Екінші дүнижүзілік соғысқа қатысты Ресей кинофильмдерін көргенде, осы бір ащы сөз көкейімнен кетпей қойды.
Шедеврлердегі нақұрыстар, антигеройлар, батырлар кімдер?
Рас, біз соғысты көрген жоқпыз. Біз түгілі «соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды еміп» (Ж. Әбдірашев) өскені болмаса, көпшілігіміздің әкелеріміз де ол сұрапылды көрген емес. Біздің көргеніміз — соғыс туралы түсірілген фильмдер ғана. Оның өзінде «Мәншүк туралы ән», «Ел басына күн туса…», «Мергендер», «Ана туралы аңыз» секілді саусақпен санарлықтай ғана «Қазақфильмнің» туындылары мен соңғы кезде дүниеге келген «Бауыржан», «Қасым» телесериалдары. Сонан соң сонау 70-жылдары «Өзбекфильм» киностудиясы түсірген «Сабыр Рақымов» пен «Грузинфильмнің» туындысы — «Солдаттың әкесі» фильмдері. Бұдан өзгесінің барлығы дерлік Ресей кинематографиясының түсірген туындылары десе болады. Басқа жақты қайдам, жыл сайын Жеңіс күні аясында қазақ көрерменінің көгілдір экранға телміргенде тамашалайтыны — тек осы солтүстік көршіміздің киноөнімдері.
Жеңіс күні дегеннен шығады, жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында көгілдір экранда соғыс туралы кинофильмдердің қап-қап болып қаптайтыны соншалықты, соғыс, жеңіс идеологиясы ұлттық мәдениетіміздің бөлінбес бір саласына айналып кете жаздайды. Әншейінде, халықтар достығын, ұлттар теңдігін жағы талмай насихаттайтын центристік жүйенің екіжүзділігі мен әпербақандығы, коммунистік идеология мен тоталитарлық режимнің сол кездегі одақ құрамындағы «кіші» халықтарға екінші кезектегі стандартпен қарағаны жай көзге-ақ анық аңғарылып тұрады. Әлгі кинокөрсетілімдерге қарап отырсаңыз, басым бөлігінде «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» жалаңтөс батырлар мен жағымды кейіпкерлер ылғи орыстар болып келеді де, соғысуға қабілетсіз, ұсқынсыз нақұрыстар, жандайшаптар қатарында көбіне азиат тұрпатты жауынгерлер жүреді. Ал антигеройлар болсын-болмасын неміс ұлтының өкілдері екені бұлжымас аксиомаға айналған. Тіпті, ұрыс үстінде поляк, чех, беларусь ағылшын, француз, латыш, тағы басқа еуропа нәсілді халықтың ұлдары күтпеген жерден ұтқырлық танытып, ерлік істер көрсетуі мүмкін… Алайда «тарихтан тыс тұрған» азиаттар… өліп бара жатса да ерлік іс жасауы… «мүмкін емес». Оған азиаттардың ерік-жігері жетпейді, жүрегі дауаламайды… Мінеки, Ресей кинематографиясы түсіріліп, телеарналарынан көрсетілетін соғыс туралы фильмдеріндегі ортаазиялықтар жайлы жалпы алғандағы түсінік-танымы осыған саяды. «Аз» халықтарды алалау, кемсіту, нәсілшілдік, ксенефобия бірден аңғарылады. Ресей кинофильмдеріндегі осы көріністер кезіндегі коммунистік идеологияның сөзі бір басқа да, істеген ісінің сипаты екінші басқа болғандығының анық дәлелі бола тұра, оның жолын әлі күнге мұрат тұтатын қандастарымыздың бар екені кімді де болса ойландырмай қоймайды.
Осы тұста орыс кино әлемінде классикаға айналған соғыс жайында түсірілген фильмдерге бір көз жүгіртіп алсақ, артық емес. Айтқандай, бұл фильмдердің шедевр екенін бір біз ғана емес, дүниежүзінің көрермендері әлдеқашан мойындап қойған. Мысалы, «Солдат туралы баллада», «Тырналар ұшып барады», «Ыстық қар», «Азат ету», «Ұрысқа кілең қариялар кіреді» т. б. Міне, жыл сайын Жеңіс күні аясында қазақ көрерменінің көгілдір жәшіктен көретіні де, жүрегін қолына алып отырып тамашалайтыны да осы туындылар. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, шын мәнінде жетпіс жыл бойы Ресейде түсірілген әрбір бес кинолентаның біреуі міндетті түрде соғыс тақырыбына арналып отырыпты. Бұған қайран қалмай көріңіз енді…
Сұрақ туады: бұрынғы «орталық» киностудияларда (Мысалы, “Мосфильм”, “Ленфильм” т.б.) түсірілген фильмдерде КСРО құрамында фашизмге қарсы тізе қосып күрескен «аз» халықтар жауынгерлерінің ұмытылмас ерлік істері тақырып арқауы етіп неге алынбаған? Мәселенің мәнісі де осында. Келесі сұрақ. Кеңес империясының қара шеңгелінен зорға босанып шыққан тәуелсіз мемлекеттердің бұрынғы метрополияның майдандағы жеңістерін, олардың жылдықтарын атап өтіп жатуы қаншалықты қисынды? Сұрағымызды бұдан да нақтылай түссек, кеңестік қоғам іштей іріп-шіріген әкімшіл-әміршілдік жүйе тұсында дүниеге келген, қазір де жалғасын тауып жатқан, шамкөс, шамырқанғыш орыстардың басым бөлігін одан әрі даңғазалыққа ұрындыратын мұндай ортаңқол фильмдер мен көрсетілімдерді біздің елдің ақпарат кеңістігінде насихаттау қаншалықты қажет? Мұның өзі ежелгі Римнің құрсау-құлдығынан қан жоса болып құтылған азаткер халықтардың өздерін азапқа салған Юлий Цезарьдың жеңістерін бірге тойлағаны сияқты жөнсіздік болып шықпай ма?!
«Уралап» ұрандатып, жалаулата беру кімге пайдалы?
Реті келгенде бірден басын ашып айтатын нәрсе, 1941-1945 жылдардағы фашизмге қарсы күресте жеткен Ұлы Жеңістің саяси-тарихи-әлеуметтік зор маңызына күдік келтіріп, күмәнмен қараудан аулақпыз, әрине. Жеңістің қандай да бір маңызын бұрмалап түсіндіру «цинизм» екені даусыз. Дегенмен, басы жоқ, көзі жоқ «ура-уралап» ұрандатып, жалаулата беру қашқанның да алдында, қуғанның да алдында болар қазақы алаңғасырлықтың немесе кезекті науқаншылықтың көрінісі емес пе?! Ең негізгісі бұрынғы КСРО-ны, енді қайтып оралмайтын қызыл империяны, оның қазіргі бірден-бір мұрагері Ресейдің «ұлылығын», «жеңілмейтін жеңімпаз халық» екенін насихаттау (Мысалы, «За великую Россию», «страна победителей и покорителей» деп ұрандататын — Б.Ш.) кімге және неге керек болып отыр?
Жасыратыны жоқ, солтүстік көршіміздің соғыс тақырыбына түсірген кинофильмдеріне қарап отырсаңыз, ұлы державалық арманнан бас тартпаған, қайта соны үдете түскен салқын да зұлым саясаттың исін сезінесіз. Сенбесеңіз, бір ауық 1939-1945 жылдарда өткен соғысқа арналған ресейлік кинокартиналарға назар аударыңызшы, орыстан басқа ешкім қан кешпегендей, орыстан басқа ешкім ерлік істер көрсетпегендей әсерде қаласыз. Мұндайда бәрінен бұрын балалардың алдында ақталу қиын. Соғысты тек оқулықтардан оқып, кинолардан көріп өскен бүлдіршіндер «Ұлы Отан соғысында фашизмге қарсы тек орыстар ғана соғысқан ба? Әйтпесе, Ресейден көрсетілетін фильмдердің ішінде қазақтардың бейнесі неге жоқ? Әлде славяндардан басқа халықтар соғыспаған ба? Майданда ерлік көрсетпеген бе? Аталарымыздың «қасық қанымыз қалғанша соғыстық» деп жүргендері өтірік болғаны ғой. Сонда олар майданда жүрмесе, қайда жүрген?» деп сұрай қалса, не деп жауап береріңді білмей қиналатыныңыз анық қой. Өйткені ресейлік кинокартиналардан кейбір эпизодтарда ғана бірлі-жарым өзбек, не грузиннің бейнесі сопаң етіп көрініп қалатыны болмаса, өзге ұлттардың бірде-бір бейнесін көрмейсіз. Ал осы сұрапылда өзінің үштен бірінен айырылған, нешебір жанқиярлық ерліктердің үлгісін көрсеткен қазақ жауынгерлерінің бейнесі мүлде жоқтың қасы… Сонда қазақтар соғыспаған ба, әлде соғыста ерлік істер көрсетпеген бе? Қалай десек те, осынау ресейлік киноөнімдерінің көзқарасы бойынша тәрбиеленіп ержеткен өскелең ұрпақ «фашизмді жеңген шынында тек орыс халқы екен, қалғандарынікі сандырақ әрекет екен» деген жалған насихаттан туындаған жалған ойға иек артпауға әдді де, амалы да жоқ.
Фельдмаршал Паулюсті тұтқындаған қазақ
Айтқанымыз сылдыр сөз болмас үшін, мысалдармен дәлелдейік. «Майдангер әскерлер» кітабында 1943 жылғы Сталинград шайқасында тұтқынға түскен неміс фельдмаршалы Паулюстің (оны қазақ офицері Өтебай Қалыбайұлы тұтқынға алған — Б.Ш.) күнделігінен үзінді жариялапты. Осы күнделікте қанша ақсүйек фашист болса да, фельдмаршал қазақтарға әділ бағасын берген екен.
«…Көсемдерінің атындағы қаланы біздің қарсыластарымыз жанын сала қорғады. Өліспей беріспеуге бел буғаны әр сәт сайын білініп тұрды. Соғыстың бір қызған уақытында алғы шепке жіберілген менің солдаттарым кенет қатты састы. Өйткені орыстар қайдан тапқаны белгісіз, әлде биологиялық жолмен сұрыптап шығарған ба, бет-әлпеттері орысқа ұқсамайтын, бітім-болмыстары да өзгеше, көздерінен от шашқан қарсылас жақтың окобынан атып шығып, төпеп тұрған оққа қарамай, баса-көктеп біздің плацдарымды басып алды”.
Бұл негізінен қазақ жауынгерлерінен құралған баршаға белгілі Талғар полкі еді.
Осы орайда тағы бір мысал. Белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верт өзінің «Ресей 1941-45 жылғы соғыста» деген ғұмырбаяндық кітабында азиаттар туралы былай жазады:
«…Қызыл армияның тобындағы солдаттардың бірі қазақтар болды, тұтас алғанда, қазақтар бүкіл соғыс барысында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті Сталинград шайқасында да ең өжет жауынгерлер қатарында азиаттар — қазақтар мен қырғыздар тұрды» («Прогресс» баспасы, Мәскеу, 1967 ж.) Сол сияқты 1941 жылдың қазан айында жарық көрген «Правда» газетінің бетінде «Қазақтар» деген жұртты елең еткізген мақала жарияланды. Бұл шын мәнінде қазақ жауынгерлерінің өжеттігін әлемге танытқан, танытып қана қоймай, соғыста өздерімен санасу керектігін ұғындырған сенсациялық жариялым еді. Мақала Мәскеуді бір қадам да артқа шегінуді білмей жанқиярлықпен қорғаған 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизия жауынгерлерінің ерлік істері туралы болатын. «… Олар салт атпен далада еркін жүруге үйренген, егер қажет болған кезде еңбектей де алады, таулы жерде шыңға да өрмелейді, батпақты жер болса, белуардан саз кешіп те жүре береді. Әйтеуір, қазақтарды еш нәрсе тоқтата алмайды», — деп жазды осы мақаласында И. Эренбург.
Сенесіз бе, соғысқа Қазақстаннан дәл қанша адам қатысқаны арадан 70 жыл уақыт өтсе де, әлі күнге нақты белгісіз. Кеңес дәуіріндегі ресми деректерде соғысқа 1 млн. 200 мыңнан астам адам қатысқан, оның әрбір екіншісі, 650 мыңы оралмаған деп жазып келген болатын. Бірақ 2005 жылы еліміздің елшілігінің ұйымдастыруымен алыс Беларусь жерінде шығарылған «Қазақстан — Беларусь: Боевое братство» атты кітапта соғысқа алынғандардың саны 1 млн. 400 мың адам, халықтың бестен бірі деп көрсетті. Бұл да ештеңе емес, кезінде еліміздің Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Қырымбек Көшербаев (қазір Қызылорда облысының әкімі — Б.Ш.) мырза белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезовпен жүргізген телесұхбатында соғысқа тартылған қазақстандықтардың санын 1 млн. 600 мыңға жеткізсе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы «майданға 1 млн. 700 мың адам аттанды, Қазақстан халқының төрттен бірі» деп кесіп айтқаны есімізде. Қайсы дерекке ден қоймақ керек? Белгісіз. Бір сөзбен әлі жүздеген мың қазақстандық майдангерлердің соғысқа қатысқаны, не қатыспағандығына күмәнмен қарауға тура келеді. Оның ішінде қазақтың қаншама есіл ерлері бар десеңізші!..
Соғыста боздақтарын ең көп жоғалтқан — қазақ халқы
Енді назарыңызды мынадай бір арифметикаға аударайық. Әскери тарихшылардың мәліметінше, соғыста 27 миллиондай Кеңес жауынгерлері опат болды деседі. Біздіңше, бұл да соңғы нәтиже емес, уақыт өте келе бұл көрсеткішке де өзгеріс енетініне менің ешқандай күмәнім жоқ. Оның ішінде орыстар жалпы халқының 6 пайызынан айырылса, украиндар 8 пайызын, ал беларусьтер 10 пайызын жоғалтыпты. Бұл жаппай «адамды адам өлтіру ойыны» жүрген елдер сахнасындағы көрсеткіш. Ал соғыс сахнасынан тыс «айдалада жатқан» қазақ өзінің 394 мың боздағынан айырылып, барлығы 43 пайыз халқын жоғалтқан. Бұған не деуге болады? Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз «саяси ойын» қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір қазақ отбасы қалмаған-ды. Тіпті, бір отбасыдан әкесі, баласы болып 5-6 азамат майданға аттанған мысалдар да көп кездеседі.
Тағы да қатал сұрақтар кесе көлденеңдейді: қазақтардың басқа ұлт өкілдеріне қарағанда, көп өліп, көп жапа шегуінің сыры неде? Шайқаста көп ерлік істер жасаса да, Батыр атағын алғандардың аз болуының себебі ше? Сондай-ақ, азиаттарды алалаудың астарында қандай сыр бар? «Аз» халықтарды бұлай қорлағанда орыс Кеңес қолбасшылары нені көксеген?
Айтып өтейік, Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес Одағы Қарулы күштер қатарында 143 ұлттың өкілдері неміс-фашист басқыншыларына қарсы иықпа-иық қатар тұрып шайқасыпты. Өз Отанын қорғау үшін бір мемлекет әскерінің құрамында бір мезгілде дәл мұншама ұлт өкілдерінің болуы дүниежүзілік соғыс тарихында бұрын-соңды кездеспеген оқиға екен. Осы мәселемен айналысатын тарихшы ғалымдардың (Т.Көлбаев, З.Темірғалиұлы, Г.Меңдіқұлова т.б.) дәлелдері бойынша, олардың бірнеше себептері бар. Бірінші себеп — кеңес әскери қолбасшылары әскер қатарына негізінен азиат нәсілді халықтарды көп тартуды алдын ала жоспарлаған. Осы науқанның ішінде қазақтар бірінші кезекте ілігіп кеткен. Өйткені соғыс алдында Қазақстандағы әскери комиссарлардың барлығы дерлік орыс ұлтының өкілдері (ұлты қазақ комиссарлар небәрі екеу ғана болыпты) болып, олар отансүйгіштік қасиеті жоғары майданға өздері сұранған қазақ жасөспірімдерін жасына қарамай, топ-тобымен батысқа жөнелте берген екен.
Екінші себеп — майданға алынған азиаттардың көпшілігі орыс тілін білмеген, не шала-шарпы игерген. Сосын командирлердің орыс тілінде берген бұйрықтарын түсінбей не қару-жарақ құралдарын тиісінше меңгере алмай, әбден қиналған.
Үшінші себеп — азиаттарды, яғни қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, тәжік, құмық, башқұрт, саха, әзірбайжан т.б. түрік — мұсылман халық өкілдерін мылтықпен, оқ-дәрімен басқалардың (мысалы, славяндардың) ең соңында жабдықтап отырған, көп жағдайда оларға екеуара, кейде үшеуара бір винтовка ғана берген жағдайлар да кездескен. Мысалы, 106-шы Ақмола ұлттық атты әскер дивизиясының көпшілігі қазақтар болыпты. Оларды соғыс өнеріне үйретілмегені былай тұрсын, жөні түзу қару-жарақпен де қамтамасыз етілмепті. Бұл дивизия Харьков түбіндегі текетірес ұрыста қоршауда қалып, түгелге жуық қырғынға ұшырайды. Неге? Өйткені дивизиядағы 3200 жауынгерге 3100 жалаң қылыш қана (мылтық емес) беріп, немістің бронды танкілеріне қарсы айдап салған ғой!..
Төртінші себеп — әскери мобилизация бойынша әскер қатарына алынып, майдан даласына жіберілгенге дейін азиаттарға тамақ берілмеген. Тамақтың жетіспеушілігінен арып-ашығып, пұшайман халге түскен. Мұның себебі азиаттарды нағыз «қызыл әскер» ретінде есептемеген, оларға «сенімсіз халықтар» қатарында екінші стандартпен қараған. Бесінші себеп — ұрыс даласында жараланған азиаттарға көмек көрсетілмеген. Қазақ жауынгерлері ұрыс даласынан тірі әкелінсе де, емдеу пунктіне қабылданбаған. Қабылданса да басқа, әсіресе орыс, славян нәсілді халықтардан кейінгі екінші кезекте ғана қабылдауға бұйырған. («Егемен Қазақстан», 8 мамыр 2010 ж). Мұндай тұрпайы әділетсіздікке шыдамаған қазақ, басқа да азиат нәсілді командирлерге (олардың көпшілігі кіші шендегі командирлер болатын — Б.Ш.) «ұлтшыл», «пантюркист», «ұлтаралық жанжалды қоздырушы» деген жала жауып, аяғы әскери трибуналға дейін жеткен мысалдар да жеткілікті. Бір мысал, 100 бригаданың санитарлық ротасының командирі Ізтілеу Наурызғалиев жоғарғы шенді орыс командирлері тарапынан болып жатқан осындай әділетсіздікке шыдамай, өзін-өзі атып тастаған екен («Түркістан», 3 мамыр 2012 ж.). Алтыншы себеп — ең бастысы және негізгісі — шовинистік пиғылдағы әскери қолбасшылар азиаттарды алдыңғы шептегі ауыр да қиын операцияларға бірінші кезекте салып отыруды міндеттеген. Оларды өз бұйрықтарымен ажалға аттандырып отырғанын алдын ала білген. Соның кесірінен алапат шайқастың сақырлап қайнаған қазанына түскен азиаттар эшалон-эшалонмен жұтылып кетіп отырған. Соғыс туралы жазылған деректерге мұқият зер салсаңыз, майдан даласында азиат нәсілді жауынгерлердің өліктері тау-тау болып үйіліп қалғандығына көзіңіз жетеді. Бұл аз десеңіз, кілең қылмыс-керлерден тұратын айып батальондары құрамына қазақ жастарын байқамағансып, немесе соғыс уақытының қатаң заңын желеу етіп қосып жіберіп отырғандығы туралы да деректер ұшырасады. Ал орыс-славян нәсілінен жасақталған ұлттық құрамаларды ұрысқа әрдайым екінші кезекте кіргізіп отырған. Есесіне, абырой атақ, даңқ пен дақпырттың бәрі соларға бұйырған. Орыс ұлтынан Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алғандардың көп шыққандығының (8900) бірден-бір себебі — осы. Әрине, бұлай дегенде орыс солдаттары ерлік істер жасай алмайды, оған ерік-жігері жетпейді деуден аулақпыз. Алайда Кеңес Одағындағы жетекші ұлт ретінде олар жоғары қолбасшылар мен генералитеттің ерекше қамқорлығында болғанын жоққа шығара алмасақ керек. Қалай десек те, мұны әскери қолбасшылардың «көрегендік тактикасы еді…» деу қиын.
Ойдан шығарылған «қаһарман» геройлардың күлі көкке ұшты
Орыс Кеңес идеологтары неше түрлі әдіс-айланы, ойдан шығарылған «аңыздарды» ойлап тапты, неше түрлі «қаһарман геройларды» қолдан жасады. Мысалы, шабуылға көтерілген Кеңес жауынгеріне өлім сеуіп жатқан жау дзотын кеудесімен жауып, өшпес ерлік жасаған «орыс ұлтының қаһарман ұлы» Александр Матросов туралы «қиял-ғажайып аңызды» ойлап тапты. Сөйтсек, Кеңес тарихшылары жазып келгендей, Александр ешқандай да Саша Матросов емес екен, «орыс ұлтының қаһарман ұлы» да емес екен. Соңғы зерттеулер делелдеп отырғандай, ол бөрілі байрақты көктүріктің бір бұтағы — башқұрт халқының ұланы Шакирьян Мухаматьянов (қазақшасы Шәкіржан Мұхаметжанов — Б.Ш.) болып шықты. Орысты керемет етіп көрсеткісі келген Кеңес идеологтарының өтірігі «өткен ғасырдың 50-жылдары «күтпеген жерден» ашылып қалды. Ол — ол ма, айналасына ажал оғын сеуіп жатқан жау пулеметін кеудесімен алғашқы болып жауып, ерен ерлік көрсеткен батыр Шәкіржан емес, қазақ жауынгері Боран Нысанбаев болатын. Алайда оның ерлігі орыс генералитеті тарапынан ескерілмеді, лайықты бағасын алмады. Осы орайда тағы бір мысал. Орыс генералитеті мен насихатшылары Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен орыс Егоров пен грузин Кантария деп әлемге жар салды. Алайда мұның да алдын ала тыңғылықты ойластырған қолдан жасалған қойылым, ойдан шығарылған «аңыз» екені соңғы уақытта мәлім болып жатыр. Шын мәнінде, Жеңіс туын Рейхстагқа бірінші болып тіккен қазақ офицері Рақымжан Қошқарбаев пен татар жауынгері Григорий Болатов еді. Екеуі де азиат халқының өкілдері болатын. Оқырманның есінде шығар, ұлттық мәселедегі дәл осындай сценарий 1979 жылы басталып, табаны күректей он жылға созылған орыс-ауған соғысында қайталанғанын немен түсіндіруге болады?! Қалай дегенде, кеңістік идеологияның жымысқылығы, екіжүзділігі, нәсілшілдігі, «аз» халықтарды менсінбеушілігі, менмендігі, өзімшілдігі, астамшылдығы, зұлымдығы, басқа да түрлі сұмдықтары бүгінде ашық айтылып жатыр.
Бір нәрсе анық. Ресей соғыстың шындығы туралы мұрағатын әлі толықтай ашқан жоқ. Әсіресе ұлттық құрамалар мен бригадалар жөніндегі құжаттарды қатаң бақылауда ұстап отыр. Жұртшылық Ұлы Отан соғысы кезінде болған жағдайларға Ресейдің ақпараттың насихаты мен киноөндірісі арқылы қанығуда. Әрине, бұл өтірігі мен жаласы, жасандылығы мен жалғаны көп насихат.
105 батыр — 105 көзсіз ерлік — 105 фильм…
Мына қызыққа қараңыз. Ұлы Отан соғысы жылдары «оңтүстік астанамыз» Алматы киноөндірісінің ошағына айналғанын біреу білсе, біреу білмейді. Соғыс жылдарындағы киноленталардың барлығы дерлік осы қалада түсірілген екен. 1941 жылы соғыс басталғанда КСРО Кинокомитеті басшылығының өтінішімен «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары сол кездегі Қазақстанның бас қаласына көшіріліпті. Кейін бұл екі студияны Алматы киностудияларымен біріктіріп, Біріккен Орталық киностудия мекемесін құруға шешім қабылдаған. Мінеки, соғыс жылдарында КСРО-да түсірілген кинолардың 80 пайызы ел аузында ЦОКС (Центральная объединенная киностудия) аталып кеткен осы студияның жемісі.
Алайда Қазақ елінің астанасы Алматы қаласы кино өндірісінің ошағына айналған уақыттың өзінде мұнда қазақ жауынгерлері, олардың майдандағы ерлік істері жөнінде бірде-бір фильм түсірілмепті. Түсірілсе де, саусақпен санарлықтай ғана еді. Қарап отырсаңыз, қазақ жауынгерінің соғыстағы ерлігі сол кездің өзінде дискриминацияға (қысымға) ұшырап, ескерусіз қалып отырған. Сонда бізде мақтаныш етер майдан қаһармандары жоқ па? Болғанда қандай! Шындығында, отаншылдық рухы жоғары қазақ жауынгерлері майданның барлық шебінде жанқиярлықпен соғысты. Оның 105-і “Кеңес Одағының Батыры” деген ең жоғары атаққа ие болып, аттары аңызға айналып оралды. Енді қараңыз: 105 батыр — 105 көзсіз ерлік 105 фильмге арқау боларлық жүк емес пе?! Әрине, бұлай дегенде бізде соғыс туралы мүлде кино түсірілмеген екен-ау деп ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Бұл ретте КСРО кезінде белгілі режиссер Мәжит Бегалиннің қолтаңбасымен түсірілген Мәншүк Мәметова туралы «Мәншүк туралы ән», даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы «Ел басына күн туса…», қырғыз режиссері Болатбек Шамшиев түсірген Әлия Молдағұлова жайлы «Мергендер» фильмін айтып өтуге болады. Бұлардан бөлек орыс режиссері Александр Карпов қойған «Ана туралы аңыз» фильмі бар.
Осы көрсетілген фильмдерден басқа бізде не бар? Тәуелсіз ел болғанымызға да жиырма бес жыл өтті, «Қазақфильм» II дүниежүзілік соғыстағы қазақ баласының ерлік істерін паш ететін қандай жаңа туындылар ұсынды? «Бауыржан батыр», «Қасым» сияқты бірен-саран киножурналдар болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай туындылар жоқ.
Ресей телеарналары биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай, Ұлы Жеңістің аясында соғыс туралы фильмдерді көп көрсетті. Жоғарыда айтып өткен көркем туындыларды есептемегенде, биылғы Жеңістің 70-жылдығына арналған бірнеше жаңа картиналарды дүниеге әкеліпті. Мәселен, бұл орайда «Севастополь үшін шайқас», «Диверсанттар», «Апостоль», «Қырым үшін шайқас» көрсетілімдерін атап өтуге болады. Бұл киноөнімдерден қазіргі саясаттың исі аңқып тұрғанына қарамастан, көрермендер қызыға тамашалағанын көрер көз көрді. Бәрі бәз баяғыша, олардың көрсетулерінде орыстар — «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» батыр, «жоғары адамгершілік рухпен қаруланған» азаткер, «жаудан беті қайтып көрмеген» жеңімпаз, қарудың барлық түрімен атқылап, бомбының астына алып жатса да оқ өтпейтін» жасампаз, немістер — қорқақ, қорқау, қатыгез, ақымақ. Ал азиаттардың бейнесі мүлде жоқ.
Сонымен, біздің отандық көгілдір экранымыз қазақтың қарадомалақтарын қай елдің киноөнімдерімен, қай халықтың көзқарасымен, патриотизмімен, қаһармандарымен тәрбиелеп жүр? Азиаттарды алалаудың ақыры бола ма, болмай ма? Болса, бұл алалау қашан аяқталады?!.
Болат Шарахымбай