Ресей отаршылдығының патшалық дәуірі: Кез келген тарихи құбылыстың алғы шарттарын ашып алмай, оның себебін табу мүмкін емес. Осы орайда, астына жараулы ат мініп, иығына жарақты қару асынып, айбатымен жаһанды тітіркенткен көшпенділер дәуірінің келмеске кетіп, XVII-XIX ғасырларда әлем тізгіні «отқаруға» сүйенген еуропалықтардың қолына толық көшкенін алдымен атап өткен абзал. Англия, Франция, Испания, Португалия сияқты азулы батысеуропалық конкисаторлар өз «олжаларын» әлемдік мұхит жағалаулары мен алыстағы жаңа құрлықтардан іздесе, сол Еуропаға «терезе ашып» берген Ресей патшасы 1 Петр өз елінің олармен бәсекелесуге қауқарсыздығын түсініп, бұл қауіпті саясаттан уақытша бас тарта тұруына тура келді. Алайда әрекетсіз жатуға тағы болмайтын еді. Ресей империясы Үнді мұхитына апаратын төте жолды іздеп жанталасты. Ал Үнді мұхитына апаратын бірден-бір «төте қақпа» Қытай мен Ресей аралығында жантайып жатып алған Қазақ даласы мен Орта Азия болатын.
«Жабайыларды жабайыларға» айдап салу қырғыны
Алысты көздеген орыс билігі енді осы аймаққа «көзін аларта» бастады. Көз аларту бар да, оны жүзеге асыру бар. Егер ол ұзақ жылдарға есептелген, көп күш-жігерді сарп ететін кешенді саяси мақсат болса ше?.. Не істеу керек? Әрине, ең бастысы көздеген мақсаттан бас тартпау керек. Осындай империялық көзқараспен қаруланған Ресей алдымен Аюке бастаған қалмақтардың бір бөлігін өз жағына тартып, оларды басынан бақайшағына дейін мұздай етіп қаруландырды да, 1723 жылы қазақтарға айдап салды. Ұзаққа созылған соғыста қазақтардың үштен екісі қырғын тапса, қалмақтар жер бетінен мүлде жойылып кете жаздады. Қазақтар ес жинап, қарсы шабуылға шығып, жау қолында кеткен жерлерді бірінен соң бірін босатып ала бастағанда әккі Қытай кеше ғана қолтығына су бүркіп, қару-жарақ беріп, көмектесіп келген қалмақтарды алдынан тосып алып, еңбектеген баласынан еңкейген шалына дейін аяусыз жусатып салды. Бұл Қытай билігі тарапынан саналы түрде жүзеге асырылған нағыз қан-қасап геноцит болатын.
Сондағы мақсат не? Мақсат жерді қалмақтардан босатып, орнына келімсектерді орналастырудан басқа ештеңе де емес еді. Яғни екі империяға да керегі шұрайлы жаңа жер болатын, ал «бұратана» қазақ пен қалмақтың оларға түкке де керегі жоқ еді. Ал Ресейге келсек, қалмақ қолы ойсырай жеңіліп, қазақ жерінен шегіне бастағанда, енді бұлт етіп басқа өңге ене қояды. Сөйтіп, қазақтарға жылы қабақ танытқансып, қарым-қатынасын күрт өзгертеді. Есесіне бір кезде бауырына тартып, Еділ мен Жайықтың арасын «сыйға» берген қалмақтарды өзінің саяси мақсатын жүзеге асыруда олардың әскери күшін Қырым, Азау, Астархан, Ноғай хандығы мен башқұрт, қазаққа айдап салып, тіпті Степан Разин бастаған Дон казактарының көтерілісін қан-жоса етіп басуға пайдаланып, түпкі ойларын жүзеге асырып алған соң, енді қажетсіз болып, керісінше өз бүйірінен қадала бастаған Қалмақ хандығының көзін жоюды ойластыруға көшті. Осы мақсатта Еділ қалмақтарын шоқындырып, орыстандыру арқылы ассимиляцияға түсіруге байланысты 1728 жылы патшаның арнайы жарлығы дүниеге келген. Бұл талапқа көнбеген қалмақ сарбаздары орнынан тік көтеріліп, ата қонысы Жоңғар жеріне қарай қайта бағыт алғанда жолай оларды қазақтардың қолымен «кек алуды» да естен шығармады. Осылайша қазақ пен қалмақты бір-біріне айдап салып, екі халықты да әлсіретіп алған соң, ақырын жылжып ұлы далаға сұғына кіріп, отарлауды бастады. Бұл деректерден қандай ой түйеміз? Патшалық Ресейдің «жабайыларды жабайылардың» қолымен от көсеп, тұншықтырып, жусатып, ақыр соңында түпкілікті отарлау саясатына мейлінше мән беріп, соған айрықша иек артқанын көреміз. Ақыры, «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» (1723-1727 ж.ж.) әбден әлсіреп, әлі есін жинай алмай жатқан бүтін қазақтың үштен бір бөлігін (кіші жүздің билеушісі Әбілқайыр ханмен астыртын сөз байласу арқылы) 1731 жылы өзіне «қосып» тынды. Әрине, кіші жүздің «өз еркімен Ресейге қосылуы» бүкіл қазақ ұлысының тізе бүгуі деген сөз емес еді. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтары орыс отаршыларына табанды қарсылық көрсетті. Яғни 1731 жылы басталып, 1865 жылы шілде айында Ташкентті алумен аяқталған Ресей империясының тұтас қазақ жерін әскери күшпен жаулап алуы аз да, көп те емес, тура 134 жылға созылды. Одан кейінгі жүз жылдан астам уақыт бойы өз білгенінше билеп-төстеп, икемге келгенін шоқындырып, орыстандырып, көнбегенін қырғынға ұшыратып, қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуге бағытталған отарлаудың ресейлік кезеңі осылай басталған болатын.
«Бөлшек те де,
билей бер!»
Енді назарды мынадай бір мәліметке аударайық. Ресей императоры ІІ Александр қазақтар арасында ел билеу жүйесінің жаңа ережесін енгізу жөніндегі жарлыққа 1862 жылдың 5 шілдесінде қол қойғаны тарихтан белгілі. Арадан жетпіс сегіз жыл өткен соң КСРО-ның билеушісі И.Сталиннің нұсқауымен қазақтарды интернационализм рухында бірізділендірудің (шын мәнінде орыстандыру бағытында — Б.Ш.) большевизм идеясына лайықталған (социализм дәуірі) жаңа бір ережесі дүниеге келді. Яғни КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Президиумы 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латынданған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдады.
Бір қарағанда, уақыт жағынан көп қашық жатқан, бір-біріне мүлде қатысы жоқтай көрінетін осы екі оқиғаның арасында қандай байланыс болуы мүмкін дерсіз?.. Алайда екеуі екі басқа тарихи дәуірлерге тиесілі осы даталардың арасында болып өткен тарихи оқиғалар мен құбылыстарға мұқият зер салған адам, осы екі ереженің арасында жай көзге көрінбей тұрған қандай да бір байланыстың бар екеніне көз жеткізер еді. Тек оған мұқият зер салмақ керек. Олай болса, бір-бірімен тығыз байланысты осынау оқиғаларды жүйе-жүйесімен баяндап, көп жылдар бойы ұйқыда болған қазақ жадын оятуға тырысып көрейік.
Империя қандай айлакер болса да, Ұлы даланы еркін шарлаған асау халықты бірден өзіне бағынышты ету оңай шаруа емес екенін орыс отаршылары бірден түсінді. Сөйтіп, дипломатиялық түлкі бұлаңды қолдана отырып, алдымен қазақтың ел билеу жүйесі мен рухани дүниесіне қанға былғанған сұғанақ қолын ақырындап сұға бастады. Бұл әрекет, әсіресе, олардың әкімшілік басқару жүйесінде жүргізген реформалары мен экономикалық және идеологиялық жағынан меңгеру жолында қолданған түлкі бұлаң қитұрқы саясаттарынан анық сезіледі.
Отаршылдар қазақтар арасындағы ел билеу жүйесінде қандай реформа жасаса да, бұл шын мәнінде келешекте жергілікті халықты рухани-идеологиялық тұрғыдан бағынышты етуге бағытталған, әрі алысты көздеген, терең ойластырылған өте астарлы да айлалы жолдар болатын. Ғалым М. Мырзахметұлы оның мынадай үш түрлі кезеңін атап өтеді: Бірінші, 1731-1822 жылдар аралығында алдымен біртұтас қазақ жерін үшке бөліп, Қазақ хандықтарын протекторат есебінде ұстау, яғни тең құқықтық тұрғыдан сырттай билеу; екінші, 1822-1867 жылдар аралығында хандық билікті жойып, аға сұлтандық ел билеу жүйесін жолға қою, яғни қазақ жерін көптеген ұсақ әкімшілік-территориялық жіліктерге бөлу арқылы басқару. Мұндағы басты мақсат ел билеудің бұрынғы вассалдық хандық жүйесін өмірден аластату болды. Бұл не деген сөз? Қазақтардың қолындағы саяси биліктің тізгінін алып, бұрынғы хандық биліктегі жерлерді дуандарға ажыратып, бөлшектеуді көздеді. Сөйтіп, әр аймаққа әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдай қалыптастыруға күш салып, олардың бір-бірімен тарихи-рухани байланысын барынша шектеп ұстауға тырысты. Мысалы, Кіші жүз қазақтарының саяси-әкімшілік орталығы Орынбор қаласы деп белгіленсе, орта жүздікі Омбыға қаратылды. Ал Орта Азияны түгелімен жаулап алған соң, оны бес облысқа бөлшектеп, ұлы жүз қазақтарының саяси-әкімшілік орталығын Ташкент қаласы деп бекітті. Осындай саяси-әлеуметтік ахуалдан-ақ Ресей билігінің қазақтарға деген көзқарасы қандай болғанын аңғару қиын емес. Үшінші кезең, 1867 -1817 жылдар аралығында қазақ даласын тұтас жаулап алып, қазақ жері мемлекет меншігі деп жарияланған соң, басқарудың аға сұлтандық жүйесін бұзып, қазақ жерін одан әрі бөлшектеп, енді оны болыстық билікке дейін төмендетілген басқару жүйесіне көшірді.
1867 жылы сәуір айында патшаның өкімімен Орынбор генерал-губернаторлығына бағынышты болып келген Түркістан облысын өз алдына жеке бөліп шығарып, өлкелік әкімшілік аймақ ретінде үшке жіліктеп (орталық, оң қанат және сол қанат) басқаруға шешім шығарды. Алғашында өлкенің орталығы Әулиеата қаласы болады деп шешкен еді, бірақ Шығыс Түркістандағы ұйғырлар мен дүнгендердің империалистік Қытайға қарсы дүрбелеңі шекарадан қашықтау жатқан Ташкент шаһарын таңдауға мәжбүр етті. Дәл осы жылы Ресей патшасы екі бірдей заңға «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Далалық облыстарды басқарудың уақытша Ережелері» (1867 жылы 11 тамызда) және «Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөніндегі Ерекше комитеттің жобасын бекіту туралы» заңға (1867 жылы 23 тамыз) қол қойды. Әрине, мұнда ережені жасаушылар жаңа әкімшілік басқару жүйесін дайындау барысында жергілікті халықтың дәстүрлі басқару институттары тарапынан болатын қауіп-қатерді бір сәтке де естен шығармағаны анық. Осы мәселе жөнінде арнайы зерттеу жүргізген ғалым А.К.Гейнс: «… Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз (қазақ) халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқының өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату болатын», — деп, бұл уақытша ережелердің патша үкіметі тарапынан жүргізілген ел билеу жүйесіндегі әкімшілік өзгерістердің тек отаршылдық мүдде тұрғысынан қолға алынған шара екенін атап көрсеткен.
Патша үкіметінің «жаңа низам» реформаларын жүргізудегі негізгі мақсаты қазақтың рулық билік жүйесін талқандап, елдік тұтастығын жою және ол жүйені орталық үкіметтің қолына жинақтау еді, одан әрі қазақ жерін Ресейдің шекаралас аймақтарымен аражігін білдіртпей қосып жіберу болғанын тарихшылар соңғы кезде ғана сыналап, сипақтап зорға айта бастады.
Рухани құлдық әліпбиден басталады
Қазақ даласын отарлаудың үшінші кезеңінде елдегі саяси-әлеуметтік жағдай мейлінше асқынып, жер-жерде «жаңа низам» деп аталған ережелерді ендіруге қарсы толқындар өріс алды. Өйткені жаңа ереже бойынша бұрынғы сатылап, баспалдақтап ендіріп келе жатқан әкімшілік басқару саясатында шешуші мән ала бастаған жер отарлаумен бірге енді жергілікті тұрғындарды идеологиялық тұрғыдан меңгеру мақсаты жолға қойылған еді.
Отаршылдар өздері билеп-төстеп отырған түркі халықтарының болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-дәстүр ерекшелігін, әкімшілік билеу жүйесін, сенімін, яғни өздеріне қажетті ұрымтал тұстарын терең барлап, зерттей отырып, оларды рухани тұрғыдан меңгерудің стратегиялық негіздері мен тактикалық әдістерін, мақсаттарын белгілеп, соған байланысты саяси қадамдарын да анықтап отырды. Мысалы, Ресей өзіне қарасты халықтардың ішінде саны жағынан көп және прогрессивті даму үрдісіне бейім қазақтарды өз жағына тарту үшін ерекше белсенділікпен жандарын салды. Неге десеңіз, миссионер ғалымдардың зерттеуі бойынша, қазақ дүниетанымы әлі діни тұрғыдан көп өзгеріске түсе қоймаған, ішкі істері шариғат заңымен емес, ата-бабаларының ескі заңымен жүргізілетіндігімен ерекшеленетін. Осыған көзі жеткен Ресей өз мақсаттары үшін қазақтарды өзі тектес ұлыстардан, әсіресе, татарлар мен өзбектерден, басқа да исламдық қалпы берік халықтардан мейлінше тезірек оқшаулау керек деген шешімге келген. Өйткені бұл туыс халықтарды рухани тұрғыдан біріктіріп отырған ортақ нәрселер көп еді. Оның ең негізгілерінің бірі, әрине, бір емлеге негізделген араб жазу графикасы болатын. Міне, осы бір емлеге негізделген араб жазуының орнына орыс жазуының әріп таңбасын енгізсе, мәселе өзінен өзі оңайлана түсетінін отаршыл оқымыстылар жақсы түсінді. Түсінгендіктен де қазақ халқының рухани болмысын идеологиялық тұрғыдан меңгеру үшін, алдымен олардың жазуын орыс әліпбиіне көшіру керектігіне жете назар аудара бастады. Одан кейін бір-екі ұрпақ алмасса болды, туыс әрі көрші елдердің діни-мәдени әсерінен оқшауланған қазақтар тезірек орыстанады деп ойлады. Осылайша, қазақ жазуын орыс әліпбиіне көшіру мәселесі алысты көздеген империяның ең басты саяси-идеологиялық мақсаттарының бірі ретінде алға тартылды. Бұл алысты көздеген мәселемен осы мақсат үшін арнайы құрылған «Обрусительная палата» деген мекеме айналысса, саясатты жүзеге асыру «Святой синод» деп аталатын тағы бір миссионерлік мекемеге жүктелді. Ал оны ғылыми-практикалық тұрғыдан жолға қоюдың тізгіні орыстың миссионер ғалымдарының қолында болды. Ресей арнайы орындарының тапсырмалары бойынша іске кіріскен бұл миссионер-ғалымдар түркі халықтарының тарихы мен тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін терең зерттеп, олардың жазуын мейлінше қысқа мерзімде кирилшеге көшіру мәселесімен тыңғылықты айналысты. Жай айналысып қана қойған жоқ, жазу ауыстырудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктерін анықтап, бағамдап, саралап көрсетті. Оның ішінде Н.И.Ильминский, Н.П.Остроумов, А.Е.Алекторов, Ф.Д.Соколов, В.В.Катаринский, А.И.Левшин, Е.А.Малов, В.Т.Трофимов, В.В.Радлов, А.Воскресеньскийлердің есімдерін ерекше атауға болар еді. Бұл ғалымдардың жергілікті халық арасындағы іс-әрекетін «қой терісін жамылған қасқырларға» теңесек, шындықтан алыс кетпейміз. Расында, олардың мүләйім бейнелерінің астарында «шаш ал десе бас алатын» аяусыз, қатыгез жыртқыштық жасырынып жатты. Осылайша отаршылдар жергілікті халықтардың бірлігі мен ынтымағын ыдыратып, өзіне кіріптар ету үшін оларды жіктерге, топтарға бөліп, бөлшектеу мәселелерін дереу қолға алған еді.
Орыстандыру
бұғауы алдымен қазақтарға түсті
Тыңғылықты зерттеулерден соң, Орта Азия халықтары ішінен орыстануға ең бейім жұрттың қазақтар екенін терең ұғынған отаршылдар өздерінің бүкіл саяси ақыл-кенін осы жұмысқа жұмылдырды. Осы идеямен қаруланған патша үкіметі Ағарту министрі граф Л.Толстойдың бастамасымен 1876 жылы Орынборда қазақтар арасында араб жазуын орыс графикасына көшіруге байланысты арнайы мәжіліс шақырып, ұсыныстар айтылды. Іле-шала бұл ұсыныс патшаның өзінен қолдау тауып, ақыр соңында араб әліпбиіндегі қазақ жазуын орыс графикасына ауыстыру туралы жарлыққа қолын қойып та жібереді. Граф Толстой қазақ ағартушысы Ы. Алтынсаринмен жеке кездесіп, қазақ жазуына орыс алфавитін ешбір өзгеріссіз қабылдау жөнінде нұсқау берген тұсы — осы кез. Бұл жөнінде ұлы ағартушы былай еске алады: «… 1876 жылы граф Толстой Орынбор қаласына келген кезде… ең алдымен талқыға салынған мәселе — қазақ арасына орысша хат таныту жолдары және бұл үшін қазақ тіліне орыс алфавитін қолдануға болатын-болмайтыны туралы мәселе қойған еді. Бұл мәслихаттарға Орынбор өлкесінің бұрынғы генерал-губернаторы генерал-адъютант Крижиновский, Орынбор оқу округінің папечителі Лавровский, Қазандағы оқушылар семинариясының директоры Ильминский және Торғай, Орал облыстарының губернаторлары қатысты, олардың бәрі де орыс алфавитін қазақ тіліне қолдануға әбден болады деген қорытындыға келген еді» (Ы. Алтынсарин. Таза бұлақ. Алматы, 1988 ж., 133-б). Көріп отырғанымыздай, қазақ ағартушы ғалымы осы қалдырған естелігі арқылы отаршылардың түпкі мақсатын, қазақтар қолданысындағы араб жазуын орыс жазу үлгісіне көшіру туралы ойдың әуел бастан тыңғылықты ойластырған мақсатты стратегиялық жоспар екенін толық ашып беріп отыр. Яғни патшаның өзі қолын қойып, жарлық берген соң-ақ оның қазақ даласындағы қолшоқпарлары — шенеуніктер мен миссионерлер бұл мәселені жүзеге асыруға нақтылы кіріскені айқын.
Орынборда өткен осы мәжілісте Н.И.Ильминский жасаған орыс графикасындағы қазақ жазуы мен В.Радлов қолданған орыс алфавитінің нұсқалары да талқыға түскен болатын. Нақтылық үшін айтатын болсақ, Ильминский бұл әліпбиді аталған мәжілістен он төрт жыл бұрын 1862 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы профессор В.В.Григорьевтің тапсырмасы бойынша жасаған болса, Радлов 1870 жылы жарық көрген «Образцы народный литературы тюркских племен южной Сибири и Джунгарии» атты еңбегін жазу барысында, ондағы түрік тіліндегі әдеби материалдарды осы тілдің фонетикалық табиғатына орайластырып өзі қолданған орыс транскрипциясы нұсқасындағы таңбаларды пайдаланған еді. Сөйтіп, ол орыс тілінде кездеспейтін түркі тіліндегі дыбыстарды өз бетінше таңбалап, қосымша әріптер қолданған. Міне, мәжілісте осы екі түрлі жобадағы қазақ жазуы үшін орыс әліпбиінің қай нұсқасын пайдалану тиімді деген мәселе талқыланды. Ұзаққа созылған пікірталастан соң Петербург университетінің отаршыл пиғылдағы кертартпа оқымыстыларының күш салуымен Ильминский нұсқасы қабылданады. Мұндағы олардың басты ұстанымы мынада болды: түркі халықтары өз тілдерінің фонетикалық айтылым табиғатына үйлеспесе де, араб графикасын өзгеріссіз сол қалпында пайдаланып жүр, бұдан олардың тіліне ешқандай қиындық туып отырған жоқ, олай болса орыс жазуын да олар өзгеріссіз, ешқандай қосымша таңбаларсыз сол күйінде алуы керек, одан пайдаға шықпаса, зиян шекпейді деген қорытындыға келген. Ғалым Қ.Күдеринованың зерттеуінше, орыс графикасы негізінде ең алғашқы қазақ жазуы нұсқасын жасаған Н.И.Ильминский орыс әліпбиінде қазақ тілінің дыбыстық құрамына тән емес дыбыстарды алмаған екен. Ол жөнінде жоба авторының өзі былай депті: «Кроме приспособления русских букв к татарским звукам, мне пришлос постопенно изменять и установливать орфографию. В первом издании букваря я писал су — вода, аулъ — деревня, аю — медведь. Тепер мы пишем сыу, ауыл, айыу». (Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. — Алматы, 2010 ж., 115 б.). Ильминскийдің бұл пікіріне кезінде ғалым В.В.Григорьев үзілді-кесілді қарсы шығып, өзінің «О передаче звуковь киргизского языка буквами русской азбуки» деп аталатын мақаласында орыс әліпбиіндегі таңбалар қазақ жазу үлгісінде өзгермеуі тиіс деп көрсетті. Бір ескеретін нәрсе, бұл әліпби русскоцентрист ғалым тарапынан сынға ұшырағанымен, қазақ тілі дыбыстарын таңбалаудың алғашқы әрекеті екендігімен тарихта қалады. Ендеше, бүгінде тіліміздің сөйлеу жүйесін бұзып тұрған орыс әріптерін әсіремиссионер Ильминскийдің қолданбауы қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарынан мүлде бөлек екенін аңғартады. Орыс графикасы негізінде жасалған Ильминский нұсқасындағы қазақ әліпбиінің бір артықшылығы басы артық орыс әріптерін қазақ жазуына енгізбегендігінде жатса керек деп ойлаймыз. Өйткені әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар да өзгеріске түседі, ал орфоэпиялық нормалар өзгеріске түсе бермейді. Алайда дыбысқа емес, әріп-таңбаға сүйене сөйлеу етек алған кезеңде тілдің ең басты өзегі болып табылатын орфоэпиялық нормаларға да қауіп төнетінін бүгінгі күннің өзгерісі көрсетіп отыр.
Осы басқосуда орыс оқымыстылары қазақтардың сөйлеу тіліндегі өз ерекшелігі бар тоғыз әріпке (ә, ө, қ, ғ, ң, ы, і, ұ, ү) сай таңба белгілеп берудің орнына, оны артық санап, бұл әріптерден саналы түрде бас тартуға шақырған еді. Сондағы көздеген мақсаты не? Қазақтар тарихтан тыс тұрған халық ретінде түбі бір шоқындырылып, орыстандырылады, сондықтан орыс сөзін орыстар қалай сөйлеп жазса, қазақтар да солай сөйлеп жазуға дағдылана берсін, бұл түптің түбінде жүзеге асатын мәселе болғандықтан, соған үйренгені істі жеңілдетеді деген талап тұрғысынан келген еді. Бұдан қазақ тілінің фонетикалық табиғаты мен ерекшелігіне сай пайда болған ұлттық төл дыбыстарды жоққа шығарып, олардың жазылым таңбаларын оқып-білуді барынша қиындатып, қазақ тілінің сырттан сөз қабылдаудағы табиғи заңдылығын орыс тілінің сөйлеу қалпына салуды орыс миссионерлері әуел бастан әбден ойластырып жасаған саяси-идеологиялық шешім екеніне көз жеткіземіз. Ұзақ жылдарға арналған бұл идеяның арадан жүз жыл өткен соң да өз маңызын жоймағандығы 1950 жылдары ұлт тілдерінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдар мен ережелер тұжырымдарында шын мәнінде айқындала түскен еді. Нәтижесінде қазақ тіліне тән емес жаңа әріптер еніп, «орыс тіліндегі сөздер мен атаулар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттарының қабылданып, шын мәніндегі Ресей отаршылдығының түпкі мақсатын айқындап берген болатын.
Бас
миссионер Ильминскийдің зұлымдығы мен залымдығы
Ойда болатын нәрсе, Ресейдің идеология майданындағы ең сенімді де белсенді тобы — миссионерлердің бар амал-айласы мен күш-қуаты татар халқын шоқындыруға жұмсағаны белгілі. Бұл мәселені түпкілікті жүзеге асыруды патша үкіметі миссионер Ильминскийге жүктегені де көпке аян. Осы мақсат тұрғысынан үкімет Қазан қаласында арнайы «духовная» академиясын ашып, онда ислам қағидаларына қарсы «противмусульманская кафедрасы» жұмыс істеді. Бұл кафедраны ашуда көп күш-жігер жұмсаған және оның тұңғыш меңгерушісі қызметін атқарған кісі осы Ильминский болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Отаршыл-зорлықшыл үкіметтің ресми өкілі ретінде ол осынау идеологиялық күрес үстінде біраз шыңдалып, тәжірибе жинақтады, сөйтіп, өзі жинақтаған тәжірибе негізінде педагогиканың миссионерлік жүйесін алғаш болып татарларға ендірді. Айтпақшы, оған дейін-ақ 1802 жылы қарулы күштің дүмімен шоқындырылған он мыңдаған татарлар православия дінінен бас тартып, өз дініне қайта бастағанда, 1806 жылы «Святой синод» татарларды қайта шоқындыруға бұйрық бергенін кәрі тарих ұмыта қойған жоқ. Ал дағыстандықтарды шоқындыруға шетелдік миссионерлер келіп араласқан. Осынау шетелдік миссионерлердің тәжірибесін оқып-үйреніп, білімі мен тәжірибесін жетілдіру үшін патша үкіметі әбден сыннан өткен Ильминскийді бірнеше жылға сол жаққа жіберген. Оның өзіндік себебі де бар еді. Өйткені бұл кезде отарлаушы биліктің бұратана халықты шоқындыру мен орыстандыру саясатының әрекет өрісі көлемі жағынан кеңейіп, бүкіл Сібір ормандары, Қапқаз жоталары мен Еділ бойы жағалауын тұтас қамтып жатқан болатын. Ендігі әрекет өрісінің ауқымында Қазақ даласы, сонан соң Орта Азия халықтары тұрды. Айтпақшы, татарлар үшін орыс графикасы негізіндегі алғашқы әліпби нұсқасы да осы Ильминскийдің атымен байланысты. Бұл кезең кертартпа ғалымның миссионерлік қызметінің қатты өрістеген тұсына дәл келеді. Әрі бұл уақыт татарларды шоқындыру, одан әрі орыстандыру саясаты кең көлемде қызу қолға алынған қарбалас кезең болатын. Ал 1858 жылдан бастап Орынбор шекаралық комиссиясына қызметке ауысқан ол миссионерлік ісін енді астыртын түрде қазақ арасында жүргізуге қызу кіріседі.
Қазақ арасында оның ең алғашқы қолға алған мәселесінің бірі татарларға қойған талап тұрғысынан келіп, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс транскрипциясы нұсқасында шығаруды алдына мақсат етіп қойды. Міне, Ы.Алтынсарин еңбектерінің, әсіресе, оқу құралдарының бәрі орыс әліпбиі негізінде жарық көру себебі осы қатаң талаптың ырқына байланысты жүзеге асқан құбылыс болса керек деп ойлаймыз.
Осы орайда тағы бір ой. Қазақтарды шоқындыру, одан әрі орыстандыру идеясын жүзеге асыру жолында метрополия бұл қызметтің өз ішінде тұншықтырып, шиін шығармай атқаратын кісіні қазақтардың өз ішінен де іздестіргені айдан анық. Өйткені империялық түпкі мақсатты қазақтардың өз қолымен жүзеге асыру әрі жеңіл, әрі сенімді болатыны түсінікті ғой. Сөйтіп, қазақ арасында беделді әрі мұсылманша да, орысша да білімі бар сауатты Ы.Алтынсаринді осы айлалы іске пайдалануды көздеген. Яғни мұнда орыс әліпбиі негізіндегі қазақ жазуын жасаушы қазақ Алтынсарин еді деп көрсетіп, халыққа оның прогрессивті жағын насихаттап, көпшілікті осы идеяға сендіруді мақсат тұтқан (Қазан архиві, 968-қор, 1-тізім, 16-іс, 1-2 б.б.). Осылайша алысты көздеген арамза Ильминскийдің талап етуімен және Ағарту ісі министрі граф Л.Толстойдың тікелей тапсыруымен Ы.Алтынсарин қазақ балаларына арнап жазған кітаптарын ресми биліктің қатаң бақылауымен орыс әліпбиі негізінде жазуға мәжбүр болған сияқты.
Патша үкіметі Ыбырай Алтынсариннен басқа осы миссионерлік іс-шараға орыс армиясының офицері Шоқан Уәлихановты да, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевты да тартып, өз мүдделері үшін пайдалануға күш салғаны белгілі. Оның немен аяқталғаны да баршаға мәлім. Өз кезегімізде біз де осы бір ұлт алыптары туралы сөз еткенде, олар Ресей империясының бірде жасырын, бірде ашық түрде жүргізген миссионерлік саясатын әрқайсысы әрқилы тұрғыдан танып білгендігін айтып өтуге тиіспіз. Мысалы, кейбір ғалымдардың пікірінше, еуропаша білім алған Шоқан бұл саясатқа үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, сын көзбен сескеніп қараса, Ыбырай сол саясатты жүргізіп отырған миссионерлердің идеологтарымен тікелей қоян-қолтық араласып, оларды өзінің ағартушылық жолына дипломатиялық әдіс-айла тұрғысынан келіп, ретіне қарай пайдаланып отырған. Ал Абай бұл мәселені іштей сезінгенімен, оның қаншалықты қауіпті, залалды екенін, түп-төркінін дөп басып тани бермеген деседі.
Болат Шарахымбай
(Жалғасы бар)
(5)