Филология ғылымының кандидаты Мамытбек Қалдыбаев «Елім деген ерлер» романында (Алматы қаласы, «Самара-Принт» ЖШС баспасы, 2008 жыл, 376-377 беттер): «Қоске атамыз қайтыс болады. Ел арулап жерлеп, бет-бетіне тарайды. Сарыбай атына мініп, ұзап кетіп бара жатқанда Қоске атамыздың бәйбішесі Бәйбике көзіне жас алып, соңынан қарап тұрыпты. Қасындағы үлкен кісілер:
— Көңіліңіз неге босады? — дегенде мұңайып: — Аталарыңның қызыл жолбарысы Сарыбайға ілесіп кетті, — депті», — деп жазады. Шапырашты ағайындардың көпті көрген, көкірегі ояу ақсақалдарынан сұрасаңыз, Қарасай батырға ерген қызыл жолбарысы кейін Сұраншы батырға, одан кейін Сарыбай биге, одан кейін Жамбылға, одан кейін Ораз Жандосовқа ерген деп, айтып та, жазып та жүр. Мамытбек Қалдыбаев, сіз Сарыбай биге қызыл жолбарыс Қоскеден ілескен дейсіз. Сіздікі дұрыс па? Шапыраштылардікі дұрыс па? Дәлелдемейсіз бе?
2013 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі кентінде, 14-15 маусымда өткен ғылыми-практикалық конференцияның материалдары «Сыпатай батыр» деген атпен кітап болып шығыпты (Алматы қаласы, 2013 жыл. ҚАЗақпарат баспасы. Құрастырғандар: Мұхтар Қазбек, Мадет Қожекеев). Осы кітаптан үзінділер келтірейін. Филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Сақауұлы Тебегенов газеттегі, конференциядағы мақалаларында Сыпатай батырды Қапсалаң батырмен (135 б.) бірге жүрді дейді. Сыпатай 1781 жылы туған. Қапсалаң батыр 1785 жылы 57 жасында ауырып өледі. Қалай Сыпатаймен бірге жүреді?
Сол кітапта филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев Сыпатай батырды Сәмен батырмен (100 б.) ұрыстырады. «Осы ұрыста Сыпатай қатты қаҺарланып, жеті бірдей батыры бар Шағатай батырды сабап тастайды» дейді. Сәмен батырдың қалмақтармен болған соғыстарда алған денесіндегі жарақаттары асқынып, 1777 жылы қайтыс болған. Кербұлақ ауданындағы Сәмен ауылына жерленген. Сыпатай 1781 жылы туған. Сәмен батырмен қалай ұрысады? Сыпатай сабаған Шағатай батыр кім? Құрметті доктор, профессор мырза, бұл сіздің бе, әлде құрастырушылардың әдейі қорлауы ма?
«Сыпатай батыр» кітабының 127 бетінде жазушы Нұрдәулет Ақыш Кәдірбек Аманкелдиевтің «Асуда» аты повесінен мынандай үзінді келтіреді: «Ел ағаларының орыстар жайлы күдігі Сәмен батырдың аузы арқылы айтылады» деп жазады. Сәмен батыр 1777 жылы қайтыс болған. Орыстар Жетісу жеріне 1800 жылдардан көп кейін келген. Сәмен батырды керекті-керексіз жерде жазып, Сәмен аруағын қорлау ма бұл?
«Елім деген ерлер», «Сыпатай батыр» деген екі кітапта да Мамытбек Қалдыбаевтың мақалалары «Данышпандық» деген тақырыппен беріліпті. Үзінділер келтірейін: (6 бет).
— Сені болыс Қапсағай (Қапсалаң ба) шақырып жатыр, — дейді.
— Жұртқа мал үлестіріп, қолым тиер емес. Кейін барам, — дейді. Бұған шамданған болыс атпен құйғыта шауып кеп:
— Әй, сен қайдан шыққан тоңмойын, өзімбілерменсің! — деп (152 б.), шылбырына жармасып, қамшымен басынан ұра берем дегенде, Сыпатай шап беріп қолынан ұстап, тақымына басып, шаба жөнеледі деп жазасыз. «Данышпандық» деген мақалаңыздың осы жердегі сөздері де, нүктелері де бірдей деуге болғанымен, сіз көңіл күйіңізге қарай адамдардың аттарын өзгерте салады екенсіз. Жазғаныңыздан үзінділер келтірелік.
«Елім деген ерлер» кітабында (10 б.): «Жас арыстан Сағымбай Сыпатай батырды жекпе-жекке шақырады», — дейсіз.
«Сыпатай батыр» кітабында (157 б.): «Жас арыстан Ағыбай Сыпатай батырды жекпе-жекке шақырады», — дейсіз. Қайсысы дұрыс? Сыпатай тақымына басқан Қапсағай ма, Қапсалаң ба? Сыпатай батырды жекпе-жекке шақырған Сағымбай ма, Ағыбай ма?
2014 жылы «Сыпатай батыр Әлібекұлы» деген кітаптың (Алматы қаласы, «Мирас» баспасы. Құрастырғандар: Жақсымбет Иманбекұлы, Мұхтар Қазыбек және редколлегия мүшелері бар) 16-17 беттерінде Ж. Дәдебаевтың «Сыпатай батыр» кітабындағы басылған қателерді тайға таңба басқандай қайта жазыпты. Ары қарай «Сыпатай батыр Әлібекұлы» кітабына, Қазақстан жазушылары мен журналистер одағының мүшесі Бақтияр Әбілдаұлының №1, 30 мамыр 1991 жылы «Әулие ата» газетінде жаряланған «Сыпатай баба: ісі өнеге, сөзі өсиет» мақаласын қосыпты, 34-бетте (қысқа үзінділер): «Ел арасындағы құйма құлақ кәриялардың, солардың ішінде Мерке өлке музейін алғаш ұйымдастырған Нұрғали Омаралиевтің айтуына қарағанда» деп мынаны жазады: «Талай қорлық көрген Сыпатай бұған шыдай алмай, Қапсалаңды тақымға басып, басына да қолы тиіп, лақтырып кетеді» деп жазылған.
Сыпатай 1781 жылы туған. Қапсалаң батыр 1785 жылы 57 жасында ауырып өледі. Даңқы Алатаудан биік Сыпатай батыр бабамыздың еш кінәсі жоқ. Ағамыз қисынсыз өтірікке қалай барған деген оймен, кітапты ары қарай оқысам, ағамыздың 1999 жылы Шымкентте шыққан «Ботбай шежіресі» кітабынан үзінділерінде (155 б.) Есенбайдан Алатау, Сарман, Жәнібек (Дода). Сарманнан Шағатай, Жаналы дейсіз, Жаналы Шағатайдың әкесі ғой. Үзіндінің аяғында (259 б.): «Сәмен ауылы мен баба бейіті осылайша табылған еді», — дейсіз. Талдау жасап көрелік: Ағамыз зерттесе, Шағатай ұрпақтарымен кезіксе, Сәмен ұрпақтары Кеңес заманының өзінде күмбездің басына барып құран оқып тұратын білетін еді, Сыпатайға өліп қалған Қапсалаңды тақымына басып, қолы тиіп, лақтырып кетеді деп, шикі жандарға ұқсап шикі жазбаған болар еді. 1777 жылы қайтыс болған Сәменді 1781 жылы туған Сыпатаймен дауластырып, Шағатай батырды сабаттырып қойған Ж. Дәдебаев та толық зерттемеген.
Осы кітаптардағы жіберілген түйінсіз түйткілдер жайында Қалақбасов Әділдің «Бала бабасын сабай ма?» деген мақаласы («Абай KZ» ақпараттық порталы, 7 қыркүйек, 2015 жыл.) жарияланған еді. Ол аз болса, Абжатов Жанасбай мырза «Ақ жол» газетіне мақаласын жіберген, Қалақбасов Әділ Мұхтар Қазыбекке де айтқан. Алайда құрастырушылар тарапынан жұмған аузын ашқан жан баласын көрмедік. Сәмен батырдың іздеуі, сұрауы, жоқтаушысы жоқ деп ойласаңыздар керек. Сәмен батырдың ескерткішінің орнын көрсеткен Асанбай ағаның, аты Ботбайға ұран болған Сәмен батырдың әруағынан қалай қорықпадыңыздар? Досқа таба, дұшпанға күлкі болдық емес пе?
Әттең, пендешілік-ай! Олай болса, біз, Сәмен батыр ұрпақтары, сіздерге төмендегідей талап қоямыз:
1. Тарихи шындықпен жанаспайтын, орны толмас олқылыққа жол берілген кітаптарды шұғыл түрде кері қайтарып жинап алу.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Шағатай руының ұл-қыздарынан жариялы түрде кешірім сұрау.
Бұны біз істемесек, қазіргі жастарға не айтамыз? Заң білмедік, ынжық болдық дейміз бе? Істі насырға шаптырмайық, ағайын! Бәрімізге бірлік керек.
Дұғай сәлеммен, Сәмен батырдың жетінші ұрпағы
Естаев Қуанышбек Нұрәліұлы
(4)