1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне биыл 100 жыл толады. Осының қарсаңында тәуелсіз елімізде атаулы тақырып аясында әлі күнге тарих ғылымы саласындағы мамандарымыз ортасында бірде-бір рет ғылыми конференция ұйымдастырылмапты. Ең алғашқы өтілер конференция Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) тарапынан алдағы маусым айына жоспарланыпты. Әрине, ҚРҰҒА-ның тарих институтының директоры Хангелді Әбжанов мырзаға бұл үшін рақмет айту керек шығар. Өйткені мемлекет бюджетінен бұл тарихи оқиғаны өткізуге бір тиын да бөлінген жоқ. Осындайда тығырықтан жол іздеп, еліміздің тарих саласының марқасқасы Талас Омарбеков мырзаға барып жолыққан едік. Ол кісінің пікірінше, бұл мәселеге байланысты қоғамда қандай да бір қөзқарас әлі қалыптаспаса керек. Сол уақыттағы 3 миллионға жетпейтін қазақтың 100 мыңға жуығы қырылып, Ресейді 300 жыл билеп, іріп-шіріген Романовтар әулетінің тақтан тайдырылуына себепкер болған бұл көтеріліс, арада 100 өтсе де, қоғамда әлі нақты бір қөзқарасқа ие болмапты. Дегенмен, сол көтерілістің негізінде қайта орнаған қоғамға өзіндік үлесін қосқан Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 100 жылдық мерейтойын, еліміз ЮНЕСКО-дан ұялғанынан атап өтуге кейбір алғышарттар жасап жатыр. Ұлы Әлиханды ЮНЕСКО-ға танытқан ұлтжанды қазақ — Сұлтан Аққұлұлы бауырымызға алғыс айтамыз. Талас Омарбеков ағамыз “Ә.Бөкейханов басында, босқа қырылып қалмауды ойлап, көтеріліске қарсы болғанымен, 1926 жылғы қаламынан туған бір еңбегінде 1916 жылғы көтеріліс болмаса, мұндай нәтижеге жетпес едік” деп мойындағанын есіне алады. Кейбіреулердің пікірінше, Қазақстан мен Орта Азияны отарлау саясаты кезеңіндегі болып өткен қатыгездіктермен төгілген қанның өтеуін сұрау болып табылатын бұл көтерілістің зерттеліп, жарыққа шығуы ертең ұлттық кикілжіңдерге апарып соғуы мүмкін екен-мыс. Оның ар жағы Қазақстан — Ресей қарым-қатынасына тиер зияны болуы мүмкін деген баяғы жалпақшешейліктен әлі де арыла алмау бар. Турасын айтқанда, қалыптасқан құлдық сана. Иә, бұл тақырыпты ашу үшін, оның алдындағы болған, кемінде 100 жылдық тарихтың бүге-шүгесіне нақты зерттеу жүргізу керек екенін түсінген көптеген ғалымдар мұны ауырсынып, арқалауға батылдары бармаған. 100 емес, тіпті Алтын Орданың қылышы сынған 14 ғасырдан бастау керек. Арыдан бастамаса да, сол көтеріліс өткен 1916 жылдың айналасын-ақ қаузап, қырғыз ғалымдары екі-үш жыл бұрын іске кірісті. Көршілердің бұл тақырыпқа байланысты әр жоғары оқу орындарына, қалаларына бөліп-бөліп, апта сайын конференциялар өткізіп жатқанының куәсі болдық. Тәуелсіз дәуірімізде жүйелі түрде зерттелуі енді ғана қолға алынған бұл тақырыптың конференцияларсыз, дискуссияларсыз жете зерттелінуі, талқылануы мүмкін бе? 1916 жылы Түркістан аймағындағы 5 облыстың біреуі Жетісу облысының, Жаркент уезіндегі қазақтардан қырылған 40 мыңға жуық көтерілісшінің аруағын сыйлап, тек Алматы облысының бюджетінен, бұрынғы көтеріліс ошағы орналасқан, бүгінгі Райымбек ауданына азғантай қаржы бөлінетіні туралы қуанышты хабар бар. Ал сол кездегі Жетісу облысы аумағына кірген осы күнгі Балқаш, Қаратал, Ақсу, Сарқан, Жамбыл, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ ауданы аумағында құрбан болған бабаларымыздың жоғын жоқтайтын ұрпақ-тары қайда? Іздеушілері жоқ екен деп, ол жерлерді ұмытсақ, тірі жүрген басқалардың арына кір келмей ме? Өсіп келе жатқан саналы ұрпақ алдында не деп жауап береміз? Бұл тақырыпты нақты, жүйелі түрде зерттеп, бүгінгі білім саласының қазанына қайнатып, таза піскен жеміс күйінде мектеп оқушыларының бойына сіңірсек, болашақ саналы ұрпақ қалыптастырудың негізі қаланар еді. Сондықтан бөлінген осы азын-аулақ қаражатты тиімді пайдалану — басты міндет. Елімізде осы тақырып аясында еңбек сіңірген тарих саласы мамандарының маңдайларын тағы бір кезек терлетіп, 1916 ж. Ұлт-азаттық көтерілісі аясында тереңдетілген зерттеу жұмыстарын жасатып алуымыз керек. Жетісу облысындағы көтерілістің өзге жерлердегі көтерілістерге қарағанда көптеген өзгешеліктері бар. Оқиғаның өткеніне 100 жыл өтсе де, салдары мен зардаптары жергілікті әлеуметтің мінез-құлықтарына кері әсері әлі де бар. Жалпыға бірдей болып көрінетін бұл көтеріліс сол кездегі Әулиеата, Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстарынан гөрі, Жетісу облысының халқына алапат зардаптар әкелді. Ең көп зардап шеккен Жетісу облысы түгілі, жоғарыда аталған аймақтардың шығындары әлі күнге нақты есептелінген жоқ. Мысалы, Жетісу облысындағы көтерілістің нақты зерттелмеуі қоғамдағы түрлі әлеуметтік шиеленістерге әсер етіп отыр. Кеңес империясы кезінде ең көп шығынға ұшыраған Жетісу көтерілісі ешбір тарих оқулықтарында жазылған жоқ. Әрбірден кейін, өмір сүріп отырған қоғам өз тарихын білуі міндетті емес пе? Тарих білімінің маңыздылығы жөнінде неміс философы Эрнст Трёльч: «Тарихи білім беруді және тарихты білуді тоқтату — варварлыққа бастар жол», — деп көрсеткен болатын.
Осы көтерілістің әсерінен Ресейде екі бірдей билік ауысып, кейінгілері (большевиктер) өздерінің әрекеттерін ақтап алу мақсатында бұрынғыларын (Николай 2-ші, Уақытша үкімет) қоса жамандап, көптеген тарихи еңбектерді жарыққа шығарып кетіпті. Большевиктер үкіметі кезінде жарыққа шыққан И.Чеканинский, П.Галузо, Божко, Брайнин, Шафиро сияқты мамандардың еңбектері әлі маңыздылықтарын жойған жоқ. С.Асфендияров, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Г.Сапарғалиевтардың осы тақырыпқа жазылған еңбектерінің мазмұндарынан көп мағлұмат алуға болады. Алайда бұл ғалымдардың ешқайсысы Жетісу көтерілісінің ішкі өзегін ашып көрсете алмаған. Жетісу көтерілісінің жойқын болуының себебі, ол жердегі халықтың, біріншіден, ынтымағында, екіншіден, пан-түріктік, Түркістан идеяларымен біте қайнасып жатуында еді. Сондықтан жазалаушы әскердің негізгі күштері де Жетісуға бағытталды. Жетісу көтерілісін басу үшін әскердің көп тартылғаны соншалық, Орта Азиядағы әскерге қосымша Орынбор, Саратов, Сібір облыстарынан әскер шақыртылыпты. Ал сол Жетісудың шын мәніндегі көтеріліс басшылары зерттелді ме? Азып-тозып арғы бетке — Құлжаға өткен мыңдаған аштарды жарты жыл бағып, 50 тиынға 1 қой сатып алатын уакыттарда, өз қалтасынан 35 мың сом ақша жұмсап, басқаларға үлгі бола білген Хасен қажы Мұсабаев сияқты “Атымтай” жомарттардың ұрпақтарын тауып, бабалары үшін алғыс айта алдық па?
Биылғы жылы тамыз айына белгіленіп отырған Райымбек ауданы Қарқара жайлауында өтетін еске алу шарасына қызу дайындық жүріп жатыр. Шартараптағы алаш баласына сауын айтылады.
1912 жылы Қырғыз жерінде 3000 үй тігіліп өткізілген Шабданның асын бес баласы-ақ атқарыпты.
1916 жылғы құрбандарды еске алу шарасына үлкендеріміз Жалайыр, Қаңлы, Бәйдібек тұқымы, Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Қыпшақ, Уақ, Тарақты, Қожа, Сунақ, 25 арыс Кіші жүздің ақсақалдары түгелдей қалмай намазға тұру — ата-бабалар аруағы алдындағы перзенттік парызымыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды».
Бақытжан Мергенбаев