші, БҰҰ-ға осы мәселе бойынша арнайы Петиция тапсыру. Үшінші, жер бетіндегі жойқын атомдық сынақтар жасалатын АҚШ-тағы «Невада», Қытайдағы «Лобнор» және Англия, Франциядағы полигондардағы жарылыстарды тоқтатудың қажеттілігін БҰҰ-Қауіпсіздік комитетінің назарына салу болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы тарихында БҰҰ ғимараты алдында бұрынды-соңды митингі, шеру өтпеген екен. Тек Шаранский деген еврей саясатқа байланысты аштық жариялаған. Сондықтан ол жердегі кішкене алаң «Шаранский алаңы» деп аталып кеткен.
Бас кеңесшіміз Ерлан Ыдырысов ағылшынша, орысша, арабша жазылған плакаттардағы жазуларды, Петиция құжатындағы мәлімдемелерді оқып, кейбір жерлерін түзеп, әбден «сүзгіден» өткізді. Сондай-ақ, Семей полигонындағы жарылыстардың залалынан кемтар болып туылған, кескін-келбеттері бұзылған балалардың суреттері мен бүлінген жер-судың көріністері бейнеленген буклеттер мен жазуларды қалай көрсетудің жолдары қарастырылды.
Акция-шерудің яғни, тәуекел етіп, БҰҰ ғимараты алдына барудың амал жоспары жасалатын «штаб пәтер» американдық қазақ, түбі алтайлық Әбдухахиттің үйі болды. Осы үйде басқосу үш-төрт рет өтті. БҰҰ ғимараты алдында күзеттің өте қатаң, тәртіптің ерекше екенін Ерлан әбден түсіндірген болатын.
Жаңылмасам қазан айының 13 күні сәске түске жақын асай-мүсейлерімізді буып, түйіп, плакат оралған қапшықтарымызды көтеріп, БҰҰ ғимараты маңына жақындадық. Мұздай қаруланған, бесқаруы сай күзетшілер бір-бірімен ұялы телефон арқылы өзара сөйлесіп жүр екен.
Жолай бізге орысшаға судай, ұзын бойлы бір американдық кездейсоқ кездескен. Кім екенімізді біз оған толық айттық. КСРО-ның күйрегеніне қуанған ол аудармашы болатын болды. Акция аман-есен өтсе қала сыртындағы үйіне апарып, қонақ ететінін айтты. Ол бізден «Кеңес үкіметі құлады, енді елде не болып жатыр?» дегенді қайта-қайта сұрай береді. Бәрін білгісі келеді, ақпарат алғысы келеді. Мен бұрын бұл кісі Кеңес Одағында болған адам ғой деп ойладым. Бірақ сұрамадым…
БҰҰ ғимаратының Шаранский алаңына келгенде, асай-мүсейлерімізді шығарып, «Бейбітшілік маршы» өрнектелген ұзындығы 50 метрге жуық ақ матаны жазып, буклет суреттерді шығарып, іске кірістік. Қаруланған екі күзетші қасымызға келді. Құдай жолай өзі кездестірген әлгі американдық азамат күзетшілерге Амантай қажының сөзін аударып, біздің мұнда шатақ шығару үшін емес жер бетінде тыныштық, бейбітшілік орнасын деп келгенімізді түсіндірді. «Тиісті орындардан рұқсат бар ма?» деп сұрады. Не айтарымызды білмей абдырып қалдық. Амантай қажы Алла жолында жүрген, Меккеде болған, әлемде бейбітшілік үшін күресуші белгілі тұлға екенін айтып, полигон зардабынан қасірет көрген халықтың мұң-зарын жеткізу үшін демократиялық ел Америкаға келгенін айтқанда күзетшілер сеніп, тергеуді қойды.
БҰҰ ҒИМАРАТЫ АЛДЫНДАҒЫ ЖАРТЫ КҮН
О баста БҰҰ ғимараты алдында жарты сағат өткізсек — осы да жетеді деп Құдайдан тілеген біз – Алла-Тағала қолдауының арқасында жарты күн тұрып, Семей полигоны қасіретін халықаралық беделді ұйым алдында әлемге әйгіледік. Осы да бізге жететін еді. Ертеңінде Амантай қажының «арқасы қозып» екінші күні тағы келіп, жетпіс қабатты БҰҰ ғимараты алдында акцияны бұл жолы батыл әрі ұрандап жалғастырдық. Қайдан шыға келгені белгісіз бір полиция машинасы келіп, ішінен шыққан екі әскери киімді адам ай-шайға қарамай, тіл білмейтін біздермен сөйлеспей, ілінген плакаттардың жіптерін қиып, акцияны тоқтатты. Әйтеуір, өзімізге тиіскен жоқ. «Жетеді енді, жайларыңа кетіңдер» дегенді меңзеді. Қатты дауыстаған полицияның ерекше ескертіп, әбжіл қимылындағы әрекеті әлі көз алдымда тұр. Атам қазақ «Тәуекел, нар тәуекел» деп текке айтпаған. Нью-Иоркте сөйтіп, тәуекелге барып, халықаралық ұйым БҰҰ ғимараты алдында бұрын-соңды тарихта болмаған, «атомға қарсы» акцияны өткіздік. Соңғы жұмыс БҰҰ ғимараты ішіне кіріп, қауіпсіздік комитетінің кеңсесіне жер бетіндегі атомды жарылыстарды тоқтату туралы маңызды құжат – үндеу Петиция тапсыру болатын. Бұл шаруа сәтімен болды. Үшінші күні мұнда таксимен келіп, БҰҰ ғимараты кеңсесіне кіріп, Петиция мәтіні жазылған «пакет-конвертті» арнайы бөлімге тапсырдық. Түрі арабқа ұқсайтын әйел «Петиция – хатты» тіркеп, Амантай қажы екеумізге біртүрлі таңдана қарағаны есімде. Осы күні БҰҰ ғимаратында бір мәдени шара өтіп жатқан болатын. Осында суретке түстік.
БҰҰ ғимаратына жақын жерде Түркия елшілігі бар екен. Ондағы қандас бауырлар сырттан бәрін көрген ғой. Бізге тілеулес болды.
Жерді осінен тайдыра жаздаған полигондардың бірі Қытайдағы «Лобнор» аждаһа ошағы еді. Нью-Иорктегі Қытай консульдігі алдында акция у-шусыз өтті. Атақты «Азаттық» ескерткіші маңында өткен акцияны әр елден келген туристер көрді. «Бейбітшілік маршы» кейін теракты құрбаны болған Дүниежүзілік сауда орталығында жалғасты.
Атлант мұхиты жағалауындағы акциялар қалың көпшіліктің ортасында жалғасты. Нью-Иорктің маңында КСРО-дан келген еврейлер, орыстар, тағы да басқа ұлт өкілдері бізді қолдады. Амантай қажы «Америка дауысына» сұхбат берді.
Брайтин-Бричте Құдай өзі сақтап қалған бір оқиғаны айтпауға болмас. Ұран-сөздері жазылған плакат-матаның бір шеті бөренге ілінген еді. Құйын соғып, бөрене құлап, оның астында отырған әйелдің басын жарып кете жаздады. Егер бөрене қарақұстан тигенде әйел тіл тартпай кетер еді. Сөйтіп, біз ұсталып, Америкада жазаланар едік. Бұл жолы да құдай өзі сақтады. О баста Амантай қажы сапарда қауіп-қатердің болатынын текке ескертпеген екен. Америка сапары алдында Мәскеуде Қызыл Алаңда болған акция кезінде тұтқындалған «жорық штабы» мүшелерінің басынан не өтпеді. Шетелде орта жолдан қайтқан кездеріміз де болды. Әсіресе, қазір соғыс болып жатқан Сирия шекарасындағы болған оқиға кері қайтуға мәжбүр етті.
1996 жылы қыста Ыстамбұл-Анкара-Антакия қалаларына акция жалғасты. Ол кезде мен «Халық конгресінде» емес «Қазақстан-Zaman» газетінде болатынмын. Түркиядан өтіп, Сирияға барып, одан Иордания арқылы Сауд Арабиясында «Атом аждаһасы» жөнінде мұсылман елдеріне үндеу тастау еді. Өйткені мұсылман елдері үшін жер бетінде сыналып келе жатқан атом бомбасы ақырзаманды елестетті. Өзі де солай болатын. Егер ядролық соғыс болса жердің осінен тайып, әлемде тіршіліктің тоқтайтындығын ғалымдардың өзі дәлелдеп, халықаралық «телекөпірде» мұны көзалдымызға әкелген болатын. Бес ұлы держава АҚШ, КСРО, Англия, Франция және Қытай жер шарының әр түкпірінде сексенінші жылдары жойқын атом қаруларын сынап жатты. Оның ішінде КСРО-ның ядролық қаруы қазақ жерінде, Семей өңірінде сыналып, жарылыстар тоқтамады. Жер уланып, аймақ бүлініп, тұрғындар ауру-сырқауға шалдығып, қасіретке душар болды.
АҚЫРЗАМАН ҚАРУЫНАН БАС ТАРТҚАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ
1989 жылы құрылған Невада-Семей қозғалысы полигон қасіретін әлемге паш етті. Соның нәтижесінде 1991 жылы Елбасы Семей полигонын жабу жөнінде жарлық шығарды. Осы қозғалыс құрылғаннан бастап аяғына дейін оның шерулері мен акцияларын, ұрандары мен талаптарын баспасөзде насихаттаған мен талай құпияға көзім жетті. Алматыда өткен бірнеше (1993, 1994) халықаралық ядролық конгреске қатысып, қазақстандық қозғалыс жөнінде көп жаздым. Жазғандарым тіпті кітап болып дайындалды. Өкініштісі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс кезінде «Атомға қарсы» акция еңбегім жарыққа шықпады.
Қырық жыл қырғын салған Семей полигонын тоқтатып, әлемге қауіп төндірген АҚШ, Қытай және Англия, Франциядағы ядролық жарылыстарды болдырмау жолында жанқиярлық көрсеткен «Невада-Семей» қозғалысының әрекеті, оның «Аттан» жорық-штабының ерлігі ұмытылуға тиіс емес.
Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та ядролық қаруларды таратпауға байланысты өткен әлемдік саммитке қатысты. Егер жанкештілердің қолына ядролық қару түссе, сойқан сонда болады. Сондықтан Қазақстан ақырзаман қаруынан бас тартқан және аждаһа апандарындағы сынақтарды тоқтату үшін күрескен ел ретінде бұған қарсы тұрады, бұл жолда аянбайды. Ол үшін «Невада-Семей» қозғалысын қайта жаңғыртып, атомға қарсы жаңа ұйым құрылса деген ой мазалайды. Ядролық қаруға қарсы о баста көш бастаушы болған Қазақстан әлемдік мәселеде қашанда лидер болуға тиіс. Биыл Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толады. Осы датаға орай осылай ұсынысымды да айтуға тура келді.
Ораз ҚАУҒАБАЙ,
«Невада-Семей» қозғалысының ардагері,
бұрынғы «Халық конгресі» газетінің
АҚШ-қа барған (1994) арнаулы тілшісі,
БҰҰ-ға Петиция тапсырған жетеудің бірі.
4 сәуір, 2016 ж.