Quantcast
Channel: Тарих –Қазақстан-ZAMAN
Viewing all articles
Browse latest Browse all 107

Жазықсыз жапа шеккен Әлмағамбет

$
0
0

ӘлмағамЖазықсыз шапа шеккендерді ұрпаққа насихаттайық, олар жайлы айта жүрейік деген оймен Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі болған, ақын, дін қызметкері Әлмағамбет Оспанұлы жайында сөз қозғасақ. Әлмағамбет  (Әлмұхаммед — азан шақырып қойған аты)  Оспанұлы 1886 жылы Торғай уезі, Тосын болысының №4 ауылына қарасты Бестау өңірінің Сасықсор деген елді мекенінде дүниеге келген. 12 жасына дейін ауыл молдасынан сауатын ашқан ол, 13 жасында Торғай қаласындағы 4 кластық орыс қолөнер мектебіне түсіп, «ағаш ұстасы» деген мамандық алып шығады. 17 жасында Торғай қаласындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-класына қабылданып, оны 1905 жылы тамамдайды. 1911-1916 жылдар аралығында Троицк қаласындағы «Расулия» медресесінде білім алған ақын 1923 жылға дейінгі аралықта өз білімін жалғастырып, ізденумен болады.

1926 жылы Уфа муфтиінің жарлығымен Торғай уезіне мұхтасиф болып тағайындалып, бұл қызметті 1929 жылға дейін атқарады. 1929 жылы «алашордашыл», «ұлтшыл ұйым мүшесі» деп айыпталып, қуғын-сүргінге ұшыраған ақын 1944 жылы ақталып шығады. Содан бастап әртүрлі қызметпен айналысқан Әлмұхаммед Оспанұлы өмірінің соңында туған жерге оралып, 1966 жылы өмірден өткен.
Әлмағамбет Оспанұлының өмірі мен шығармашылығы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері», «Қазақстан мешіттері мен медреселері» атты кітапқа және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты даярлаған «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты ғылыми еңбектің ІІ томына енген.
Әлмағамбет Оспанұлының шығар-машылығы турасында академик Ө.Айтбайұлы: «Тәуелсіздік таңы атқанда халқымен қайтадан қауышқан қалам қайраткерлерінің бірі — Әлмағамбет Оспанұлы. Ол — ұзақ өмірінің тең жартысына жуығын қуғын-сүргінде өткізген, ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың жолын қуып, ағарту майданына бел шеше кіріскен, халықты оқу-білімге, рухани бостандыққа үндеген ұстаз. Ахмет Байтұрсыновтың емлесін алғашқылардың бірі болып қолданып, сабақ берген тәлімгер. Сондай-ақ, Торғай уезінің дін істерінің басқарушысы — мұхтасиф молла болған руханият қайраткері. «Қазақ шежіресі», «Көрген түс — қос балапан» сияқты көркемдігі жоғары, әлеуметтік мәні зор дастандарды дүниеге әкелген ақын», — деген.
ХХ ғасырдың ба-сындағы әдебиетіміз негізінен екі бағытта: діни-ағартушылық және ағартушы-демократтық бағытта дамыды. Әлмұхаммед ақынның шығармашылығын қарастыра отырып, біз оның осы екі бағытты қатар ұстанғанын байқаймыз. Діни-ағартушылық бағыттағы өлеңдерінде ақын имандылық, шариғат мәселелерін сөз ете отырып, сол кезеңде қазақ арасына тарай бастаған маскүнемдікті сынайды. Мұндай өлеңдердің қатарында “Кел, қолым, қалам ұста, қылып ермек”, “Ішкіліктің олжасы” сияқты өлеңдері бар. “Кел, қолым, қалам ұста, қылып ермек” өлеңінде ақын арақтың қазақ арасына тарай бастағанына нали отырып, оның қазақ сияқты көзі жаңа ғана ашылып келе жатқан ұлт үшін өте қауіпті дерт екенін айтып, жастарды ондай әдеттен аулақ болуға үндейді. Шариғат, имандылық мәселелерін алға тартып:
Түзетіп мінез-құлық,
тұрмысыңды,
Бір уақыт шын дос-жармен
ойнап-күлмек,
Халық үшін болсын қылған қызметің,
Ұлтыңа, ұлысыңа көмек бермек, — деп, жастардың халық пен ұлт алдындағы негізгі міндетін айқындап береді.
Діни-ағартушылық бағыттағы ақын өлеңдерінің бір парасы түрмеде жазылған. “Жазушыдан соңғы сөз”, “Туған жерге сәлем хат”, “Тұтқындардың бірінші мүнәжаты”, “Тұтқындардың екінші мүнәжаты”, “Қоштасу”, “Жол үстіндегі мүнәжат” өлеңдерінде ақын өз туысқандарына, өзінің тілектес, ниеттес дос-жарандарына, тұтқында бірге отырған тағдырластарына жұбату айтып, сабырға шақырады. Бұл өлеңдердің әсіресе тар қапаста жазықсыз жапа шеккендердің қайрат-жігерін шыңдауда таптырмас құрал болғаны сөзсіз.
Әлмұхаммед Оспанұлының өлеңдер жинағын саралай келе,оның этикалық мәселелерге ерекше назар аударғанын байқаймыз. Ақын дүниетанымында адамгершілік, имандық, махаббат, жастар тәрбиесі мәселелері кеңінен орын алған.Үндемей отыруды өнер көрмей, заманның ағымына үн қосып, «Айқап» журналына көмек көрсет деп, өз замандастарына үн тастайды,өз дәуірінің рухани келбетін сомдауға шақырады. Ақын, жастарды жаман әдеттерден бас тартуға, надандықпен күресуге, пайдалы іске, білім алуға, қатарынан қалмай, мақсатты өмір сүруге шақырады. Өткен заманның енді қайтып келмейтінін, жаңа әлеуметтік уақыт-тың жаңа талаптарына білім негізінде бейімделу қажеттігін баса көрсетеді. Ол:
«Кел, қазақ, надандықпен қоштасалық,
Қайырылмас қанша айтқанмен
кеткен заман.
Қатардан қалыспасқа қам етелік,
Қалмасын кейінгі жас тіпті надан», — дейді.
Әлекең өлеңдерінде уақыт тынысы, замана құбылысы бейнеленіп қоймайды, сонымен бірге, жастарға деген сенім, болашаққа деген үміт отын маздататын жалынды сөздері де өз орнын тауып жатады.
Әлекеңнің де өзіндік шыққан биігі бар еді. Ол торғай деңгейінде ауыл балаларына орысша-қазақша білім беруді жалғастырып, діни сауат ашуды да қолға алады. Мектепте — ұстаз, мешітте имам деген атаққа ие болады. Торғай уезінің дін ұстанушылары және жалпы халық Әлмағамбет Оспанұлын бірауыздан мұхтасиф етіп сайлайды. Сөйтіп, адамдық пен имандылыққа бастаған діни-ағартушылық Торғай топырағында Әлекең ар-қылы өз жалғасын табады.
Атеистік қоғамда дін ұс-тап, ислам тәрбиесін жас-тар арасында тарата отырып, оларды имандылық пен кісілікке тәрбиелеудің қаншалықты қауіпті екендігіне қарамастан, Әлекең өз ісіне берік болады. Алла жолында жан аямай еңбектеніп, имандылық ұрығын себудің жастар үшін қаншалықты маңызды екенін жан-тәнімен сезіне білді. Құдайдан безгендер тарапынан төніп тұрған қауіп-қатерлерге қарамастан, өз ісін жалғастыра берді, сеніміне берік болды. Оны біз ақынның мына бір шумақ өлеңдерінен көреміз:
Пайғамбарым Мұхаммед,
Күндіз-түні кеп айттым,
Шафағат тілеп сан рет,
Зікір, тәшфит жана да
Гәллил айттым мың рет.
Біздің қазақ баласы,
Жалпы қоғам данасы,
Құдайға құл қашаннан,
Хақ расулге шын үммет, — дейді.
1929 жылы Әлекең «мұхтасиф болды» деген жазамен 10 жылға сотталады. Бұл да бір кешегі өткен тоталитарлық қоғамның сұрқайы көріністері еді. Әлекең осындай ауыр жағдайды басынан өткерсе де, өзінің адамгершілігін, діни сенімін, Аллаға деген шексіз махаббатын жоғалтпай, мұсылмандықтың шарттарын бұлжытпай орындап отырған.
Профессор А.Ісімақова: «Әлмағамбет Оспанұлы — ХХ ғасыр басындағы қазақтың рухы мен дінін асыл сөз арқылы бейнелеп кеткен Алаш ақыны. Оның шығармаларын оқып отырып, өзі өмір сүрген уақыттың «тар жол, тайғақ кешу» болған аумалы-төкпелі кезеңінің мінезін анық танимыз», — дегенін ескеріп, Әлмағамбеттің кітаби ақын және өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу зиялысы екенін түсініп, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш арыстарымен тығыз рухани қарым-қатынаста болғаны үшін жазықсыз жапа шекті дей аламыз.

Елдос Тоқтарбай


Viewing all articles
Browse latest Browse all 107

Trending Articles