Quantcast
Channel: Тарих –Қазақстан-ZAMAN
Viewing all 107 articles
Browse latest View live

Қазақ жазуын кириллицаға көшіру саясаты қалай жүзеге асырылды

$
0
0

Соңы. Басы өткен сандарда

Кеңес Одағы түркітанушыларының І конференциясы 1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызында Баку қаласында өтті. Осы мәселені тыңғылықты зерттеген профессор Жамал Манкееваның айтуынша, бүкіл түркі әлеміндегі түркітанушы ғалымдардың бұл алғашқы басқосуында үлкен айтыс болып, ақыры бітіспес дау-дамайға ұласып, ғалымдардың екі топқа бөлінуіне әкеп соққан. Латын әліпбиіне көшуді қолдаушылар бір топ, араб графикасы негізінде Байтұрсынұлы жасаған «төте жазуды» пайдалана беру қажет деушілер екінші топ болып, екі топ арасында қызу талас-тартыс жүрген. «Шындығына көшсек, мәселе Кеңес үкіметінің пиғылы мен көзқарасында еді» дейді Ж.Манкеева. Өйткені Орталық билік түркілердің бас біріктіріп кетуінен өлердей қорықты десе болады. Қорыққандықтан да араб әліпбиі негізіндегі жазуды «түрікшілдік идеясы», «түрікшілдік идеяны насихаттау» құралы деп тауып, оған қолдан келгенше қарсы күресіп бақты. Ал түрікшілдік дегеннің өзі ол кезде отаршылдыққа қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрестің символы іспеттес болатын. Өйткені зиялы қауым түркі жұртының басы қосылмайынша, отаршылдық бұғаудан құтыла алмасын жақсы түсінді. Айта кететін тағы бір нәрсе, бұл конференцияда латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы ғана емес, ғалымдар бұл жиында кірме сөздер мен термин сөздер төңірегінде де үлкен айтысқа түскен болатын.
Түркітанушылардың І конференциясы түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіруге орай метрополия тарапынан мақсатты түрде әдейі ұйымдастырғандықтан да Әзірбайжан ғалымдары латын әліпбиін жақтап шығуға тиіс болды. Бұл патша үкіметі кезінде отаршылар жүргізген миссионерлік саясаттың Кеңес үкіметі тұсындағы қайта жаңғыруы, одан да анығырақ айтсақ, Ресейдің империялық мақсат жолындағы одан әрі жалғастыра түскен саясатының нақты көрінісі еді. Жаңа үкіметтің ашықтан-ашық жүргізе бастаған осынау отаршылдық саясатына жалаң қолмен қарсы тұра алмасын сезген А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ пен татар зиялылары оған қарсы идеялық күресін енді ғылыми тұрғыдан қоюды мақсат етті. Өйткені олар латын әрпіне көшу түптің-түбінде орыс жазуына апарудың алдындағы қитұрқы әзірлік екенін жақсы түсінді. Шынында да, Баку қаласында өткен бұл конференция Орталық биліктің өзіне күш біріктіре алатын түркі халықтарын жуасытып, оның жазуын орыс алфавитіне көшіру алдындағы тактикалық қитұрқы айласының бір түрі ғана болатын.

Латынға қазақ пен татар зиялыларының қарсылығы

Расында солай болып шықты емес пе. 1940 жылы ғалым Сәрсен Аманжолов жасаған кирилл графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі дүниеге келіп, ол ешбір кедергісіз бекітіліп кете барды. Сөйтіп, айналдырған он алты жылдың ішінде қазақтар үшінші рет жазуын өзгертуге мәжбүр болды.
Осы ретте түрік халықтарын латын әліпбиіне көшіру ісінде елеулі қарсылық көрсеткен Татарстан мен Қазақстан болғандығын атап өтсек артық емес. Арабша сауаттылар қатарының көптігін, арабша басылған еңбектердің молдығын, араб әліпбиінің жаңа латын әліпбиінен артықтығы болмаса, кемдігі жоқтығын баса айтқан татар және қазақ халқының зиялы қауымы әліпби ауыстыру ісінде біразға дейін қарсылық көрсетіп, табандап отырып алды. Мысалы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омарұлы бастаған қазақтың ұлтшыл азаматтары көпке дейін латынға бой бермеді. Олар латын әрпіне көшу қазақты дәстүрлі мәдениетінен айыру деп үзілді-кесілді қарсылық танытып, көпке дейін Орталықтың дегеніне көнбеді. Уақыт өте келе оның ақиқат екеніне көз жеткіздік емес пе.
Қазақстандағы әліпби айтысы 1927 жылға қарай тіпті өрши түсті. Елде арабшыларды «байшыл», «буржуашыл», «ұлтшыл», «алашордашыл», «діншіл» деген айыптау белең алып, қуғынға түсірді. Зиялы қауым арасындағы әліпби айтысы ушыға келе таптық реңк алып шыға келді. Осылайша бір халықты екіге бөліп, бір-біріне өшпенділікпен айдап салу әдісін орыс билігі әліпби тартысы барысында да жақсы пайдалана білді. Неткен өлермендік десеңізші!
Бакуде өткен конференциядан кейін көп ұзамай Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1927 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен Жаңа Қазақ Әліпбиі Комитеті құрылып, осы жылғы 19 қарашадағы қаулысы бойынша Жаңа Қазақ Әліпбиінің Орталық Комитеті жұмыс істей бастады.
Биліктің аты — билік. Билік өз дегенін істетпей қоймайды. Сонымен, 1929 жылдың қаңтар айында өткен Орталық Кеңес Комитетінің IV сессиясында Қазақстанда латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөнінде мәселе қарап, 1929 жылдың 1 қазанынан бастап елдегі барлық мемлекет, кооператив мекемелері, түрлі кәсіп дүкендері, ұйымдарға арнап араб әліпбиімен қатар, латын әрпі негізінде түзілген жаңа қазақ әліпбиі мемлекет әліпбиі болып табылатыны туралы шешім шығарды. ( Қазақ жаңа әліпбиі туралы Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті IV сессиясының қаулысы. «Еңбекші қазақ», – 1929, № 8. 10 январь).

Тоталитарлық «бұйрықпен», «нұсқаумен» қабылданған кириллица

Ресей сияқты алып елде социализмнің салтанат құра алатыны жөніндегі идея басшылыққа алынды. Енді тоталитарлық жүйе мұндай ұлы идеяны жүзеге асыру үшін тұтас елді — орыстарды да, орыс еместерді де бір жазу үлгісіне (орыс жазуына) көшіріп, біртіндеп бір тілде (әрине, орыс тілінде) сөйлету мақсатын алға қойды. Түпкі мақсатты бүркемелеп, жасыру үшін алдымен ұлт тілдері жазуын латынға көшіруді ұйғарды. Латынға көшіп, өзінің төл жазу-сызу дәстүрінен айырылған ұсақ ұлттарды ендігі кезекте кириллицаға көшіру соншалық бір қиын болмасын жақсы түсінді. Алайда орыс, армиян, грузин секілді халықтарға жазу дәстүрі қалыптасқан елдер деп қарап, «кеңшілік» жасағаны, ал татар, өзбек, әзірбайжан, қазақ сияқты жазу дәстүрі әуелден бар ұлттарға «таршылық» жасағаны түсініксіз еді. Қалай дегенде орыстың отарлық саясаты ұлттардың әліпби ауыстыру мәселесіне ерекше мән берді.
КСРО халықтарының көпшілігі латын транскрипциясына толықтай өтер-өтпестен Кремль метролитетінің шыдамы таусылып, тездетіп кирилл әліпбиіне көшіру ісін бастап та жіберді. Саяси биліктің отаршылдық пиғылынан туған «уақытша шегініс» тактикасы, міне, тап осы жерде аяқталды десе болады. Осы мәселені терең зерттеген ғалым В.М.Алпатов сол кездегі заң актілері мен басқа да көптеген фактілерге сүйеніп, биліктің жоғары органы ұлттардың кирилл әліпбиіне өтуі туралы шешімді 1933 жылдың күзінде-ақ қабылдап жібергені туралы мәлімет келтіруі тегіннен-тегін емес, әрине. (А.А. Алпатов. Языковля политика в СССР в 20-30 годы: утапил и ресивность ІІ Восток, – 1993. № 5. С.123).
Сөйтіп, КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы 1935 жылдың 1 маусымында Солтүстік халықтарды кирилл жазуына негізделген әліпбиге көшіру туралы қаулысын қабылдап та жіберді.
Ескеретін жайт, латын әліпбиіне көшу тұсында құрылған Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Комитеті латынды кирилл жазу үлгісіне ауыстыру үлгісіне түбегейлі және белсенді түрде қарсы шықты. 1937 жылы ақпан айында өткен Пленумда: «Әліпби ауысқан сайын уақытша болса да халықтың біраз бөлігі сауатсыздыққа ұшырайды. Әліпбиді жиі ауыстыру — тиімсіз іс» деп, өз көзқарастарын ашық білдірді. Бірақ шешім жоғарыдан шығарылып қойғандықтан, бұлардың пікіріне ешкім құлақ аса қоймады. Керісінше, өздерінің басына қара бұлт үйірілді. Артынша Бүкілодақтың Жаңа Әліпби Комитеті шұғыл таратылып, әкімшілік аппарат қызметкерлері тұтас қамауға алынып, қуғынға ұшырады.
Одан әрі 1937-1938 жылдары латын әліпбиін кириллицаға ауыстыру мәселесі жедел қарқынмен жүргізілді.
1940 жылы «халықтардың тілегі бойынша» деген жалған сылтаумен ешбір қиындықсыз латын жазуының орнына орыс жазуын ауыстырды да жіберді. Бұл кезең жөнінде белгілі ғалым Г.Батыгин: «Сталинские репрессии обрели такой масштаб, что в многих регионах было истреблена национальная интеллигенция, которая является носительницей истерический памяти народа.
В Азербайжане, Казахстане, Молдовий традиционный алфавит был заменен кириллицей. Корни культуры, державшейся не многовекой традиций былы подрезаны» деп, (Г.Батыгин. Новая время., 1989, № 18, с. 25) бүркеулі жатқан шындықтың бетпердесін сыпырады.
Айтып өтейік, 1937-1939 жылдар тек елдегі саяси репрессияның асқынған кезеңі ғана емес, сонымен бірге 1937 жылы қабылданған Қазақ ССР Конституциясы баптарынан мемлекеттік тіл деген ұғымды мүлдем алып тастауымен де есте қалды. Ал 1938 жылғы 13 наурызда КСРО Халық Комиссарлары Президиумы мен БК (б) Орталық Комитетінің «Ұлттық республикалар мен облыстық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту» туралы атышулы қаулысы дүниеге келді. Содан кейін-ақ алысты көздеген бұл саяси шешім жоғары биліктің қатаң назарында болды және күн тәртібіндегі негізгі және басты мәселенің біріне айналып жүре берді. Осылайша орыс тілін міндетті оқыту ісіне және одан әрі дамыту мәселесіне қатысты қаулы-қарарлар мен ережелер 1939, 1948, 1952, 1955, 1957, 1967, 1978, 1983 жылдары қабылданып, атқарушы биліктің міндетті бірінші кезекте назарда ұстау мәселесіне айналды. Есесіне өзге ұлт тілдері мұндай аста-төк қамқорлықтан мүлде қалыс қалды. Әр жылдары дүниеге келген осынау қаулы-ережелерге сәйкес жергілікті ұлт мектептерінде орыс тілі пәнін оқыту 2-сыныптан бастап қолға алынады делінсе, орыс әдебиетін оқытуға айрықша назар аударып, бұл пәнді тек орыс тілінде оқыту міндеттелді. Мұндай қажеттілікті олар «оқушылардың орыс тілін жетік меңгеріп шығуына бірден-бір негіз қалайды» деп түсіндірді.
Сонымен, КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Президиумы 1940 жылғы 13 қараша күні «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Орталық биліктің мұндай саяси шешімге келетіні әуел бастан белгілі еді, тек оған келетін қолайлы уақытты ғана күтіп жүрген болатын. Сондықтан биліктің бұл қадамын бұқара халық ешбір дау-дамайсыз қарсы алды.
Енді орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ әліпбиінің бұған дейінгі әліпбилерден қандай айырмашылығы болды деген мәселеге келейік.
Ең басты айырмашылық орыс және араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерді дұрыс оқып-жазу үшін деген сылтаумен оннан аса әріпті қазақ тіліне зорлықпен, күштеп ендіруі болды. Қазақ тілінің табиғатына жат бұл құбылыс тілге айтарлықтай зиян келтіріп, ол біртіндеп тілдің айтылым жүйесіндегі өзге тілдің сөздерін қазақтың өз артикулияциялық ерекшелігіне икемдеу қабілетінен айыруға апарып соқты. Сөйтіп, жазуымыз бен оқуымыз жартылай қазақша, жартылай орысша кейіпке еніп, «екі оттың ортасында» қалды. Бұл жазу жобасының түптің түбінде тілді дүбәра күйге түсіріп, өзіндік төлтума ерекшелігінен айырып тынатын, өте зымияндықпен тыңғылықты ойластырып жасалған мақсатты стратегиялық жоспар екендігі кім-кімге де түсінікті еді.
Шынында да солай болып шықты да. 1940 жылы қабылдап, күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан кирилл графикасы негізіндегі жазуымыз әуел баста қазақ тіліндегі сөздердің айтылымы мен жазылымын орыс тіліне барынша икемдеп, тіліміздің төлтума ерекшелігін жоюды көздеген қитұрқы әрекеті ақыры дегеніне жетті. Қазіргі әліпбиіміз, соған сәйкес емлеміз бен тілдік ерекшеліктеріміздің бәрі (орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық т.б.) қолданыстағы орыс әліпбиін үйретуге, тілімізді соған бағынышты етуге арналғандықтан, қазақ тілінің өзге тілдерден енген сөздерді, атау тұлғаларды, терминдерді өз ерекшелігіне икемдеу қабілетінен мүлдем айырылып тынды. (Мысалы, самовар — самауыр, Москва — Мәскеу, Россия — Ресей, СССР — КСРО, тағы басқа). Мұқият ойластырылған, алысты көздеген бұл орыстандыру саясатын олар жүйе-жүйеге бөліп, кезең-кезең мен жүзеге асырды.
Қазақ халқының санасын жаулап, дүбәра қалыпқа түсіру үшін жасалған әртүрлі стандарттағы шабуылдар одан кейін үдей түспесе, бір сәтке де саябырсыған жоқ. Әрине, мұндай жойқын идеологиялық шабуылдардан қорғану қазаққа оңайға түспегені анық. Мәселен, өткен ғасырдың 50-жылдары ұлт тілдері мен тіл ғылымына метрополия тарапынан келесі бір жойқын шабуыл жасалды. 1950 жылдың 20 ақпаны күні И.Сталиннің «Марксизм және тілтану мәселелері» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан кейін Кеңес Одағының барша республикаларында тілдік мәселені «сталиндік сара» жолға салу саясаты басталып кетті. Нәтижесінде елімізде тағы бір тілге байланысты реформа жүзеге асып, қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдылықтар қабылданып, күшіне енді. Осы реформадан кейін тілімізге жат ю, я, е, э, в, ц, щ, ч, ф, х, ь, ъ сияқты жаңа әріптердің асығы алшысынан түсіп, «орыс тілінен енген сөздер мен атау тұлғалар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттар енгізілген еді. Міне, бұл жоғарыда сөз еткен мәдени-рухани тұтастықтың бір көрінісі, әрі халықтың тарихи жадының елеулі бір саласы болып саналатын жазу дәстүрінің төлтумалық іргесі сөгіліп, істен шыға бастауы Ресей отаршылдары көп жылдар бойы саналы түрде жүзеге асырып келген саяси-идеологиялық мақсатымен байланысып жатқан құбылыс болатын. Яғни, жаңа замандағы халықтар теңдігі мен достығы, интернационализм сияқты жалған идеялармен барынша бүркемеленген, шын мәнінде бұрынғы патша үкіметі кезіндегідей бұратана халықтарды шоқындырып, одан әрі орыстандырып, түптің түбінде қазақ даласын тұтас отарлау еді. Осы сәттен бастап қазақ тілінің жағдайы, табиғи қарсыласу механизмдері әлсіреп, сыр бере бастады. Тек сыр беріп қана қойған жоқ, біздің әліпбиіміз қазақ әліпбиі емес, ғалым Ә.Жүнісбек айтқандай, «қазақ-орыс», одан да анығырағы орыс-қазақ әліпбиіне айналды.
Орыс тіліне қатысты қабылданған қандай қаулы-қарар, ереже, шешім, нұсқау болмасын, ол бір ғана тұжырымдамаға негізделді: қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілі емлесіне тәуелді ету. Осы жайтты жақсы түсінген Қ.Жұбанов 1933 жылы қазақ тіліне тән сингорманизм заңына сәйкес әліпби жасау керектігін тілге тиек етіп, емлеге өзгерту енгізуді ұсынған еді. Алайда бұл ұсыныс назарға алынбады. Назарға алмаған да себебі бар еді. Өйткені тағы да қайталауға тура келіп тұр, орыс отаршыларының негізгі мақсаты қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілінің емлесіне тәуелді ету болатын. Одан әрі қазақтарды орыстандыру әлдеқайда жеңіл болатыны өзінен-өзі түсінікті емес пе. Осы тұста айрықша айтып өтетініміз, 1930-1950 жылдар аралығындағы қазақ зиялыларын қудалау, асу, ату, итжеккенге айдау секілді репрессиялық әрекеттің бәрі саясаттан оқшау тұрған құбылыс емес еді. Бұл КСРО империясының жаңа бағыттағы өзгеріске түскен ұлттық саясатының құрамдас бір бөлігі болып табылатын. Бұл уақытта пролетарлық интернационализм идеялары орнына ұлыдержавалық шовенистік көзқарастар өмірге келді, орыс халқы шамадан тыс мадақталып, ол «Ұлы Русске», яғни Кеңес Одағы құрамындағы басқа теңқұқықты халықтар арасында басты халыққа айналды. Елдегі мұндай өзгерістер кеңес идеологтарының орыс патшалары мен қолбасшыларын, олардың келбеттері мен тұлғаларын үгіт-насихат жұмысында пайдалануына жол ашып, ұлыорыстық бағытқа қарай ұмтылды. Иван Грозный, І Петр, ІІ Екатерина, тағы басқа орыс патшалары, сондай-ақ қолбасшылары мен қаһармандарын дәріптеу басталды. Жоғарыда айтып өткендей, 1938 жылы ұлттық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту мәселесі енгізілді, 1941 жылы Қазан төңкерісінің 24 жылдығын мерекелеу кезінде (7 қараша күн) И.Сталин халық пен Қызыл Армияға «осы соғыста сіздерге Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Минин, Дмитрий Пожарский, Александр Суворов, Михайл Кутузов сияқты біздің ұлы ата-бабаларымыздың ержүрек бейнелері рух берсін» ұран тастаған соң-ақ ұлы орыстық шовенизм бұрын соңды болмаған дәрежеде қарқын алды. Ұлы орыстық шовенизм соғыс жылдарындағы және одан кейінгі уақыттағы КСРО Компартиясының атымен бүркемеленген өзінің идеологиялық майдандағы жұмысының негізін қалады, ал орыс халқы басқа тең халықтардың арасында «көшбасшы» ұлтқа айналды. Сөйтіп, Ресей империясы мен Кеңес Одағының арасындағы саяси-идеологиялық айыр-машылық өзінен-өзі тегістеліп жүре берді. (Питер Э.Б. Национальное стройтельство или руссификация? (обязательное изучение русского языка в советских неруских школах. 1938-1953 г.г) В кн: Государство наций: империя и национальное стройтельство в эпоху Ленина и Сталина — М.: РОССПЭН. 2011. – С. 310 – 318) Содан кейінгі уақытта Кеңес Одағындағы басқа ұлттар туралы әңгіме «екінші кезекке ысырылып», олар тек орыс ұлтының «көлеңкесінде» қалуға мәжбүр болды. Әрине, ұлттық республикаларда да «өз» ұлы бабаларының қаһармандық бейнелерін іздестіруге рұқсат берілгенімен, бірақ олар великоросстардың «ұлы бабаларына» қарсы қойылмау керек деп табылған еді. Мысалы, жаңа тарих бойынша белгілі орыс-кеңес ғалымдары А.В.Ефимов пен А.Н.Яковлев ұлы орыстық бағыттағы патриоттық тарихнамалық басылым даярласа, С.К.Бушуев республикадағы ғалымдарды «ұлттық нигилизмнен» арылуға шақырды. Ал, Қапқаз, Татарстан, Башқұртстан, Сібір, Орта Азия және басқа да жаулап алынған және езгіге түскен халықтардың царизмге, оның отарлық саясатына және сомодержавиені жақтаған жергілікті қанаушыларға қарсы ұлт-азаттық сипаттағы бас көтерулер қайта-қайта қаралып, осы бағыттағы ғалымдар билік тарапынан қудалауға ұшырады. Айталық, Сталиндік сыйлық алған Шәміл туралы монографияның авторы — Әзірбайжан тарихшысы Гейдар Гусейнов арнайы орындардың қыспағына шыдамай асылып өлсе, татар және башқұрт ғалымдары Едіге үшін жапа шекті, Кенесары Қасымов үшін қазақ ғалымдары Ермахан Бекмаханов, Бекжан Сүлейменов, Қажым Жұмалиев, Е. Ысмайлов, тағы басқалар жазықсыз жазаға душар болды, итжеккенге айдалды.
Егер Яковлев пен Бушуев халықтардың теңқұқылығын ескермей, ашықтан-ашық ұлыдержавалық және русскоцентристік бағытты насихаттап, белден басса, П.Смирнов пен Е.Тарле патшалық Ресейдің жаңа аймақтарды басқыншылықпен жаулап алуын өркениеттік тұрғыдан тілге тиек етті. Онымен де қоймады, Ресейді ұлы держава дәрежесіне жеткізгендер кімдер деген мәселе қойып, ұлы орыс халқының көшбасшылығы арқасында Кеңес одағының Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияға қалай лайықты соққы бергенін алға тартып, орыс ұлтын ашықтан-ашық дәріптеуге көшті. Содан соң-ақ патшалық Ресей дәуірін дәріптеушілер көбейген үстіне түсті де, отаршылық езгідегі басқа ұлттар орыс менмендігінің көлеңкесінде қалып отырды. Бұл жағдай 1945 жылы 24 мамырда Кремльде өткен Кеңес Армиясының қолбасшыларын салтанатты қабылдау барысында И.Сталиннің орыс халқы үшін көтерген тосында тіпті айқындала түсті. Сонда «бүкіл халықтардың әкесі» былай деген болатын: «Жолдастар, маған тағы бір тост, соңғы тост көтеруге рұқсат етіңіздер. Мен бұл тосты біздің Кеңес халқы үшін, соның ішінде орыс халқы үшін көтергім келеді. Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығы үшін ішемін, себебі олар Кеңестер Одағына кіретін ұлттардың ішіндегі үздігі. Мен орыс халқының денсаулығы үшін тост көтеремін, себебі олар біздің еліміздегі барлық халықтардың ішіндегі осы соғыста Кеңестер Одағындағы басқарушы халық болды. Мен тосты орыс халқының басқарушы халық болғаны үшін ғана емес, сонымен қатар оларда айқын ақыл, табанды мінез және шыдамдылық бар екені үшін көтеремін…» (Сталин И.В. Сталина на приеме в Кремле в честь командующих войсками Красной Армий. 24 мая 1945 годо. ВКН.: – М.: ОГИЗ Главполитизмдат, 1947. – С. 197).

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:
Жаны сергек ұлтшыл ғалым Қ.Жұбанов 1933 жылы жарық көрген бір мақаласында «… Ресейге қарағаннан кейін, қайта қатынас әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақталып, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тұтас мәдениетінің іргесі сөгіліп, бөлшектеніп, жарықшақтанып, бытырауға айналғанын көреміз» деп жазыпты. Ол мақаласында бұл құбылыстың, әсіресе, 1867 мен 1917 жылдар аралығында ерекше қарқын алып, қазақтың мәдени-рухани тұтастығы ыдырауға бет алғанын арнайы түрде атап өтеді. Біз де негізінен мәртебелі ғалымның пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан Қазақ елін біріктіріп, тұтастандырып тұрған қоғамдық организмдерді бытыратып, бөлшектеп, жойып жіберуде әсіресе отаршылдық пиғылын халықтар достығы, интернационализм сияқты жасанды идеялармен бүркемелеп жүргізген большевиктік (кейіннен коммунистік) — кеңістік — тоталитарлық биліктің рөлі бәрінен де апатты, қауіпті, жойқын болды деп есептейміз. Орыс отаршылдығының түпкі мақсаты мен пиғылына терең үңілген сайын, әрі оның қиратқыш күшінің мүмкіндігін танып-білген сайын жаның түршігеді. Іштей булығып, тамағыңа ащы өксік тығылады, еріксіз жұдырығың түйіле бастайды…
Еске салатын нәрсе, қазақ тарихында Ресей империясының үш жүз жылдық басқыншылық саясатының түпкі мақсаты мен оны іс жүзіне асыру жолында кезең-кезеңмен қолданған, әрі бүркемелеп жүргізген түрлері, айла-тәсілдерінің механизмдері, яғни отарлаудың кешенді түрдегі шын тарихы әлі зерттелген де, жазылған да емес. Меніңше, оның зерттелуі де, жазылуы да екіталай. Өйткені осы күнге дейінгі әлем тарихы отаршылдық мүдде тұрғысынан зерделеніп, жазылып, сарапталып, түсіндіріліп келді. Олай болса, орыстың тарихи білімінің көлеңкесінен шыға алмай отырған қазақ тарихы ендігі жерде қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан отарсыздану мақсатында зерттеу жүргізіп, саралап, баға беріп жазатын уақыт келді деп ойлаймыз.
Бір анық нәрсе, орыс тілі басқыншылықтың, зорлықтың, зомбылықтың тілі болса, кирилл жазуы — отаршылдықтың, озбыр күштің жазуы. Отаршылдықтың дәуірі өтіп, ожар күштің ақыры таяп келеді. Бұл не деген сөз? Орыс әлемінің, кирилл әліпбиінің дәуірі өтіп, күні батып барады деген сөз. Дәуірі өтіп бара жатқан жазу үлгісі бізді алға сүйрей ала ма, өркениетке жеткізуге дәрмені жете ме?..

 

(5)


Қаз дауысты Қазыбек би: «…Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз…»

$
0
0

БАБАСЫН ҰЛЫҚТАҒАН ӘКІМ

«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді бабадан жеткен тәмсіл. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың қазақы мінезі, ата-баба дәстүріне жетік болмысы, рухани жаңғыруға қосып жатқан үлесі даналар сөзін санасына құйып өскендігін көрсетіп берді. «Түрі игіден түңілме» деген қазақ, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, игі іске бастамашы болған баласын үнемі қолдап, қорғап отырғанын да білеміз.
Ел басқарған азаматтың қадір-қасиеті туған елінің тілі мен дініне, көне тарихына терең тамыр жіберуінен басталатыны белгілі. Сенім биігінен көрінген баласына елі мен жұртының ілтипаты да ерекше болатыны тағы ақиқат.
Ел басқарып жүрген көптеген басшылардың көзіне қамшы тиген аттай жасқаншақ, буыны кеткен мәстектей сүріншек келетіні ұлттық рухтан алыстап кеткенінен. Ондайларға билік қамшысын ұстатудың өзі қауіпті. Өйткені асыл мен жасықты ажырата алмайтын, көлеңкесінен қорқатын әкім-қаралар елге тұтқа бола алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын таза қазақ тілінде жариялауында асқақ мән-мағына, үлкен астар жатыр білгенге. Ел болашағы кімнің қолында екенін, ертеңгі жарқын өмірдің коды ұлтжандылықта болатынын сыналап болса да жеткізе білді Елбасы. Оны терең ұғынып, іс етер азаматтың ұтары көп…
Қарағанды қаласында Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өте үлкен деңгейде аталып өтті. «Ұлы қазақ ойшылы Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылық мұрасы — қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды факторы» тақырыбымен өткен алқалы жиынға Ресей, Түркия мен Өзбекстан ғалымдары қатысты. Еліміздің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылары да конференцияның биік деңгейде өтуіне күш салды.
Салтанатты жиында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов:
— Өткенді білмей, бұқаралық сана жаңғыруы мүмкін емес. Біз ұлттық код дейміз, ұлттық кодты ояту арқылы ғана біз жаңғыра аламыз. Ұлы Қазыбек бидің мұрасы қоғамдық сананы жаңғыртудың факторы деп конференция тақырыбын атағанымыз да сондықтан. Қара қылды қақ жарып, билік айтқан кемеңгер бабамыздан ұшан-теңіз мұра қалды. Оны зерттеп, ұрпаққа аманат ету — бүгінгі ғалымдардың абыройлы міндеті, — деді.
Алыс-жақыннан жиналған қонақтар әуелі Қаз дауысты Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң Қарағанды мемлекеттік университетіндегі кітап көрмесін тамашалады. Мұнда «Қаз дауысты Қазыбек би және оның тарихи заманы» атты жаңа монографияның тұсауы кесілді.
«…Біз Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз…» деп, қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтқан сөз санамызда жаңғырып тұр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы-ау. Кемеңгер бидің кесек-кесек сөздері ауыздан-ауызға тарап, аңыз боп қалды. Биге ескерткіш орнатылып, мұрасы зерттеліп жатыр. Әлбетте, біз біле бермейтін бабадан жеткен тағылымды дүниелер көп-ақ. Оның бәрін зерттеп, зерделеу күн тәртібінен түспейді деген ойдамыз.

ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ШАПАНЫ 60 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ

Дамыған елдерде көнеден жеткен құнды дүниелер аукцион арқылы бәленбай миллион долларға сатылып жатады. Қызығушылық күшті. Әлемге танымал тұлғалардың көйлегінің түймесі мен қолына ұстаған инесі де қастерлі. Ал бізде ше? Жасырмайық, салғырттық басым. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазыбек би бабамыздың шапаны туралы әңгіме тарағанда елеңдесіп қалғанымыз рас. Себебі, тарихқа көз жүгіртсек, шешен бабамыз Қазыбек би 1665-1755 жылдар аралығында өмір сүрген. Жарайды, жүз жылды шегеріп айтсақ, аталмыш шапан 250 жыл бойы қайда сақталды, қалай сақталды? Бұл енді жұмбақ еді. Қызығушылығымыз оянғанын несін жасырайық? Сөйтсек, біздің халқымыз ғана емес, көнеден жеткен оқалы шапан да біраз теперіш көріпті.
Қарқаралы жақтағы Едіге ауылындағы Қазыбек бидің ұрпақтары бабаның көзі болған шапанды шамалары келгенше көзден таса ұстауға тырысқан. Алайда қуғын-сүргін басталған жылдары большевиктер шапан жайлы естіп, оны құртуға тырысады. Бұл хабар сенімді адамдар арқылы бидің ұрпағының құлағына тиеді. Не істемек керек? Ағайындар ақылдаса келе дауыл басылғанша шапанды түзге жасыруға байлам жасайды. Өйткені бұл шапан табыла қалған күнде оны сақтаған жандарға аяушылық жоқ еді. Осыны білгендіктен, шапанды неғұрлым аулаққа апарып тығуға тырысады.
Сасқалақтап шапанды сыртқа ала жүгірген әкесінің соңынан ере шыққан 15 жасар Алтын Қожахметов осының бәрінің тірі куәгері-тін. Ойын баласы шапанды шөмеле астына қазып тыққанын, екі жыл жер астында жатқанын есінде сақтап қалыпты…
Ертесіне қызыл коммунистер келіп, үйдің ішін астан-кестен етіп тінтіп шапанды іздейді. Таба алмайды. Көрші-көлемнен сұрастырады. Ізім-ғайым жоқ. Олар жай кетпейді, қоқан-лоқы көрсетіп, зәрелерін ұшырып кетеді. «Егер табыла қалса, ескілікті көксейді, бай-билердің кезеңін аңсайды» деген жаламен жер аударатындарын, тіпті ату жазасына кесілетіндерін қадап айтады.
Осыдан кейін «Байтал түгіл, бас қайғы» тіршілік басталады. Шөмеле астындағы шапанға тірі жан жоламайды. Асылдың көзі қамқа шапан екі жыл қараусыз жатады. Кейін ұмытыла бастады-ау деген уақытта үйге әкеліп, жасырып ұстайды.
Екі ғасырдан астам тарихы бар шапан матасының асылдығы, жіптерінің құндылығы арқасында бізге жетіпті. Әйтседе шапан әбден тозған еді. 20 пайыздай жері ғана бүтін. Салғырттық емей немене, шапанның әр тұсынан ырымдап қиып алғаны да анық байқалып тұрыпты. Бұл енді қазақтың бір ырымы — тәбәрік алудың «жемісі». Осының салдарынан құнды дүние тілім-тілім болып ұстағанның қолында кеткенге ұқсайды.
Шапанның нәубет жылдардағы қасіретіне куә болған Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, ұлы бабамыздың алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметов ақыры шапанды мұражайға тапсырған еді.
Реставрацияға қажетті табиғи заттарды табу қиынның-қиыны екенін біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Суретшілер одағының мүшесі, реставратор Тұрсынкүл апай Қазыбек би бабамыздың шапанын қалпына келтіру үшін қажетті зерлі жіпті іздеп Бұқараға дейін барыпты. Матасы 18 ғасырда Үндістанда жасалған көрінеді. Оны іздеуге де көп уақыт кетіпті.
Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында облыстық өлкетану мұражайындағы Қазақстанның Ұлттық мұражайы қорынан әкелінген Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанын көруге әдейілеп бардық. Кеңес өкіметі дәуірінде ұзақ жылдар жасырын сақталған жәдігерді қалпына келтіру үшін Тұрсынгүл Жайлаубаева екі жыл уақытын сарп етіпті. Не деген жанкештілік еңбек десеңізші?! Нәтижесінде, үш жүз жылдық тарихы бар шапан күні кеше ғана тігілгендей түрленіп шыға келіпті.
Ал қазір мұражай қорындағы бұл дүниенің бағасы «60 миллион теңге» деп көрсетілген. Яғни өте құнды дүние. Асылды бағалай білгенге не жетсін!

БИДІ ҰЛЫҚТАУ ЕЛДІКТІ ДӘРІПТЕУ ЕМЕС ПЕ?

Қазыбек Келдібекұлы — қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан ол, 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, 350 жылдық мерейтойды атап өту 19 тамызда Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентінде басталған болатын. Ауыл маңына жүздеген ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Ат шаптырып ас берілді. Мерекелік шаралар барысы Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қою және құран бағыштаудан басталып, көрермендер назарына мерекелік концерт пен спорттық сайыстар ұсынылған еді. Сол күндері Қаз дауысты Қазыбек би жолымен «Бабаларға тағзым!» автокеруені жолға шықты. Керуенге ілескендер 7 көлікпен Қарқаралы, Бұқар жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Ташкент, Науаи, Шымкент, Тараз, Балқаш қалалары, Ақтоғай және Шет аудандары арқылы жүріп өтіп, 30 тамызда Қарағанды қаласында мәреге жетті. 20 тамызда Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Қазақстанның ақындары қатысқан халықаралық аламан айтыс болды. Дәстүрлі тойлау қазақ күресімен жалғасын тауып, елдің рухын оятты… Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау мұнымен тамамдалмады. Үш ай аралығында түрлі халықаралық конференциялар өткізілді, жыршы-термешілер республикалық байқауы ұйымдастырылды, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында өзара серіктестік туралы меморандум жасалды.
Осы орайда айтарымыз, баба қаны тамырында бүлкілдеп соққан облыс әкімі Ерлан Жақанұлынан үш жүзге аты мәшһүр Қазыбек бидің мерейтойы атаулы мерекелермен шектелмей, үнемі жаңғырып, рухани болмысымыздың қайнар бұлағына айналса деген тілек айтқымыз келеді.

БИЛЕР СОТЫНА ОРЫСТАР НЕГЕ ЖҮГІНДІ?

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақал кейде бізге қарата айтылғандай көрініп тұратыны бар. Тасқа қашалған тарихымыз бола тұра, данышпан бабаларымызды қаншалықты ұлықтап жүрміз? Үш жүздің бетке ұстар үш биі — Төле, Әйтеке, Қазыбекке Астанадан өзге қай өңірде ескерткіш тұрғызылды? Үш бидің сара жолын жалғастыратын шешендік мектеп тәуелсіздік алған 26 жылда қалыптасып үлгерді ме? Әз Тәукенің заманындағы «Жеті жарғының» күш-қуатынан асатын сот жүйесі бізде қалыптасты деп айта аламыз ба? Бір ауыз сөзге тоқтаған ата қазақтың бүгінгі ұрпағы неге өз қағынан жеріп жүр? Сауал көп. Жауап аз.
Пленарлық отырыс барысында конфе-ренцияның Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы жақсы бір ой тастады. «Билер соты даладағы халық арасында жалпыға бірдей беделге ие болды. Қазақстандағы орыс этносы да көп жағдайда империялық соттан гөрі әділетті қазақ билерін таңдады. Мысалға, мынадай қызық дерек бар: 1859-1865 жылдары Көкшетау сыртқы округінде орыстар билер сотына 117 рет жүгінгені тіркелген. Баянауыл округінде 65 шағымның 63- і қазақ билерінің әділетті сотына берілген. Осы кезде Ақмола округінде барлық 41 өтініш билер сотын таңдаған. Сөйтіп, империялық ресейлік соты көпұлтты халық артық көрген қазақ билер сотына бәсекелестікке жарамаған. Патша үкіметі XIX ғасырдың 60-90-жылдары билер сотын түбегейлі ыдыратты. Ол отаршыл биліктің жалпы империялық басқару ісін енгізуіне кедергі жасады. Қазақтың озық зиялы қауым өкілдері билер соты бұрынғыша қалуын жақтады. Мысалы, белгілі ағартушы, ғалым Шоқан Уәлиханов нақ осындай ұстанымда болды. Қазақстанда осы ежелгі билер сотын бірте-бірте және абайлап қазіргі сот жүйесіне енгізу қажет сияқты» деді. Тарихшының бұл ойы отарланған санаға сына қақса, қанекей?!
Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көптеген өрелі ойлар айтылды.
Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлы-ғының иегері Алдан Смайыл мырзаның парасатты пайымы көзі қарақты жұрттың талғам-таразысына сай келгендей көрінді.
— Біздің елімізде жазушы Оралхан Бөкей оқулары болып тұрады. Тап осы үрдіспен Қазыбек бидің туған жерінде жыл сайын қазақтың шешендік өнерінің байқауын өткізіп тұруымыз керек сияқты. Ел басқарған тұлғалардың тағылымды өмірі бүгінгі ел басқарып отырған азаматтарға үлгі болып, шешендік өнерін үйренсе, сол билер сияқты сөйлеуге талпынса, қандай жарасымды?! Біз осыны қолға алуымыз керек. Шешендік сөз, әділетті ұстаным Қазыбек бидің ғана қасиеті болып кетпеуі керек, басшыларға да жұғысты болса дегім келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа осы шешендік өнерді алып шығу берік ұсатыным негізі болып қаланса, құптарлық іс болар еді…
Қоғам қайраткері, филология ғылым-дарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбековтың тұжырымды көзқарасы да салмақты шықты:
— Сөзі пәтуәлі, кесімі дуалы Қазыбек би — қазақтың кемеңгері. Ол бар күш-жігерін қазақ хандығын күшейтуге арнады. Жоңғар хандығының біржола құлауын қамтамасыз етті. Ханның сенімді ақылшысы, халқының ханға бергісіз биі болды. Ел тыныштығының елшісі болды. Қазақтың сөзге тоқтаған, кісіліктің салтанат құрған кезеңі үш бидің тұсында анық аңғарылады. Олар қазақ даласындағы сот реформасын жандандырды. Қаз дауысты Қазыбек би — Қарағанды облысына ғана емес, исі қазаққа ортақ тұлға! Осы жерде айтқым келетіні: Қазақтың үш биінің тағылымдық білімін біз қалыптастыра алмай келеміз. Оларға неге ғылыми зерттеу институттарын, арнайы дала шешендік мектептерін, даналық мектептерін ашпасқа? Билер оған лайық тұлғалар емес пе? Жастарды ата-баба дәстүрімен тәрбиелемесек, келешекте алдымызда не күтіп тұрғаны беймәлім.
Қазақтың тілін жетік білетін түрік жігіті, белгілі журналист Ахмет Аляздың Қазыбек бидің шешендік сөздері туралы баяндамасына жиналған қауым дүркірете қол соқты. Нақты зерттеулерге сүйенген, бұлтартпас оқиғалар негізіне құралған баяндама Қазыбек бидің тұлғалық портретін жан-жақты ашуымен есте қалды.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай мырзаның пікірі де ескеруге тұрарлық:
— Жылдың аяғына дейін Қаз дауысты Қазыбек жылы болып, бүкіл Қазақстанда жүргізіліп жатқан ірілі-ұсақты шаралардың әрқайсысының астарында біздің қазақ халқының ұйысуы, қазақ мемлекеттігінің нығаюы, қазақ жастарының біліміне, санасына қайтадан жаңғырту рухы сіңіп жатқанына мен қатты қуанамын. Конференцияда ел ғалымдарымен қатар, шетелдік қонақтар да дала данышпанының тарихи бейнесін, қайраткерлігін, шешендігін жаңа қырынан аша білді деп ойлаймын. Мұның бәрі егемендіктің арқасы!

ТҮЙІН:
Қазақта «Біткен іске сыншы көп» деген керемет мақал бар. Бұл кез келген игі істің күнгейі мен көлеңкелі тұсының болатынын білдірсе керек. Осы орайда аздаған датымыз бар. Конференция барысында Қазыбек би бабамыздың тарихтағы орны, қайраткерлік тұлғасы барынша ашылғанымен, баяндамашылар тарапынан кей мәселеде жаттандылық, таптаурын болған сүрлеуді айналсоқтап жүріп алу көзге ұрып тұрды. Бағзыдан жеткен аңызға бергісіз оқиғалар желісіне құрылған, тарихтан алшақ, дерексіз, дәйексіз ұстанымдар айтылып қалып жатты. Бұл Қазыбек би бабамыздың даңқын асқақтатпайды, керісінше, абыройына нұқсан келтіретінін тарихшылар сезінгені дұрыс-ау. Тарихи тұлғаны дәріптеу барысында тыңнан түрен салу тарихшыға зор абырой әкелмек. Осы ретте тарихшы ғалымдар атақты бидің үрім-бұтағының өмір жолына көз жүгіртіп, азаттықты аңсап, қасық қаны қалғанша күресіп өткен Мәди сынды ұрпағын сөз етіп, тектінің ұрпағынан тектілік жойылмайтынын тарих сахнасына алып шықса, қандай игі іс болар еді…
Сосын Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында қойылған «Қаз дауысты Қазыбек би» спектаклі де «бір қайнауы ішінде кеткен» дүние секілді көріне берді. Ылғи айқай-сүргін, дау-дамай. Соғыс-сойқан. Ұнжырғасы түскен халық. Оқиғалар желісінде тұтастық жоқ. Таптаурын болған намысты аяйсың. Жігерді жанудың орнына болмашыға талас-тартыс көп. Рухты көтеруге талпыныс көре алмадық. Езілген қараңғылыққа ез болып қашанғы жүреміз?
Ең қажетті нәрсе — бала Қазыбектің қабілетінің ұшталуы, қайраткерлік келбеті мүлде ашылмады. Керісінше, ышқынып сөйлейтін даукес, кіжініп отыратын қажыған бала биді көрдік.
Ұстамдылық, биге тән сабырлы қалып, данагөй даралық керек еді… Еңсені басар жорық маршы, тарсыл-күрсіл музыка әуені де көрерменді ығыр етіп, тыныққысы келген жүйкені шаршатып мезі еткенін айтпасқа болмас.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің түсіру жұмысын бастапты деп естіп едік. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылғанынан да хабарымыз бар-тын. Бірақ көре алмадық.
Алыстан ат арытып алдырған Ресей Федерациясының ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, Федор Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің профессоры Сорокин Юрий Алексеевичтің баяндамасы да «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін құштырды. Баяндамасының тақырыбы «Орыстың ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында болғаны туралы Омбы облысының мемлекеттік тарихи архивінің материалдары» негізіне құрылған. Әу, ағайын! Қазыбек би бабамызды ұлықтаған конференцияда тақырыптан ауытқуға жол беруге болмайды ғой. Ғалым сөз етіп отырған кезең Ресей басқыншыларының қазақ жеріне көз алартып, бекіністер салуға кіріскен кезі-тін. Ол кездегі жайт көзі ашық жұрттың бәріне белгілі нәрсе ғой.
Шынын айтайық, қазақ пен орыстың достығын дәріптеп, анау-мынауды қаузайтын тарихшылар өз арамызда да толып жүр емес пе? Сонау Ресейден тарихшы келді деп, арзан бедел жинау әлі де болса құлдық санадан арылмағанымызды көрсетіп тұрған жоқ па?
Өзбекстан Республикасынан келген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясының Тарих институтының профессоры Раджабов Кахрамон Кенджаевичтің «Қазыбек бидің қызметі және қазақ жүздері мен Бұхар хандығы арасындағы қарым-қатынастар» тақырыбында жасаған баяндамасында да терең толғаныс жетіспей тұрғанын кәнігі көздердің аңғарғаны анық…

Нағашыбай Қабылбек

(17)

Отпан тау әр қазақтың мақтанышына айналып келеді

$
0
0

Әр шоқысы тарих, әр белесі жұмбаққа толы, әрбір тасы сыр шерткен, ұрпаққа үлгі етер бабалар аманаты жетіп артылатын Маңғыстау өңіріне ел Президентінің Ералы Тоғжанов секілді ұлтжанды, ұстанымы берік, парасат-пайымы жоғары, ең сенімді өкілін әкімі етіп жіберуі де бекер емес секілді. Облыс әкімі болып сайланған жеті айға жуық уақыт ішінде қыруар шаруаның басын қайырып, ел рухын көтерер елеулі істерге бастамашы болып, халықтың да ризашылығына бөленіп отырғаны қуантты. Әсіресе «Отпан» тарихи-мәдени кешенін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына негіздеп, жалпы қазаққа ортақ киелі мекен етуге талпынысы құптарлық іс. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, «Адай ата — Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне үш жүздің үш биінің монумент ескерткішін салғызуы — сөзіміздің жарқын дәлелі.
Алланың қалауымен киелі Маңғыстауға біздің де жолымыз түсті. Сапарымыздың мақсаты: «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ашылғанына 10 жыл толуына орай өтетін жиынға қатысу. Бұған дейін Маңғыстау жерінде Адай ата ұрпағы Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тауда «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенін ашқанын, оның авторы белгілі ақын Сабыр Адай екенін білетінбіз. Ел Президенті осы ақынның «Әр қазақ — менің жалғызым!», «Қазақстан — жалғыз ұлы қазақтың!» деген ұранға бергісіз сөздерін сөз арасында қолданып айтып жүретінінен де хабардар едік.
Көзбен көріп, қолымызбен киелі жердің тасын ұстамағасын, тек тілеулес болып жүретінбіз. Енді міне, арнайы келіп, ел игілігі үшін жасалған игі шараға ата-бабалар рухын асқақтатқан айтулы мерекеге куә болып отырмыз.
Бір кездері баурайы құлазыған жазық далаға, биіктігі жарты шақырымнан асатын Қаратаудың батысындағы биік шоқы — Отпан тауға күмбезі көк тіреген «Адай ата» кесенесі мен «Ана келбеті» стелласы, қайсарлықтың символы — «Көк бөрі» ескерткіші, «Ұран оты» алаңы салынып, заңғарға бастар етекте «Қазақтың үш биі» жол көрсетіп, «Ақсарай» орталығы мен «Қара шаңырақ» ғимараты бой көтереді-ау дегенге сену қиын болғаны анық. Қиялдағы ғажаптар адам қолымен жасалып жатқан мына заманда, асқақ идеяның да, қажырлы адамдардың арқасында жүзеге асатынына сенбеске шараң қалмайды екен.
2003 жылы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылғанда ел Президенті Н.Ә.Назарбаев құттықтау хат жіберіп: «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет, болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі» дегеніне көзіміз жеткендей болды.

ҮШ БИДІҢ ЕСКЕРТКІШІ — ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ СИМВОЛЫ

Сонымен, Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған еңсесі биік мерекеде алыс-жақыннан келген қонақтар «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің жанындағы «Үш жүздің төбе билері» монумент ескерткішінің ашылуына қатысты. Бұл ескерткіштің авторы маңғыстаулық мүсінші Көшер Байғазиев екенін айта кеткеніміз абзал. Ұлы дала елінің дарабоздары Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің ескерткішінің шымылдығын облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, ақын Сабыр Адай жігерлі сөздерімен ашты.
— Қадірлі ағайын! Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміздің рухын көтеретін, елдігін танытатын істер атқаруды тапсырды. Өркениетті, дамыған мемлекеттердің ерекше қастерлейтін қасиетті жерлері болады. Түп-тамыры 10 жылдан емес, тарихтың көне ғасырларынан бастау алатын бұл орын арқылы ата-бабаларымыз елімізді, жерімізді жаудан қорғады. Мұнда кезінде жағылған ұран оты елді бірлікке, татулыққа шақырды. Отпан тау — көпұлтты Отанымызда тағдыр табыстырған өзге ұлт өкілдері үшін де қастерлі нысан. Мұнда қазақстандық ұлт идеясы жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан ашылған «Үш жүздің төбе билері» монументінің тұғыры да осындай биік идеяларды көздеген асқар таудың басы болмақ. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Отпанның ұлыларымыздың өнегелі жолын насихаттау арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттың генетикалық кодын сіңіріп, «Мәңгілік ел» стратегиясы негіздерінде тәрбиелеуде атқарған рөлі зор. Отпан тауды қазақтың қарашаңырағының отауы десек, бүгінгі «Үш жүздің төбе билері» монументінің Отпан тауда орын тебуі заңдылық. Ұлылардың ұлағаты ұрпақтың жүрегіне ұяласын! Ұлттық кодты сіңіру дегеніміз міне, осы, — деді аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы.
— Кез келген киелі орын, кез келген аймақ сол жерде өмір сүріп жатқан өкілдерімен баянды. Кез келген қазақ даласының пұшпағы — қазақ халқының мәңгілік құндылығы, оның ары мен намысы, атадан балаға қалған мұрасы, оның болашағы. Жалғыз түп жусан түбінде біздің қазаққа ортақ намыс бар. Сол намыс, ұлттық рух оянбайынша, біз еш уақытта өркендеп, өсе алмаймыз. Ұлттың ішкі рухы — оның өсуінің кепілі. Сондықтан Отпанда жасалып жатқан қызметтеріміздің басты мақсаты — бұқара халықты жұмылдыру арқылы ұлттық сананы ояту, салт-дәстүрімен қайта табыстыру. Сол салт-сананың, ұлттық дәстүрдің, қағидалардың аясында қазақтың бойындағы ар-намысты ояту арқылы туыстығын баянды ету. Сол туыстық арқылы біз жұмса жұдырық, ашса алақан болып, болашаққа аяқ басуымыз қажет. Бізден кейінгі ұрпаққа мынау ұлан- ғайыр даланың бізге дейінгі тарихын және бізден кейінгі баянын дәріптеп, кемел келбетін рухани тұрғыдан жүректерге сіңіруіміз тиіс. Отпан тауға қазақтың үш биі — Қазыбек, Төле, Әйтеке биді әкелдік. Бұл — Маңғыстау халқының қазаққа, тегіне деген құрметі. Қарашаңырақ та соның белгісі. Үш бидің ескерткіші маңғыстаулықтардың жүрегіндегі қазақ халқының бірлігіне деген символы. Батырларымыздың рухымен қазаққа ұран салсақ, енді бізге үш бидің рухы келіп қосылды. Маңғыстау халқын, алты алашты ортақ бірлікке шақырамыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын! — деді «Адай ата — Отпан тау» тарихи-танымдық, этно-мәдени кешенінің авторы, ақын Сабыр Адай.
Тап осы күні «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің құрылысына атсалысып, қызмет еткен, тілектес болған Қазақ еліндегі, алыс-жақын шетелдердегі азаматтарға арнап алғыс тақтасы ашылды. «Ақсарай» мұражайының алдына орнатылған алғыс тақтасын ашу құрметі ардагер дәрігер Сүлеймен Бердәулетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетовке бұйырды.

«ЕЛБАСЫНЫҢ ШЫНАЙЫ ТІЛЕГІ ӘЛІ ДЕ ТАЛҚЫЛАНБАЙ ЖАТЫР»

Барша қазаққа ортақ мерекелік шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен жергілікті халық өкілдері «Адай ата» кесенесіне барып ата-бабалар рухына құран бағыштап, сән-салтанаты келіскен Отпан таудың бүгінгі келбетіне сүйсіне қарады. «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығының салтанатты ашылуы етектегі «Қарашаңырақ» нысаны алаңында өтті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау лебізін жеткізіп, елдік істердің атқарылуына атсалысып жүрген бірқатар азаматқа, мәртебелі қонақтарға халықтың атынан алғыс білдіріп, сый-сыяпат табыстады. Осыдан кейін облыс әкімі алыстан ат арытып келген «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры, «Ел-ана» қоғамдық-саяси, танымдық сайтының Бас редакторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызына құрмет көрсетіп сөз тізгінін ұстатты.
— Өздеріңіз білесіздер, осыдан он жыл бұрын «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің ашылуында Елбасы, Нұрсұлтан ағамыз арнайы құттықтау жіберді. Онда: «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет, болашаққа деген биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол, сондай-ақ, Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекеніне айналады деп үміттенемін» деген болатын.
Өкінішке орай, Елбасының осы киелі мекен — Отпан таудағы этно-мәдени орталық жайында айтқан шынайы тілегінің мән-жайына барып, жергілікті жерлерде және республикалық көлемде ғылыми тұрғыдан ақпарат көздерінде терең талқыланбағаны түсініксіз. Елбасының осы тұжырымдамасын басшылыққа алу — бұдан былайғы жерде баршамыздың міндетіміз бен парызымыз. Бұл жағдайды біз ақпарат бетінде де еске салатын боламыз. Тиісті орындар қаперіне алуы керек. Отпан тау туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрбір сөзінің астарында ұлттың тұтастығы мен бірлігін аңсаған, ұлттық рухты аңсаған аманат пен үміт жатыр. Жеке адамдар мен топтардың қаскөйлігі мен надандығының қырсығынан кейбір шаруалар кенжелеп жатса, оған көз жұмып қарау — ұлттық мүдде тұрғысынан қылмыс. Осы орайда, өзге де басшы азаматтар сияқты, Маңғыстау облысының жаңа әкімі Ералы Тоғжанов бастаған азаматтардың «Отпан тау — Адай Ата» этно-мәдени орталығына аса мән беруі, халықтың және автордың талап-тілектеріне құлақ асуы — нағыз көрегенділік, алғыс айтамыз! Бүгінгі өтіп жатқан шара — соның дәлелі. «Отпан тау — Адай Ата» этно-мәдени орталығы — ұлт байлығы.
Сондай-ақ, Отпан тауға келген қазақтың үш биі елдің тұтастығын тілейді. Бұл шалдар текке отырған жоқ. Ынтымақ пен бірлік бар жерде қазақ барын көрсетіп отыр. Сөз соңында айтарым: Маңғыстау өңірі рухани жаңғырудың кіндігі деп ойлаймын, — деді.
Алматыдан арнайы келген шығыстанушы, этнограф ғалым Ислам Жеменей:
— Құрметті ағайын! Бүгінгі шаралар ұлтсыздықтан, дінсіздіктен, отансыздықтан қорғану, елдің ынтымағы, жеріміздің тұтастығын сақтау жолында жасалып жатқан жарқын істер. Бар қазақ бір-бірін «әр қазақ — менің жалғызым» деп жақсы көруі керек. Бар қазақ бір болсын! Ең биік нүктеде халық үшін мән-маңызы зор, елді ауызбіршілікке, бір болуға үндейтін істер жалғасын табады деген сенімдемін. Еліміздің мерейі үстем болсын! — деп сөзін қорытындылады.

362 БАСПАЛДАҚ НЕНІ МЕҢЗЕЙДІ?

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз», — дегені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Отпан тау — тек қазақ халқы үшін ғана емес, киелі түбекті бізге дейін де жайлаған жеті жұрт үшін қымбат мекен. Отпан таудың ежелден арқалаған мақсат-міндеті бар. Ол — ынтымақ пен бірлік сақтау және ағайын арасындағы татулық туын тік ұстау. Кешеннің идеологиялық көрінісі ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасымен үндесіп, ұлт бірлігінің ажырамас бөлшегі саналатынын айта кеткеніміз жөн.
Айтпақшы, басын бұлт шалған Адай ата кесенесіне жету үшін 362 баспалдақты басып өтуің керек. Маңғыстауда дәстүрлі дініміздің, ұлылар руханиятының ұрығын сепкен және оның үзілмей бүгінгі ұрпаққа жетуіне себеп болған 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ осы. Бұл баспалдақтар Ақсарай мен Адай атаның кесенесін жалғастырып тұр. Маңғыстау қойнауында мәңгілік мекен тапқан әулиелердің қасиетті рухы Отпан таудың басына келіп, осы баспалдақпен жүріп өткен жанға шапағаты тиер деген тілекпен ырымдап салынған. Осының негізінде болашақта осы жерде жастардың санасына ұлттық тәрбие ұялататын, ұлтымызға жүздеген жылдар бойы рухани азық болатын 362 әулиенің нышани ескерткішін тұрғызу жоспарланыпты. Ата дәстүрін дәріптеген ұрпақ барда бұл игі шараның да жүзеге асарына сенбей көр! Бата төбе нысанын 2016 жылы Қосай ата ұрпақтары салып бастаған. Нысан болашақта ақсақалдардың жастарға, әскер қатарына бара жатқан ұландарға, жас жұбайларға т.б. бата беретін, келушілердің ғибадат ететін, тағзым орнына айналмақ.
Жотаның бел ортасында жорық жыршысы, өзі ақын, өзі батыр Қалнияздың бейіті жатыр. Ел аузында «Жорық жыршысы» аталған Қалнияз Шопықұлы 1870 жылғы патша үкіметінің басқыншы саясатына қарсы бас көтерген Иса — Досан көтерілісіне қатысқан өжет ерлердің бірі ретінде қудаланған соң, бас сауғалап, тәжік жеріне көшіп кеткен. Өмірінің ақырына дейін туған жері Маңғыстауды сағынып, оған келуді армандап, жырлап өткен. Ұрпақтары оның аманатын орындап, 2015 жылы мамыр айында ақынның сүйегін Отпан таудың баурайына әкеліп қойыпты.
«Той дегенде қу бас домалайды» деген рас-ау. «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығы құрметіне қолөнер шеберлерінің республикалық көрме-жәрмеңкесі мен ұлттық ойындардың жарысы да өтті. Халық қарасы да әжептәуір. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен жыршы-күйшілер күмбірлетіп күй төгіп, құйқылжыта ән салды. Мерекелік бағдарламалар мазмұны мәдени шаралармен қатар ұлттық ойындарды да қамтыды. Шетпенің шетіндегі ат жарысы алаңында түстен кейін облыстық атан, тай жарысы өтті. Атан жарыста Сұлтанғали Кенебаевтың (Маңғыстау ауданы) түйесі бірінші болып мәре сызығын кессе, Әубәкір Баубектің (Маңғыстау ауданы) түйесі екінші келді. Жүлдегерлерге 200 және 100 мың теңге көлемінде қаржы табысталды. Тай жарыста Қилыбек Қойшыбаевтың аты қамшы салдырмай, бірінші болып келді. Жүсіпбек Қонаевтың жүйрігі 2-ші келсе, 3-орын Азамат Қожахметовтің тұлпарына бұйырды.

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ӨЗЕКТІЛІГІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ

Мереке аясында, Ақсарай ғимаратының конференц-залында «Рухани жаңғырудағы «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, онда көптеген түйткілді мәселелер көтеріліп, көптеген ұсыныстар айтылды.
Жиынға қатысқандар:
Ислам Жеменей, филология ғылым-дарының докторы, профессор, шығыста-нушы-ғалым;
Сәуле Мешітбайқызы, халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық-саяси, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы;
Сабыр Адай, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, ақын, кешен құрылысы идеясының авторы;
Отыншы Көшбайұлы, жазушы, өлкетанушы;
Алқажан Еділхан, өлкетанушы;
Нияз Тобыш, педагог, аудармашы;
Тамара Қалмырзақызы Жұмалиева, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры;
Мұрат Ақмырзаев, өлкетанушы;
Сәрсенғали Бекешов, Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінің тарих ғылымының кандидаты, доцент;
Пания Сармурзина, Маңғыстау облыстық мәдениет басқарма басшысы-ның міндетін атқарушы;
Нұрлан Мусаев, дөңгелек үстел жүргізушісі, «Отпан» тарихи-мәдени кешеннің директоры, облыстың мәдени қызметкері, айтыскер ақын.
Модератор Н.Мусаев кезекпе-кезек жиналған зиялы қауымға сөз беріп, олардың еркін сұхбат құруына бар мүмкіндікті туғызып отырды. Біз енді сол дөңгелек үстелдегі өзекті деген ойларды теріп алып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сабыр Адай, ақын:
— Құрметті ағалар, ақсақалдар, мына дөңгелек үстелге қош келдіңіздер! Қысқаша айтқанда, рухани жаңғыру — қазақтың тарихында рухтың өлмегендігі, тәуелсіз ел болып отырғанымыз да соның айғағы. Ұрпақтан-ұрпаққа салт-дәстүрлерді, қағидаларды бесігінен үйретіп отбасында, елдің ішінде, ақсақалдардың аясында, азаматтардың шеңберінде ұлттық мүддені бірінші қойып отырған…
Отпан тау Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орныдары тізіміне кірді. Болашақта Амал көрісуді жалпы халықтық деңгейде жаңғыртайық. «Араласпаса, ағайын жат» дейді халық, Қарашаңырақ негізінде бүкіл қазақты, шетелдерде жүргендерді де біріктіру керек деген маңғыстаулықтардың тілегі бар.
Алаш батырға ескерткіш салуды қолға алатын кез келді. Образын жасауға республика бойынша байқау жариялауды ұсынамын.
Тағы бір қолға алынатын мәселе — қазақтың рулық тақтасын осы Отпан тауда орналастырса орынды болар еді. Отпанның өзінің ақпараттық көзі болу керек деп ойлаймын, болашақта осы тұрғыдан да қызмет жасау керек сияқты…
Сондай-ақ, шетелдерде ғылым-білімнің айналасында жүрген отандас азаматтар жүр. Сол елдерде небір қазаққа байланысты құндылықтар, көмбелер тұншығып жатыр. Соларды жарыққа шығаратын аударма, зерттеу ортылығы ашылса деген тілегімді де жеткізсем деймін.
Ислам Жеменей, тарихшы:
— От — нұр мен даналықтың белгісі, адамзаттың философиясының негізі. Гомердің «Илиадасында» Прометей деген батыры болды, халыққа даналық жарығын әкелем деп азапқа түседі. Құдайлар батырды ең алыс жерге, мәңгілік азапта тұрсын деп, тауға апарып байлап тастайды. Оның философиясы неде: дене өлгенмен, сана, парасат өлмейді… Отпан тау деген тек қана Адай емес, қазақ емес, адамзаттың жаратылысы философиясының негізі. Не деген бақытты халықпыз, бұндай үлкен философия өзіміздің жерімізде, әфсана-аңызымызда… Ешнәрсе кездейсоқ емес. 10 жыл бұрынғы көргенім мен бүгінгі Отпанды салыстырғанда аспан мен жердей айырмашылық бар. Бұл дегеніңіз ұлы елдің ықыласы ғой. Әлемді билейтін ой, бұл жерде әлемді өзіне қарататын орталық болу керек.
Маңғыстау туралы зерттеулерге менің қосатын үлесім: бес зерттеуші ғалымның түпнұсқаларын парсы, түрік тілдерінен қазақ тіліне аударып, зерттеу жұмыстарын жүргізу. Деректер мен түпнұсқалармен жұмыс істеу. Сол кезде көптеген тың деректерге кездесеріміз сөзсіз!..
Сәрсенғали Бекешов, тарихшы:
— Бір кезде ғылыми-зерттеу орталығы болды, сол орталық кейін жабылды. Археологиялық қазба жұмыстарынан кейін жәдігерлердің көбін алып кетеді. Қайтадан орталықты жаңғырту керек деп ойлаймын.
Тамара Жұмалиева, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
— Тарих, этнография, археология ғылыми орталығын ашу туралы 10 жылдан бері айтып келе жатырмын. Егер ашылып жатса, тарихымыз құнды жәдігерлермен толығып, әлі де болса ел біле бермейтін тың жаңалықтардың ашыларына сенемін.
Пания Сармурзина, Маңғыстау облыстық мәдениет басқарма басшысының міндетін атқарушы:
— Қыркүйек айында облыс әкімі мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Үлкен мәселенің бірі ретінде осы мәселе айтылды. Жиналыстың қорытындысымен хаттама шығып, университетке тапсырма берілді, ғылыми орталық ашу туралы тарихшылардың ұсынысына жауап та берді.
Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
— Бүгінгі мереке тек Адайдың емес, Алаштың мерекесі. «Берген жомарт емес, алған жомарт» дейді. Ұлытауға, Ордабасына барғанда қарным ашады, көз алдыма Маңғыстау, Адай бабам есіме түседі. Отпан тау — ұлт байлығы, қазақтың, түркі тілдес халықтардың символы. Ел де ортақ, ер де ортақ, Отпан тау да ортақ. Осында келіп орналасқан үш бидің ескерткіші қандай керемет.! Бұл үш шал, үш бабамыз қазақтың тілегін, бірлігін тілеп отырған әруақ. Отпан тауда 10 жыл ішінде жасалған жұмыстар рухани жаңғырудың жасампаз көрінісі деп білемін. Отпан тау 100 нысанға енгенін газетімізге сүйіншілеп бердік. Қуандық, шын мәнінде Отпан таудағы кешендей қазақ жерінде мәдени кешен жоққа тән. Рухани жаңғырудың кіндігі — Маңғыстау. Мұны мойындауымыз керек. Біраз ойларым бар: бірінші — Қазақстанның студент жастарын, мектеп оқушыларын осындай киелі жерлерге апарып тамашалату керек. Сөйтіп, олардың рухын көтеру керек. Ұлытау мен Ордабасын осындай Отпан сияқты жасаса, шіркін! Бұл енді сол жақтағы азаматтарға сын, олар жетімсіреп тұр. Климаты да керемет, жайнап кетпей ме? Нағыз идеология — Отпан тау.
Екінші ұсыныс: қазақ қағидатын (Амал, қарашаңырақ, қара қазан…) бүкіл қазақ еліне жеткізу.
Үшінші ұсыныс: республикалық, халықаралық дәрежеде Қарашаңырақ ғимаратында ұлттық көпшілік шаралар өткізу. Амал мерекесін қазақтың төл мерекесі ретінде дәріптеу қолға алынса…
Отыншы Көшбайұлы, жазушы:
— Отпан тау бар қазақтың рухани орталығына айналады деп сенеміз. Себебі бұл аймақ қазынаға толы. Тек ынтымақ пен бірлік керек…
Алқажан Еділхан, өлкетанушы:
— Отпан таудың шығысында екі шақырымдай жерде «Алтын қазған» аталатын көне кеніштің орны бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары археологтар Ақтөбе облысының Мұңалжар тауындағы көрнекті үйікті қазып, б.з.д. 500-400 жылдарда жерленген жауынгердің сүйегін, қоладан жасалған қару-жарағын, ат әбзелдерін тапты. Жебенің ұштары, үзеңгі, ауыздық құйылған металдың құрамын анықтау үшін спектральді сараптама жасаған кезде олардың Маңғыстаудың Шығыс Қаратауында, яғни Алтынқазғанның мысынан жасалғаны анықталды. Геологтар осы жерде ерте заманда ірі кеніш орталығының болғанын, жөнелтуге әзірленген дайын қорытпалар тапқанын хабарлады. Жергілікті өлкетанушылар облыстық мұражайдағы Ақтау қаласының тұсындағы теңізден табылған мыс құймаларды осы Қаратаудағы кеніштерден өндірілген, теңіздің арғы жағына апарарда апатқа ұшыраған кемеден түсіп қалған деп есептейді. Алтынқазған кеніші қай жылдарға дейін істеген десек, Астрахань қаласының мұрағатында сақталған құжаттарға жүгінеміз, оларда қазақ ханы Пірәлінің 1802 жылдары Қаратау кеніштерінде алтын өндірісін ұйымдастырғаны жазылған.
Осы маңайды зерттеп, оны туристік нысанға айналдыру үшін «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашу қажет болып тұр.
Отпан таудың айналасындағы мекендерге лингвистік, ономастикалық зерттеу жүргізу туризмді дамытудың алғышарттарының бірі екендігі белгілі. Мысалы, маңғыстаулық жас ұрпақ, шет жерден келушілер Шершелі құдығының атауы көне түркінің серше — торғай сөзінен, Ұланақ тақырының атауы көне түркі мемлекетінде болған батыстағы герцог, граф, маркиз дәрежелеріне ұқсас мырза, оғлан, ұланақ санаттарының аттарынан, Қыз қорған төбесінің атауы жаугершілік заманда қыз-келіншектерді қорғау үшін сол төбенің басына шығарып жіберіп отырғандықтан, Мылтық үй атауы мергендерге арналып тұрғызылған мұнараның атынан шыққанын білуге тиісті.
Мұрат Ақмырзаев, өлкетанушы:
— Менің ұсынысым мынау: билер институтының саяси жүйесін қалыптастыру керектігін, Адай ата жазуының үстіне адам, алаш, алшын деген жазулар қажеттігін айтқым келеді.

ТҮЙІН:
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген қазақ неткен данышпан еді! Маңғыстау, қай жағынан алсақ та, барша қазақ баласына ата-бабаны, салт-дәстүрді дәріптеудің ерен үлгісін көрсетіп отыр. «Құланның қасынуына шүріппенің басылуы» дөп келіп, Елбасының рухани жаңғыруы 362 әулиенің табаны тиген өлкеде жаңғыра түсуі кездейсоқтық емес болар. «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ашылғанына 10 жыл толғанымен, атқарылған жұмыстар аз деуге дәтің бармайды. Ынтымағы жарасқан ағайынның «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», Отпантауға шын ниеттерімен қызмет көрсетіп жатқанына да куә болдық. Алайда әлі де жасалуға тиіс шаруалар шаш етектен. Солардың бірсыдырғысын қайталап атап өткенді жөн көрдік.
Олар: Отпан таудың басына əр рудың таңбаларын тасқа қашап қалдыру күн тәртібінде тұруға тиіс. Ол үшін Таңбалы тасты өрнектеуге республикалық конкурс өткізу; Алты алаштың ескерткішін салып, елдіктің ерен үлгісін таныту; Рухани зерттеу орталығын ашу; Мектеп оқушыларын Отпан тауға жиі əкеліп, бабалардіың ізгі жолын саналарына сіңіру; Туризмді мемлекеттік тұрғыда жандандырып, қонақүй мəселесін тез арада қолға алу; Келген қонақтарды ауызсумен қамтамасыз ету үшін тез арада құдық қазып, су шығару; Ақтау-Шетпе жолынан Отпан тауға жол тарту; Тағы басқа да кезек күттірмейтін мәселелер жетіп артылады. Осы айтылғандар ұлтын сүйер азаматтардың қолдауымен жүзеге асады деген ойдамыз.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, облысқа билік баспалдағында сатылап өсіп жетілген, ана тілінің сүтін арда емген азамат Ералы Лұқпанұлының басшы болып келуі де жақсылық нышаны! Елі үшін туған ерлердің Отпантау секілді барша қазақтың аруағын көтеретін игілікті іске бей-жай қарамайтынына сенгіміз келеді.

Р.S: Мақала баспаға жөнелтіліп жатқанда қуанышты хабар келіп жетті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Отпан» тарихи – мәдени кешеніне келімді – кетімді қонақтарды күтіп алу үшін кең ауқымда қонақ үй салуға тапсырма беріпті.

ҚАЙДА МЕНІҢ ӨР РУХЫМ — КӨК БӨРІ?

(Бұл жырымды қазақ поэзиясының
Көк бөрісі Сабыр Адайға арнадым)

Маңғыстау өңіріндегі Отпан тауға жол түсіп, Адай ата кесенесіне барып, ата-баба аруағына құран бағыштап қайттық. Ақын Сабыр Адайдың идеясы негізінде Отпан тау тарихи-мəдени кешені тұрғызылғаны белгілі. Баурайда үш жүздің үш биі малдасын құрып, елді ынтымақ пен бірлікке шақырып отыр. Ту биіктегі Адай ата басында қос ұлы мен Ұран-от жəне Көк бөрі тұр. Көк бөрінің айбарлы сұсын көріп, қайдағы-жайдағы еске түсіп, көкірегім қарс айырылды…

Ей, Көк бөрі,
көктүріктің ұраны
болып едің,
Ескерткішің тұр əні!
Саған құлап сыйынбаймын,
алайда
сені көрсем
қаным қызып тұрады!

Ей, Көк бөрі,
Көк түріктің ұраны,
сенен өткен
көре алмадым қырағы!
Көк аспанның
көк жебесі атанған
сенен ғана
тайсақтайды қыраны.

Ей, Көк бөрі,
Көк түріктің ұраны,
сенен көрдім
көнермейтін мұраны!
Отаныңа,
отбасыңа адалсың,
біздер жүрміз
арқалап бар күнəні.

Ей, көк бөрі,
Көк түріктің ұраны,
қыңқ етпедің қылбұрауға…
бұрады…
… Аталасың арыстан мен
жолбарыс,
балаларға мазақ болып
жүр əні…

Ей, көк бөрі,
көктүріктің ұраны,
достыққа адал,
құштарлығың ұнады!
Құрақ ұшып бас ұрмайтын
тектілік
қан арқылы
қу шекемді ұрады!

Ей, көк бөрі,
Көк түріктің ұраны!
Заман сені қаншама рет сынады.
Сен рухсыз қазақтарға
кектендің
кезіп жүріп
тау мен тасты,
жыраны!

Ей, Көк бөрі,
көктүріктің ұраны,
сені көрсем,
көзім жайнап тұрады.
Сен мақтауға зəру емес
тағысың,
біз пендеміз
елең еткен құлағы.

Ей, Көк бөрі,
Көктүріктің ұраны,
аңсағаның азаттықтың жыр-əні!
Миллиондарды жеген
жемқор қасында
сенің тартқан
тоқтың неге тұрады?!

Ей, Көк бөрі,
екеумізге жер-Ана,
жерден берді ырыздықты
тең,
дара!
Динозавр заманында күн кешіп,
өр рухпен
бізге жеткен сен ғана!

Ей, Көк бөрі,
Көктүріктің ұраны,
қайда сенің
кең жазира Тұраның…
…Сені жебеп,
қорғап жүрген Тəңірдің
Мені демеп,
қолдап жүрген Құраны!

 

Нағашыбай Қабылбек

(5)

Ежелгі қазақтың 7 түрлі әскери қосыны

$
0
0

Қазақ және басқа да Түрік-Ғұннан тараған халықтарда мынандай әскери атаулар қолданылған екен, таңданыс тудыратыны қаншама ғасырлар өтсе де бұл атаулардың күні бүгінге дейін қазақ жадында сақталуы мен қолданыста болуы. Төменде осы әскери атаулардың түсініктемесі берілді.
Мәліметтер «Түрік Шежіресін» (1838 жылғы Лондон нұсқасы) негізге ала отырып жазылды, бұл «Түрік Шежіресінің» иесі — Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошыдан тараған бел ұрпағы Әбілғазы Бахадүр, ол Хиуа хандығының ханы болған. «Түрік Шежіресінің» әуелгі нұсқасы 1663 жылы Әбілғазы жағынан жазылған. Еңбек алғаш рет Француз тіліне 1726 жылы аударылса, кейін ағылшын және орыс тілдеріне аударылған.

Еңбектен білгеніміздей, ерте заманда Оғыз хан барлық әскерлерін жинап жетіге бөледі, осы жеті топтың атаулары жеке-жеке мына ретпен келген.
1. Құрауыл: бірінші топ — ең алдында жүретін бірінші бөлімі. Бұл топ әскердің ең алдыңғы қорғаныс әрі шабуылшы шебі болған. Түріктер бұл топты «Құрауыл» деп атаса, Моғолдар (Моңғолдар) «Болжоңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр «Түрік Шежіресінде». Олар құрамалар болып, ең алдымен ұрысқа кіріп, шайқас дәмін татады әрі қырғынға көп ұшырайтын да осылар. Аты айтып тұрғандай, олар әртүрлі құрама топтардан құралған. Хандар «Құрауыл» қосынына әртүрлі тұтқындармен басқа жұрттарды көп қосатын болған, себебі қырылса, ең алдымен солар қырылатын, өз әскеріне тым зақым келмейтін. Мәселен, Шыңғыс хан тұтқынға түскен тәжіктерді түмен-түменімен ең алдыңғы «Құрауыл» қосынына қосып, қалаларды алуға жөнелткен.
2. Ерауыл (немесе Мұнқолай). Түріктер бұл қосынды «Ерауыл» (ерген топ) және «Мұнқұлай» деп атаса, моғолдар (моңғолдар) «Бороңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр. Олар алдағы «Құрауыл» тобының артынан мәлім аралық-қашықтық қалдыра еріп отырады, бұл бөлімнің басты рөлі барлық қосындар арасындағы байланысты жандандыру болған. Ал арабтар бұл топты «Мүкдүмт-ил-жиш» деп атайды, себебі бұл топқа қосындағы ең батыр жігіттер ұйыстырылған деп жалғастырады еңбек иесі. Бұл қосын «Құрауылдың» артын аңдап еріп отыратындықтан, «Ерауыл» немесе «Ерген топ» аталған.
3. Оңқол. Бұл топ жалпы қосынның оң жақ бөліміне орналасқан. Олар алдыңғы екінші топ «Ерауылдан» садақ жебесі жетер ара-қашықтық, яғни жебе ұшырым шалғайлық сақтап отырады. Бұл топты түріктер «Оң қол» деп атаса, моғолдар «Оңғар» деп атайтын, арабша «Йүменә» делінген.
4. Солқол. Жалпы қосынның сол жақ бөліміне тұрақтасқан, яғни «Оңқолдың» қарсы жағына орналасқан. Түріктер бұл қосынды «Солқол» десе, моғолдар «Жоңғар» деп атайтын. «Оңқол» мен «Солқол» ортадағы «Жасауыл» қосынынан тең аралық сақтап жайғасқан, осы ретпен жүреді.
5. Жасауыл. Жалпы қосынның қақ ортасына орналасып, «Қол» деп аталған. Олар «Оңқол» мен «Солқол» екі топтың арасында қимыл жасап, қозғалыс алып барады. «Жасауыл» қосынның қолбасы ұрыста өзінің орнын осы арадан ауытқытпай сақтап, бұйрығын осы екі арада атқарады. Бұл қосын түрік тілінде «Жасауыл» делінсе, арабша «Қалыб-әл-жәйш» делінген. Хандар мен патшалар осы «Жасауыл» қосынында жүретін болса керек, «Түрік Шежіресінде» Шыңғыс хан Найманханмен ұрыста осы «Жасауыл» қосынында тұрғандығын айтады. Бұл қосынға бұзып-жарып кіру өте қиын болған, себебі «Жасауылды» алдыда «Құрауыл» мен «Ерауыл» қосыны қорғаса, оң жақтан «Оңқол», сол жақтан «Солқол» қосыны қымтаған, ал артынан «Шаңдауыл» және «Бұқтырма» қосыны қорғаған.
6. Шаңдауыл. Алдыңғы «Қол» тобынан белгілі аралық сақтап орналасқан, яғни олар «Қол» қосынының ат тұяғынан шыққан шаңына жетеғабыл қашықтықта еріп жүруі керек. Бұл қосын түрік тілінде «Шаңдауыл» (Шаңды-ауыл) делінсе, арабша «Сәкех» делінген. Кейде түріктер бұл топты «Оқшы» деп атаса, моғолдар (моңғолдар) «Оқжоңғар» деп атайтын.
7. Бұқтырма. Бұл — «Шаңдауыл» қосынына оң-солға бөлінбей жинақы түрде еріп отыратын қосын. Олар жаулар «Шаңдауыл» қосынының ат тұяғынан шыққан шаңды көре алмайтындай аралық тастай бұға еріп отырады. Түріктер бұл топ қосынды «Бұқтырма», моғолдар «Басоңғар», парсылар «Күменгәх» деп атайтын еді, ал араб тілінде қалай атайтыны белгісіз. Парсылар осы тектес қосын-әскери түзімдерін татарлардан (түрік-моғолдардан) алған. Аты айтып тұрғандай, «Бұқтырма» — жалпы қосынның ең артынан бұғып жасырына еріп жүретін қосын.
Бұл ертедегі әскери атаулар көне замандағы түрік-моңғол ел-ұлыс-рулары жорықтарында қолданылған. Қызығарлығы бұл атаулардың түрікшесі қазіргі қазақтар арасына, ал моғолшасы моңғолдар арасында әлі күнге дейін қолданыста, бұл қазақтардың олармен тіке мұрагерлік жалғастырушы байланыста екенін тіпті де анықтай түседі. Әбілғазы осы «Түрік Шежіресінде» Шыңғыс хан моғолдарымен Найман ханның Наймандары арасында болған ұрыс дәл осы әскери бөліс тәртібі бойынша жүргізілгенін айтады, бұған қатысты уақиға аса анық түрде былай суреттелген. Үзінді:
«… Қозы (Көксауыл батыр) батырдың бұл сөзін естіген Найман ханы қатты ұялып, өздерінің ұрыс айласын күшінен қалдырады да, кері шегініс жасап ұрысудың орнына қарсы соғысқа дайындалады. Ханзада Төле Темұшынның (Теміршін) «Болжоңғар (Құрауыл)» немесе алдыңғы қорғаныс қосынымен жетіп келіп, Наймандарға шабуылдай бастайды. Найманның бұл бөлімі жеңіледі, артынша Найман «Құрауылына» көмекке Қозы батыр Найман ханның «Бороңғар (Ерауыл)» қосынымен жетеді, ал олар Құбылай мен Жебе Ноян бастаған «Мұнқұлай, яғни Ерауыл» қосынымен қылыш айқастырып, екі жақ ұрыста тең түседі, қос жақтан да өте көп адам өледі. Осы кезде Теміршіннің «Қол (Жасауыл)» қосыны немесе негізгі қосынымен келеді, тағы да оған ілесе «Оңқол» және «Солқол» қосынды бастап Шағатай мен Өгедайлар шайқасқа араласады. Ал Жошы болса «Әсүбех (әсүбе)» («Шаңдауыл немесе Бұқтырма» қосыны болса керек) немесе запас қосынмен Моғол қосынының артқы және жан тұстарын қорғап келе жатқан. Құрашар Ноян (Шыңғыс ханмен бір аталас, Әмір Темірдің арғы ұлы атасы) ерекше батырлық танытып Найман ханға қарсы аса сәтті ұрыс айлаларын іске асырады. Дәл осы кезде Теміршін өзінің асқан жаужүрек батырларымен басын бәйгеге тіге қанды шайқас майданына бас қойып, бар жан-тәнімен ұрыс салады, ол Найман ханға қарсы бората аса сәтті соққылар жүргізеді. Теміршіннің барынша құлшынысты шайқасынан соң, Найман ханы ауыр жараланып, денесінен қан көп кетеді де, атының жалын құшып салбырап қалады. Найман ханды бектері қорғаштап атын жетектей жақын арадағы тауға алып кетеді. Хан сол арада бұл дүниеге қош айтады…».
Осы іспеттес әскери бөлістер Әбілғазының айтуынша Алтын Ордамен Әмір Темір арасында болған аса зор ұрыстарда да қолданылған. Мәселен, оны Әбілғазы былай с»реттейді:
«… Сол алапат ұрыстан соң Бахрен Ұғылы Байдың денесі оның руындағы сап қаракөк болат сауыт киген 700 жас жігіттің өлігімен жабылып қалған күйінде табылады, бұлар Ұғылы Байдай Ноянын қорғамақ болып жанын берген жігіттер-тұғын. Олардың барлығының мінген жылқыларының жалымен аяғына қитас (тау қодастың құйрығы, ұрыс айлаларының бірі, қитас аттың жүрген ізін білдірмеу үшін тағылады, ат аяғына байланған қитас ат ізін өшіріп отырады және аттың қай бағытта бет алғанын білдірмейтін рөлі бар) ілінген екен, осыдан-ақ бұл ұрыста оларда қаншалықты шығын болғанын мөлшерлей беруге болады. Сол күннен бастап Өзбек хандарының әскери қанатындағы немесе құрындағы (әскер құрамасы немесе дұрбарыс) Бахрен тайпасының орны сол қанатта (Солқолда) болып қалған, сол қанат немесе сол-құр қосынды моғолдар «Жоңғар» деп атаса, түріктер «Сол-қол» деп атайтын еді. Бахрендер одан бұрын өздерінің туыстастары болған Қоңырат, Найман, Жалайыр және Үлешүн (Үйсін немесе Алшын) қатарлы тайпалармен оң қанат (Оңқол) әскер құрамында еді (оң жақты моғолдар «Оңғар», түріктер «Оңқол» дейтін). Бұл шайқас Бахрендердің жан санын аса көп дәрежеде кемітіп жібереді, одан бұрын Бахрендердің саны Қоңыраттар мен Наймандардың екі есесінде» көп болатын…»
Берілген деректер бойынша ертедегі Оғыз Қаған, бертінгі Түрік-Моңғол ұлыстары да ұқсас әскери атауларды қолданғанын байқаймыз, әрі бұл атаулар күні бүгінге дейін қазақ халқы арасында сақталған. Қазақтың «Жеті» санын құрметтеуі де осы себептермен болса керек. Айтылған 7 түрлі әскери қосындардың орналасуын зерделесек, олар бейне садақтың жебесі секілді пішін түрінде келгенін байқаймыз, төменде суреті берілді. Жалпы қосын ұрыс барысында әрқандай жағдайдада осы жебе формасындағы қосын тәртібін бұзбауы міндетті болған. Күллі қосын бейне бір жылжымалы алып жебедей жорық барысында сайын даланы ендей өтетін. Найман ханының шегіне ұрыс жасау тәсілі Теміршіннің осы жебе пішіндес темірдей қосын тәртібін бұзу үшін болған делінеді.
Әбілғазы осы әскери атауларды Әмір Темірдің ұрпағы болып келетін атақты ғалым Ұлықбектің жазған «Төрт ұлыс хандары (Тариқи-ұлұс Арбаға)» атты еңбектен алса керек. Сонымен бірге Әбілғазы бұл еңбекте Шыңғыс хан және Моғол рулары Нұх пайғамбардың баласы Жапеттен туған Түріктің ұрпақтары дейді, «Жәмиғ Әл-Тарауиқтың» йесі Рәшід Ад-дін мен «Зафарнама» (18 ғасыр) атты еңбекте Язидта солай түсіндіреді, алайда 14 ғасырда жазылған «Тәрйқ Әл-ғұзйда» атты еңбекте Хамадұллах Қазуыни Моғолдар Түріктің баласы емес, ол Түріктің Мансақ деген інісінен тараған, Мансақты «Дыбақу Хан» деп те атайды, ол Ғұр жұртының атасы деп жалғастырады әрі жоғарғы еңбектерде Ғұрлар Түріктің дұшпаны болып саналған.
Бұл еңбектерден осы тектес Қазақ халқының өткені мен бүгініне қатысты тарихи дерек-деталдарды көптеп жинақтауға болады. Тағы бір қызығы бұл «Түрік Шежіресінде» басқа нұсқадағы «Түрік Шежіресінде» кездесе бермейтін осындай құнды деректер молынан табылады.

Жолдас Нұрсұлтанұлы

(2)

Астана алаштың 100 жылдығын тойлады

$
0
0

2017 жылы 10 қараша күні Астанадағы ЭКСПО кешеніндегі Конгресс орталығында Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ халқының егемендікке талпынған күрестерінің ішіндегі айтулы оқиғалардың бірі болып табылатын Алаш қозғалысы, ұлт зиялыларының өскелең идеялары заман өткен сайын әділ бағасын алып келе жатыр. Бүгінгі халықаралық деңгейдегі жиналыс та сол ардагерлердің ұлы ісіне айрықша құрметтің бірі болса керек. Айтулы жиналысқа Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан секілді елдерден келген ғалымдар қатысты.
Жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Пленарлық мәжілісті ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы, конференция модераторы Ерлан Сыдықов ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметі жайлы айта келіп, Республикамыздың әр аймағында Алаш тақырыбы төңірегінде 3000-ға жуық іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. «ХХ ғасыр басындағы «Алаш» жалпыұлттық қозғалысы мен Алаш автономиясының тарихына жаңа сипатта баға беру және қазақ мемлекеттілігін дамытудағы рөлін айқындауды міндет еткен ғылыми конференцияда қоғам қайраткерлері мен ғалымдар маңызды баяндамалар жасады. Атап айтар болсақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, Мұстафа Шоқайтанушы Әбдуақап Қара, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Мәмбет Қойгелді, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Әзірбайжан ҰҒА Кавказтану институтының директоры Муса Гасымлы, Өзбекстандағы Самарқан мемлекеттік университетінің профессоры Ильхомжон Саидов, Қырғыз-Ресей Славян университетінің кафедра меңгерушісі Зайниддин Курманов, Башқұрт ғалымы Марсиль Фархшатов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Людмила Гривенная, сондай-ақ, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған қатарлы ғалымдар баяндама жасады. Конференция аясында «Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер және Алашорда», «Алашорданың саяси тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен іске асуы» атты секция отырыстары өтті.
Конференция жұмысына қатысушылар мынадай бірнеше ұсыныстарды ортаға тастады: «Алаш» қозғалысы қатысушыларының мұраларын зерттеуді одан ары жалғастыру, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Алаш қозғалысы мен қайраткерлерінің қызметін тереңнен ашатын іргелі зерттеулер жазуды ұйымдастыру. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметін халыққа насихаттау мақсатында қозғалыс өкілдерінің толық шығармалары берілген «Алаш қозғалысы тарихы» атты ғылыми басылым кітаптар сериясын жариялау;
– Алаш қозғалысына қатысты сол дәуірдің мұрағат құжаттарын жүйеге келтіріп, құжаттар сериясын басып шығару;
– Аудио-визуалды ақпарат түрлері, тасқа таңбаланған көркем сурет, Ә. Бөкейхан, Б. Қаратаев, М. Дулатов пен ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының есімдерін қасиетті орындарға, ғылыми ұйымдар мен ЖОО-на беру арқылы қозғалыс жетекшілерін мәңгі есте сақтау жұмыстарын жалғастыру;
– «Әлихан Бөкейханов», «Алаш қозғалысына — 100 жыл» атты төсбелгілер тағайындауды және олармен Алаш қозғалысы қызметін зерттеу мен таратуға қомақты үлес қосқан Қазақстан және шетел азаматтарын марапаттауды ойластыру;
– Алаш идеясын кеңінен насихаттау мақсатында жетекші өкілдер шығармаларын, олар туралы іргелі зерттеулерді шет тілдеріне аудару;
– Республиканың жетекші ғалымдарының қатысуымен Алаш қозғалысын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерттеу ісін қолға алу.
Осында тілге алынған ұсыныстар, «Мәңгілік ел» құруды мақсат еткен, тәуелсіз Қазақстанда жасап жатқан Алаш баласының барлығына ортақ арман, санасына салмақ салар салихалы ойлар еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойынан бастап, биылғы 100 жылдығы аталып жатқан «Алаш қозғалысы» қарсаңында елімізде талай-талай ғылыми конференциялар, жиындар өткізілген екен. Алайда алаштанушы ғалымдарымыз бен ұлтжанды азаматтарымыздың арасында алаштану ісіне мемлекет тарапынан шынайы көңіл бөлінбей отырғандығын, билік басындағылардың Алаш арыстарын ұлықтауда әлі де болса жасқаншақтық танытып отырғандығына көңілдері толмайтын адамдардың бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Еңсесін енді тіктеп келе жатқан ел үшін қысқа уақыттың ішінде, барлық жоғын түгендеп, айдалада ақсөңке болып жатқан сынған сағанақтарын жинастырып алу да оңайға түспесі тағы бар. Десе де алаштану істерінде, Алаш қайраткерлерінің өмір жолын зерттеуде кемшіліктеріміздің көп екендігін ғалымдарымыз айтып келе жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясының астарында жатқан, Алаш арманын шынайы түсінген адамдардың қатары да мол дей алмаймыз. Жалғыз ғана ғылым үшін, ұлт алдындағы перзенттік парыздарын өтеу үшін тер төгіп жүрген азаматтарымыз аман болсын дегіміз келеді…

(1)

Аштықтан ең көп қырылғандар — қазақстандықтар

$
0
0

unian.net сайты: «Украина ҰҒА-ның демографиялық институты аштық кезінде қырылғандар туралы жаңа деректер ұсынды. Олардың деректерінде 1932-34 жылдарында қаза тапқандар саны бойынша Қазақстан бірінші орында тұр»,— деп хабарлайды. Аштық салдарынан қаза тапқандар саны бойынша түзілген тізімді Қазақстан бастайды: бюұл елде қаза қапқандар саны бүкіл халықтың 22,4 пайызы, Украинада (13,3%), Ресейде (3,2%), Беларусьте (1,3%). Ал Кавказ және Орта Азия елдері одан да аз. М.В. Птуха атындағы Украина ҰҒА-ның демография мен әлеуметтік зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Наталья Левчуктың айтуынша, Қазақстанда 2 миллион адам қырылған.

(8)

«National Digital History of Kazakhstan» порталы ─ бірегей жоба

$
0
0

Жас журналист Олжас Беркінбаев — журналистер арасындағы беделді байқау — «Үркер» сыйлығының жеңімпазы. Кезінде Олжас «Нұр Отан» партиясында, ҚР ІІМ «Сақшы» газеті мен «Әскери стратегиялық-зерттеулер орталығы» АҚ қызмет атқарған.
Олжас бүгінде «Қазконтент» АҚ, «National Digital History оf Kazakhstan» порталының жетекшісі. Бірегей жоба — «Қазақстан тарихы» сайты жайлы Олжас Беркінбаевпен сұхбаттасқан едік.
Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — BUGIN GROUP компаниясы.

— Қазақ журналистикасында «National Digital History of Kazakhstan» порталының орны қандай?
— 2013 жылы 25 қыркүйекте сол кездегі Мемлекеттік хатшы, қазір Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің тікелей тапсыруымен ашылған портал. 2014 жылы осы сайтқа журналист болып орналасқан болатынмын. «Қазақстан тарихы» сайты — бірегей жоба. Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған дәл осындай жоба жоқ деп айтсақ болады. «National Digital History of Kazakhstan» порталында материалдар үш тілде жарияланады. Күнделікті портал материалдарын 12 мыңға жуық адам қолданады. Ұлттық тарихты заманауи құрылғылармен интернет кеңістігінде насихаттау — басты міндетіміз. Қазақстанға танымал тарихшылардың басын қосып, «уатсап» әлеуметтік желісінен де топ ашып қойдық. Ол жерде Ерлан Сыдықов, Зейнолла Самашев, Қаржаубай Сартқожаұлы ағаларымыз отыр. Түрлі тарихи тақырыптарда талқылаулар жүргіземіз. 8 желтоқсан күні Оңтүстік Кореяға барамыз. Ханья университетінің Азия-Тынық мұхит аймағын зерттеу орталығы шақырып отыр. Зерттеу орталығы Қазақстандағы бүкіл сайттарға зерттеу жүргізген. Ең үздік сайт деп «National Digital History of Kazakhstan» порталы деп таңдап алған екен. Бізден өз тәжірибемізбен бөлісуімізді сұрап отыр. Ұжымның тең жартысы тарихшылар. Ғалымдардың зерттеу материалдары жиі жарияланады. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы жайлы жазатын шетел тарихшылары да бар. Мысалы, Молдавия мен Румынияның екі ғалымы бізге хат жазды. Қазақ әскерлерінің мүрделерін тауып, бізге материалдарын ұсынып жатыр. Қазіргі уақытта осы ғалымдармен шығармашылық байланыстамыз. Жапондардан «NHK» телеарнасынан ұсыныс болды. Порталымыздағы белгілі суретші және АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков жайлы материалды олар деректі фильмдеріне қолданды. Біз үшін үлкен жетістік деп айтсақ болады. Ресейде «История России» сайты жұмыс істейді. Біздің порталдың ресейлік үлгісі. Мәдениет министрлігіне қарайды. Бас редакторымен кездесіп, өзара тығыз жұмыс істесек деген ойымыз бар. Халықаралық байланыс орнатуда біздің ғалымдарымыздың қызығушылығы жоғары. Ай сайын PDF форматында 50 беттік электронды журнал шығарып отырмыз. Келер жылдан бастап қағаз түрінде шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Жақында «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек ағамызбен бірлесіп, «Шалқар» радиосынан «Көне дәуір күмбірі» бағдарламасын аштық. Аптасына бір рет жексенбі күні тікелей эфирге шығып, тарих туралы сөз қозғап, белгілі ғалымдарды тартудамыз. Атқарылып жатқан жұмыстар көп.
— «National Digital History of Kazakhstan» порталы ұстаздардың, оқушылардың жиі пайдаланатын көрнекі құралына айнала алды ма?
— Біздің порталда оқушыларға, ғалымдарға арналған бөлім бар. Сонымен қатар, магистрлер мен докторанттарға арналған www.edu.e-history.kz бірегей электронды журналы бар. Жас ізденушілердің ғылыми мақалалары осы жерде жарияланады. Бізге оқушыларымыз жиі хат жазады. Кейбір тарихи тақырыптар жөнінде материалдар жариялауды өтінеді. Сайтта «Тарихи білім» деген бөлім тұр. Бізде түрлі баспалардан шыққан мектеп оқулықтарының электронды оқулықтары бар. Тарихи тұлғалардың өмір жолдары қамтылған «Есімнама» деген бөлім оқырмандар қызығушылығын тудырып келеді. Сонымен қатар, жыл сайын жаңа жобаларымыз іске қосылып отыр. Биыл «Алаштың 100 жылдығына» орай іске қосылған жобамызда біраз материалдар жарияланды. «Болашаққа бағдар» экспедициясы айналасында түрлі қызықты материалдарды бірден жариялап отырамыз. Бұның барлығы мектеп ұстаздары мен оқушылары үшін дайын көрнекі құрал болып есептеледі деп ойлаймын.
— Олжас, әлеуметтік желіден байқап отырамыз, іссапарларға жиі шығасың. Бір күні Қырғызстанда жүрсең, екінші күні Моңғолияда дегендей.
— Ең бірінші сапарымызды Венгриядан бастадық. Сапарымызды Нұрбах Рүстемов ағамыз басқаратын елшілікпен бірлесе атқардық. Сол жердегі ғалымдармен сұхбаттаса отырып, біраз дерек жинап қайттық. Қазақша үйреніп жатқан мажар балаларымен таныстық. Мажарлардың қазақ тіліне деген қызығушылығы жоғары екен. 1960 жылы венгр тіліне аударылған «Ақын жолы» («Абай жолы») кітабын көрдік. Бауыржан Момышұлының да кітаптары венгр тіліне аударылған екен. Кейкі батырдың бас сүйегіне зерттеу жүргізіп, батыр бейнесін қалыпқа келтірген мажарлық антрополог ғалымдармен жүздестік. Қытай қазақтары кәсіпкерлерінің қолдауымен Қытайдағы қазақтар шоғырланған жерде болып қайттық. 4 күнде 2,5 мың шақырым жүріппіз. Қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, құмай құстың күртесін, шиден жасалған домбыраны көріп қайттық. «Қиырдағы қазақтар» деген 8 сериялы фильм бастағанбыз. Материал жинау мақсатында Астраханьда болдық. 1 қазан Астрахань қазақтарының «Жолдастық» деп аталатын үлкен тойларына куә болдық. Астраханьдағы он үш ауданнан 10 мың қазақ бас қосып, үлкен шара өткізді. Сол жердегі қазақтар тек наурызды ғана тойлаумен шектеліп қалмай, тегін жоғалтпау мақсатында жыл сайын ұлттық нақышта кездесу өткізуді ұйғарған. Жылына 25 мың турист келетін Құрманғазы бабамыздың қабірін зиярат еттік. Музейде тұрған домбырасын көрдік. Жүрген жерімізден тарихи деректер жинаймыз, фото, видео материалдар дайындаймыз. Порталымыздан «Мен мұндалаған Моңғолия» деген материалды көрген боларсыз. Моңғолия қазақтары десе, көздерін әжім басқан, мал соңында жүретін қазақтарды елестететініміз жасырын емес. Біздің «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің мақсаты осы стереотипті бұзып, жат жерде жетістікке жеткен қандастырымыздың күнделікті өмірлерін көрсету еді. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов

(70)

Семей — Ресейдің емес, қазақтың қаласы

$
0
0

Мемлекетіміздің аты біресе «Қазақ КСР» немесе «Қазақстан» деп жазылғаныменен, «қазақ» деген түбірді ешкім жоя алмады. Оның нақты себебі мынада: біріншіден, осы жерде мемлекет құрған ұлт — қазақ ұлты. Бұған басқа халықтың еш қатысы жоқ. Екіншіден, қазақтар америкалықтар сияқты өзге елдерден көшіп келген келімсектер емес, осы жердің қашаннан иесі. Үшіншіден, еліміздегі халықтың басым көпшілігі болып отырған да қазақ ұлты. Бұл жайлармен өзгелердің санасуы қажет. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт — қазақтың мұраттары басты орында тұруы керек деп санаймын!

1990 жылғы 25 қазанда және 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Мемлекеттік Егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы конституциялық заңда: «Мемлекетіміздің ұлттық сипаты атап көрсетілуімен бірге, оны сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады», — деген қағида бар. Әрине, тоталитарлық жүйеден өзінің саяси мәні мен тұрпаты жағынан бөлек Тәуелсіз жаңа қоғамға өту аса күрделі жүріп жатыр. Оның үстіне бұрынғы патшалық кезеңді былай қойғанда, кешегі кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босата салмай тұр. Иә, Тәуелсіз Қазақстанның талаптары мен құндылықтары терең орнықпай, ескі дүние өздігінен кете де қоймайды ғой. Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялап, бұрынғы «Қазақ кеңестік социалистік Республикасы» деген атау алынып тасталып, оның орнына жаңадан «Қазақстан Республикасы» деп ресми аталғаннан кейін, Президент Н.Ә.Назарбаев Кеңес өкіметінен қалған ескі мемлекеттік нышандардың барлығынан бірден бас тартты да, егемендігімізді саяси жаңғыртудың жаңа сарабдал тұжырымдамаларын ұсынды. Бұл, сөз жоқ, оңды шешім болды. Соның нәтижесінде, Тәуелсіздік нышандары болып табылатын өзіміздің жаңа Конституциямыз, жаңа Елтаңбамыз, жаңа Туымыз, жаңа Әнұранымыз өмірге келді. Иә, ағайын! Біздер осы күнді 360 жыл бойына әрдайым армандап жүрген едік және бүгін соған қол жеткіздік. Елордамыздан бастау алған бұл «ұлы іс» жергілікті жерлерде де заңды жалғасын тауып, Қазақстандағы 14 облыс, 77 қала, 177 аудан мен мыңдаған елді мекендердің де нышандары жаппай жаңартылып, патшалық заманың түгілі, кешегі кеңестік белгілер (герб, ту, әнұран, жарғы және т.б.) де саналы түрде жойылды. Бұл, әрине, табиғи, тарихи, саяси, рухани-мәдени жағынан заңды да болып табылады.

Семей атауы халық рухын көтерді

2007 жылы 16 маусымда қаламызға ат басын бұрған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Көшеде «Семей», «Семипалатинск» деп қосарланып жазылыпты. «Абай», яки «Алаш» деп атасақ деген ұсыныс бар. «Семипалатинск» деген сөзді шетел инвесторлары полигон баламасы ретінде түсінеді. Сондықтан бұл қаланы ендігі жерде тек «Семей» деп атасақ қайтеді? Қалалық мәслихат депутаттары солай деп ұйғарса, тездетіп ұсыныс түсірсін!» — деген соң, жандары қала ма, барлық депутаттар жапатармағай қолдарын көтерді де, арада 4 күн өткеннен кейін-ақ Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласын қайта атау туралы Президенттің Жарлығы шықты.
Иә, Президенттің Жарлығымен Семипалатинскінің Семей деп, жаңадан аталуының халық рухын көтергенін айтпағанның өзінде, оның идеологиялық тұрғыдан да мәні өте зор болды. Жалпы сол Семипалатинск деген сұмпайы сөз отарлау саясатынан кейінгі патшалық және кеңестік империяның жемісі болатын. Тіпті, осы сөзге кенедей жабысып алып, саналарына сең болып қатып қалған атаудан айырылғысы келмегендердің өздері де Президент айтқан соң, шарасыз күй кешіп, үндері іштеріне түсіп, ауыздарына құм құйылды да, Семей атауын еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Десек те, қазақ халқының рухани діңгегі аталатын қаламыздың баяу дамып, көзге өңсіз көрінгені жаныма қатты батады. Сондайда Президентіміздің: «Қазақтың тарихи тамырын жалғаған, дәстүр мен елдікті үйлестірген Түркістан мен Семейдің орны қашан да бөлек!» — деген ұлағатты сөзі ойыма орала береді. Бәлкім, басқа қалаларға да үлгі болсын деді ме, әйтеуір, өзі бастап, халық қостап Нұрсұлтан Назарбаев қаламыздың атауын өзгертіп, оның «Семей» деген тарихи атын өз тұғырына қайта қондырды. Енді, Президенттің өзі қаламыздың атын осылайша өзгерткеннен кейін, оның затын да (гербін) өзгерту мәселесі өзінен-өзі туындады. Әрине, Президент тағы да қашан ұсыныс жасайды екен деп, ол кісіні күтіп отыру сірә да жарамас. Бұған бар болғаны жергілікті тарихшылар мен шығармашылық адамдары, көнекөз қариялар мен мекеме басшылары үлес қосса және олардың ұсынысын мәслихат депутаттары сөзбұйдаға салмай-ақ зерделеп, шұғыл шешім шығарса, бұл орындалмайтындай соншалықты қиын мәселе емес еді. Қалай дегенмен Президент бастап берген оң бастама ғой, өз жалғасын табатын шығар деп ойладым. Бірақ қала әкімі Ермак Салимов пен орынбасары Надежда Шарованың және ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаевтың тарапынан қатты қарсылыққа тап болдым. Басқа қалалардың гербі ың-шыңсыз-ақ Тәуелсіз Қазақстанның талаптарына лайықталып әлдеқашан өзгертілгенімен, Семей қаласының гербі ғана өзертілген жоқ. Оның есесіне сонау Ресей империясының колониясы болғанда қолданылған патшалық Герб (Кеңес өкіметінен аттап өтіп) бүгін Тәуелсіз Қазақстан атанғанда да заңсыз қолданыста жүр. Бұл енді Қазақстанның Тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ғой! Оу, ағайындар-ау! Алаш Орда ту тіккен Семей жері, оның төлтаңбасы (гербі) мәселесі деген, оттың басы, ошақтың қасындағы әңгімеге көшіре салатын ұсақ-түйек нәрсе емес, мұнда біздің ұлттық мүддеміз бар. Сондықтан да Семейге сүйегі әлдеқашан қурап қалған патшаның гербі түкке қажет емес, оған Тәуелсіздігімізді тасқа таңба басқандай айғақтап тұратын өз төлтаңбасы ғана керек!

Киелі қалада патшаның гербі неге тұр?

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөзді қалдырып кеткен Мұхтар ағамыздың Отанында, Абайдай алыптың, Шаһкерімдей шежіренің, Қайымдай қазақтың қайсар ұлының тал бесігіне айналған киелі мекенінде патшаның гербі әлі күнге дейін неге заңсыз айналымда жүр?
Озбыр патшаның дәурені келмеске кетті, мойнымыздағы құлдық қамыты алынды. Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр өтті. Бірақ сол баяғы патшалық герб ескі құлдық таңбасындай болып көшелерде самсап тұр. Оған Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Садырбаев аспай-саспай-ақ: «Ол герб — заңды герб емес. Сондықтан, кім қалай пайдаланам десе де, өзі біледі», — деп, қырсыға сөйлеуін қояр емес. Оу, Айдар бауырым!
Семейден басқа қалалар түгілі аудандар да өз төлтаңбаларын Тәуелсіздік талаптарына сай жаңартып алды. Ал Семейдің төлтаңбасын жаңарту ісі қара тас сияқты мылқау-меңіреу күйде әлі мелшиіп тұр! Бұрын Семей десе, дүниежүзі полигоннан қорқушы еді, енді ел-жұртты патшаның гербін көрсетіп шошытамыз ба? Бірақ Қазақстан үшін Семейдің орны қашанда айрықша. Бұл қала ежелден ұлтымыздың рухани-мәдени астанасы саналатын киелі мекені. Сондықтан да оның жаңа төлтаңбасын бекіту заман талабы деп білемін. Менің Семейдің төлтаңбасын жаңарту мәселесін көтеріп, онымен бел жазбай айналысып келе жатқаныма да биыл 16 жылдың жүзі болады екен. Алғаш рет 2001 жылы «Семейге жаңа төлтаңба қажет!» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізгенімде «елін, жерін сүю құштарлығы ойына ұялай берсінші» деп жаныма ертіп апарған кіші ұлым 6 жаста еді, Құдайға шүкір, қазір 22-де!
Осы жылдар аралығында бір ғана «төлтаңбаға» байланысты 20 мәрте түрлі деңгейдегі басқосулар ұйымдастырып, 35 мақала жазыппын. Тәуелсіздігіміздің 26 жылының ішінде қаламызда болған 9 әкімнің 6-ның алдында болдым.
Алайда Семей қаласы әкімдігінің Тәуелсіз Қазақстанның «тәуелсіз қаласы» екенін білдіретін өз төлтаңбасын егемендік алғанымызға осыншама жылдар өтсе де, әлі қабылдатпай жатуының себебі неде? Бұл жердегі мәселе Тәуелсіздік пен рух мәселесі болғандықтан, қаймана қазақтың басынан құлдықтың қамытын шешпей, сіресіп ұстаған кешегі патша кезеңіндегі гербтің туған қаламыз — Семейімде салбырап, ілініп тұрғаны менің жүрегіме қанжар болып қадалып қалды. Жатсам-тұрсам: «Мына қарғыс атқыр таңбадан қаламды қалай құтқарам?» — деген ой санама мәңгілікке ұялады. Әйтеуір, бұл істі қалай болғанда да тоқтатпауға бел будым.
Әлі күнге дейін, туыс пен досты былай қойғанда, тойға не өлім-жітімге барсам болды, Төлтаңбаның бекітілуі тек маған ғана қарап тұрғандай, мені білетін елдің бәрі шулап: «Айдын, қаламыздың төлтаңбасы қашан бекітіледі, не істеп жатырсың, бұл өзі шешіле ме, шешілмей ме?» — деп, шыныменде жанашырлық танытып жатса, кейбіреулері жымысқылана күліп: «е, сенің жаңа төлтаңбаң кімге керек, бос сөз, осыны қиналмай, тастасаңшы!» — деп, мүсіркеп те қояды. Десе-десін, қайсыбірінің аузына қақпақ қояйын.
Бірақ мен бір нәрсені анық білемін: ол — Қазақстанның болашағы қазақ ұлтында екендігі. Сондықтан «Қазақстан — көпұлтты мемлекет» деп қазаққа көптің бірі ретінде қарауды доғару керек. Керісінше, Қазақстан халқының мызғымас бірлігі туралы айта отырып, қазақ ұлты көп этностың бірі емес, «біріншісі, негізгісі, бастысы» деп атап көрсеткен жөн!
Мәселен, әлемдегі мемлекеттердің ішінде Қазақстаннан басқа да көпұлтты мемлекеттер жетіп артылады. Керек десеңіз, өзге елдерде (Қытай, Ресей, АҚШ және т.б.) жер бетін мекендейтін ұлттардың барлығының да өкілдері тұрады деуге болады. Алайда олар көпұлттымыз деп әсте айтпайды!
Ал біздер болсақ патша мен Кеңес заманында үйренген ескі әдетімізді тастай алмай, әсіреқызбаланып, әсіремақтанумен әлі жүрміз. Енді еліміздің азаттығына 26 жыл өтсе де, сол баяғы жасанды даңғазалығымыздан арыла алар емеспіз.
Егер Семей қаласының жаңа гербі қабылданса, онда патшалық гербтің аты да, заты да көзден кетіп, көңілден ұмыт болар еді. Бірақ жергілікті биліктің көксегені қайткен күнде де Семипалатинскінің 300 жылдығын тойлау болғандықтан, оның символдық белгісі етіп, патшалық гербті көтеріп шығу. Мен олардың бұл әрекетінен осыдан басқа себеп те көріп тұрған жоқпын. Әйтеуір, әкімдік екі рет заңды түрде конкурс өткізсе де, жеңімпаз болған жаңа гербті қабылдау мәселесін ананы-мынаны сылтауратып, 2018 жылға таятып әкелді ғой. Әрі жағы белгілі, қаламызға 300 жыл дегенді желеу етіп, шынтуайтында патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауының 300 жылдығын күллі қазақстандықтардың есіне түсірмекші. Неткен аярлық!
Алайда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «…пат-шалық Ресей кезінде біздің жерден алынған мол байлықты елімізден әкеткен болатын. Бізге тек жерді қопарып, шаң жұту ғана қалатын еді. Тіпті, біздің еліміздің ішіндегі жүретін жолымыз да болған жоқ. Енді, міне, қай өңірге барамын десең де, жол тұр. Бұрын олай болған жоқ. Себебі біз колония болдық!..» деген еді. Иә, дәл солай, біз колония болдық! Ал Семейдің әкімдігі Президенттің осы ескертпесін біле тұра, қаланың 300 жылдығын қасақана тойламақшы. Бұл жөнінде қала әкімі Е.Салимов: «Семейге 1000 жыл екенін дәлелдей алмасаңыздар, онда 300 жылдықты тойлаймыз!» — деп дөңайбат көрсетіп қалды. Бірақ ол 300 жылдықтың астарында «шовинистік» пиғыл мен «сепаратизмнің» жатқанын біледі ме екен? Әйтеуір, әкім осы бір ғана мәлімдемесі арқылы семейліктердің бірінші жартысын — большевиктік лагерь,екінші жартысын алаштық лагерь деген сияқты екіге бөліп тастады. Орыстілділер Семейге 300 десе, қазақтілді жұрт Семейге 1000 жыл деп шыға келді. Бұдан ұлт араздығы туып кетуі мүмкін. Меніңше, бұл мәселеге ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Үкіметі араласуы қажет. Өйткені біз, қазақ, жақсылықты да, жамандықты да білетін халықпыз. Сонау 90-жылдары сепаратист Пугачевтің Өскеменде салған лаңы да әлі есімізде. Анау Оралдағы казактардың да құтырынғаны ойымыздан кеткен жоқ. Ал мереке күндері Өскемен мен Семейдегі казактардың қылыштарын жалаңдатып көшемізде жүргені де намысымызға тиіп болды. Оу, қылыштың атасы қару емес пе? Олардың тапа тал түсте талтаңдап, қару асынып жүрулеріне кім рұқсат беріп отыр? Сонда біздер патша отарлаушыларының даламызға баса-көктеп кірген күнімен, жерімізді бақылап отыру үшін ғана қайдағы бір бекет (фарпост) салған жылын тойламақшымыз ба, бұл қалай? Басқа елге кіріптар, бодан болғаның ештеңе емес-ау, бәрінен де бізді құл қылғаны үшін, сол отаршылдарға өмір бойы қарыздар болып, енді келіп рақмет айтпақшымыз ба?

Семипалатинск атауы қайдан пайда болды?

Бұл не масқара, қала әкімдігі кімді басынғысы келеді? Е.Салимовтың мұнысы несі? Қаламыздың тарихи мерейтойын қазіргі Семейдің орнында тұрған (840-950 ж.ж.) қимақ қағанатының астанасы Қимақия қаласының іргетасы қаланған кезінен бастамай (Қазақ Совет энциклопедиясы. «Семей». 10 том. 114 бет, «Қимақ қағанаты» 6 том. 557 бет), керісінше, қаламыздан 18 шақырым жердегі (қазіргі «старая крепость» селосы) отарлаушы патша әскерінің «ат қорасы» мен миссионерлерінің «тұрағы» болған, айдаладағы «Семь палат» бекеті (фарпост, бекініс те емес және онда қамал әлі салынып үлгермеген) кезінен бастамақшы ма? Ол село қайда, біздің қала қайда, арасы бақандай 18 шақырым! Логика деген болуы керек қой. Бұл енді біздің ұлттық тарихымызға жасалған қиянат, әділетсіздік деп білемін!
Менің айтар уәжім сәл түсініктірек болуы үшін, осы тұстан бастап Семиполатный бекетінің Семей қаласының орнына қалай келгені жөнінде қысқаша ғана мәлімет бере кетейін: «Ғылыми деректерде сақталған ресми мәліметтер бойынша, Семиполатный бекеті су тасқынына жиі ұшырайтын болғандықтан, халықтың өмір сүруіне жарамсыз деп табылып, шарасыздықтан ғана бүгінгі Семей қаласының тұрған орнына 1776 жылы көшіріледі де, содан бастап бүгінгі жерге тұрақтап қалды. Бұл туралы осы кезде Семей жеріне келіп, ондағы «Жеті сарай (орысшасы — Семь палата)» аталған будда монастрінің қирандыларын көрген орыс зерттеушісі П.С.Паллас өз күнделігінде: «Семь палат» — қазіргі күні «Старая крепость» аталатын жерде салынған, ана Долон, Белокаменка, Стеклянка, Глуховка т.б сияқты қарапайым орыс бекініс-сталицасының бірі. Ерекшелігі болды десек, ол «Семь палаттың» «Жеті сарайға» байланысты аталуында ғана және «Семь палат» қазіргі Семейдің орнындағы бекініс емес!» деп мәлімдейді». Осы арада «Семь палат» (жеті шатыр) пен «Семь палата» (жеті сарай) сөздерінің ұқсастығына да назар аудармасақ болмайды. Жалпы, бұл жаққа орыс әскерлері келердің сәл алдында ғана осы жерде (1635-1758 ж.ж) қалмақ қаласы «Зордшинхийд» тұрған еді және ол жоңғар мемлекеті күйрегеннен соң, өзінің өмір сүруін тоқтатқан болатын. Яғни, бүгінгі Семей қаласының тарихына кешегі «Семь палаттың» еш қатысы жоқ!
Жоғарыда келтірілген аз ғана деректерге қарағанда, Семей қаласына тіпті де 300 жыл емес, 1177 жыл болады. Ал анау айтып жүрген 300 жылдық қазақ даласын Ресей патшалығының отарлауына 300 жыл деген мағына ғана береді. Иә, дәл қазіргі күні қаламызды басқарып отырған Е.Салимов пен Н.Шарова және А.Садырбаев болғандықтан, олардың мұны білмеуі енді мүмкін емес.
Әйтеуір, бір кездері отарлаушылар салып кеткен сол бір ізбен қаланың негізгі тарихы «1718 жылы салынған әлдебір орыс бекетінен ғана басталады» деп, 2018 жылы Семейдің 300 жылдық мерейтойын тойлауға қала әкімдігі неге құштар болып отыр? Артығырақ айтсам, кешірім өтінемін: бірақ, менің ойымша, әкімдік тарапынан бұл үстірт және асығыс шығарылған шешімге «лақ құрлы бақырмай, өлеміз бе, япыр-ай!» деп, атам қазақ айтпақшы, бас шұлғып отыра берсек, бұл енді намыссыздық пен надандық болар еді. Бұл келешек ұрпағымыздың алдындағы біздің ең сорақы, ең жиіркенішті ісіміз бен қылығымыз болар еді. Кім қалай ойласа да, әкімдік мұндай тарихи әрі саяси мәселелерді 10-20 адаммен ғана шешпей (оның өзінде де бұл саланың мамандары емес, қоғамдық белсенділер), тек қана кәсіби тарихшылар мен археологтардан жасақталған зерттеу тобын құрып, оның нәтижелерін халықтың алдына шығарулары керек болатын. Ал, шынтуайтына үңілсек, бұл бір бүгін ғана көтеріліп жатқан мәселе емес еді. Біздің семейлік ғалымдар осы аталған мәселелермен бірнеше жылдай айналысып жүр. Яғни, Семей қаласының тарихы сонау 840 жылдан «Қимақ қағанаты» кезінен басталады, оған биыл «2013 жылы 1177 жыл толады» деген тұжырымдама да жасалынып, оған археолог А.Исин, тарихшы М.Кәрімов, өлкетанушы Ә.Сәдуақасов бастаған жүзден аса кәсіби мамандардың қолдары қойылған хат дайындалып, сол кездегі әкім А.Кәрімовке берілген-ді.
Осы орайда бұл тектес күдікті даталардың нүктесін қойып, басын ашып көрсеткен мына бір жайға тоқтала өтейінші: былтыр ғана болып өткен Алматы қаласының 1000 жылдығы мерекесіне Президент Н.Назарбаевтың қатысуы да елдің еңсесін бір көтеріп тастаған еді. Бұл дегеніңіз қазақ қалаларының тарихын орыс бекіністерінен бастауға болмайтындығының анық дәлелі де. Өйткені біздің қалаларымыздың барлығы да «Ұлы Жібек жолының» бойында тұрған және жастары да құрдас. Мәселен, Таразға — 2000 жыл, Түркістанға — 1500 жыл, Алматыға — 1000 жыл. Сол сияқты Семейге де 1177 жыл деуге толық хақымыз бар. Әйтпесе, «өз тарихына жүгінбеген ел шөлдегі қаңғырған қаңбақ сияқты» демеуші ме еді дана халқымыз.
Ал біздегі мына сөз қай сөз, мына шешім қай шешім? Егер әкімдікке қаламыздың қала атанғандағы тарихы рас қажет болса, (1635-1757) онда қалмақ қаласы болған «Зордшинхийд» қайда, одан да әрідегі (840-950) қимақ қағанатының қаласы болған «Қимақия» қайда? Жалпы, біздер қайдамыз, өзі? Семей әкімдігі әлдебір әуесқой өлкетанушының жалғыз ауыз сөзіне ұйып қалған сыңайлы. Менің ондайларға және оның төңірегінде жүргендерге айтарым мынау: «Сіздердің туған қаламыз Семейге шынымен де жандарыңыз ашыса, оның тарихын қазақ даласына орыс ұлтының келген кезінен ғана бастамай, әріден қарағандарыңыз жөн. Бұл жерде сіздерге дейін де өмір болған, қала тұрған. Анау есалаң Жириновскийге ұқсап: «Бұларда малдан басқа ештеме болмаған, соның соңынан көшіп-қонып жүре берген», — деп, ойлайтын болсаңыздар, онда қатты қателесесіздер. Сонда орыстар келгенше қазақ үй тұрғызбаған ба, қала салмаған ба? Анау Отырар, Сығанақ, Түркістан, Тараз және т.б. мыңдаған қалаларымызды да орыстар салып берді ме?
Әйтсе де, бір нәрсені түсінбеймін: осы сіздердің 1718 жылдың алдындағы қаламыздың өміріне қатысты ата тарихынан неге сөз қозғағыларыңыз келмейді, факті де келтірмейсіздер, тіпті, оны жоққа шығарасыздар ғой, неге? Ондай құқықты сіздерге кім берді? Әлде сіздер баяғы патша мен Кеңес кезіндегі империялық мүддемен, бүтіндей бір қаланың өткенін жоққа шығарудың артында үлкен жауапкершілік жатқанын ұмытып кеткенсіздер-ау, сірә! Иә, солай. Сіздердің оны білгілеріңіз келмейтіні, біздерге аян! Ал біздерге сіздердің келген күннен ғана басталатын жасанды тарих емес, ата-бабаларымыздың кезінен жалғасып келе жатқан ұлттық тарихымыз ғана қажет! Семей Ресейдің қаласы емес, Тәуелсіз Қазақстанның қаласы екенін білесіңдер ме, өздерің? Білмесеңіздер, біліңіздер! Тіпті, арғы тарихты айтпағанның өзінде, бізде қаламыздың алты түрлі кезеңін айшықтайтын алты түрлі тарихы бар: біріншісі — қимақ қағанатының тарихы (840-950); екіншісі — қалмақ хандығының тарихы (1635-1758); үшіншісі — патшалық Ресейдің тарихы (1718-1917); төртіншісі — Алаш автономиясының тарихы (1917-1920); бесіншісі — Кеңес өкіметінің тарихы (1920-1990); алтыншысы — Тәуелсіз Қазақстанның тарихы (1991).
Бірақ кім қалай ойласа, олай ойласын, Семей қаласының әкімі Е.Салимов пен оның орынбасары Н.Шарованың және ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Садырбаевтарға былай дегіміз келеді: қолыма патшаның гербін ұстап, отаршылдықтың 300 жылдығын тойлап, қазақты құл қылғаны үшін патшалық Ресейге рақмет айта алмаймын!

Айдын Ырысбекұлы, «Туған қалам — Семейім!» қоғамдық қорының төрағасы, алаштанушы

Семей қаласының төлтаңбасына ұсынылған төлтаңбаға түсініктеме

Таңбаның дөңгелек немесе шеңбер болуы ол осы таңба ішіне кірген белгілердің ғұмыры мәңгілік болсын деген ойдан туындады. Өйткені шеңбер — шексіздік немесе мәңгілік деген ұғым. Көк түс — төбедегі бұлтсыз ашық аспан түсі, ол геральдика тілінде — адалдық, сенімділік, үміт. Егер киіз үйді жоғарыдан төмен қараса, онда шаңырақ күнге, ал уықтар оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы осы бейнеден өз көрінісін тауып тұрғандай. Ал оның ішіндегі күлдіреуіштер арасындағы төрт бөліктің жоғары бөлігіне ашылған кітап пен қауырсын, сол жағына жеті мешіт және оң бөлігіне бас жібімен түйе, ал төменгі бөлігіне жаңа көпірдің нышаны бейнеленген. Бұл біздің төрт құбыламыздың тең екенін көрсетеді. Кітап және қауырсын Семей қаласының ұлы ойшылдар елі екенін білдіреді. Семей- елімізді барша әлемге паш еткен дана Абайдың, Шәкәрімдей шежіренің, Мұхтардай алыптың Отаны екенінің бір көрінісі. Қазақ халқының тарихи-рухани, мәдени дамуында Семей қаласының атқаратын ролі орасан зор. Жеті мешіт қаламыздың 17 ғасырда жазылып көрсетілген тарихи жәдігерлерінің орнын айғақтайды. Алыс жол жүріп келіп дамылдап тұрған қос өркешті түйе жайлы айтатын болсақ, ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей түйелерсіз Ұлы Жібек жолын көзге елестету еш мүмкін емес. Семей қаласының Ұлы Жібек жолы үшін маңызы болғаны тарихтан белгілі, сол маңызын әлі де жоғалтқан жоқ. Шаңырақты айналып ұшқан жеті қарлығаштар алаш арасындағы мәңгілік татулықты білдіреді. Семей атауы сары алтын түспен жазылған, таңбаның төменгі жағынан орын алған, ол қаламыз алтындай бағалы болып жарқырай берсін деген жақсы тілектен туындады.
Қызыл түс — жаңарудың оттың, ошақтың түсі, жамандықтан аластау.
Қарлығаштардың шаңырақты айнала ұшуы ошағымызда, демек шаңырағымызда мәңгілік бейбітшілік болсын деген ұғымды білдіреді. Қарлығаш саны жетеу, жеті — киелі сан. «Жеті ата», «Жеті қазына» , «Жеті жарғы», «Жеті қабат жер», «Жеті қат көк» ұғымдары — ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті сөздер. Түйемойнақ аралындағы «Бейбітшілік» монументіне де осы жеті қарлығаштың қойылуы да халқымыздың қырық жылғы атом қасіретін де жеңгенінің айқын көрінісі. Демек, бұл қаламыздың бүгінгі келбетін айшықтайды.
Таңба жайлы түсінік берген: Ерлан Шаяхметұлы

(67)


Татарстанда «Жаңа дәуір журналистикасы» музейі ашылмақ

$
0
0

Биыл Татарстан журналистер одағының 100 жылдығы аталып өтпек. Бұл туралы 13 қаңтар күні «Татар-информ» ақпарат көзі хабарлады. Айтулы шара Татарстан журналистер музейінде өтеді. Бұл туралы Татарстанның мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары, республикалық журналистер одағының төрайымы Римма Ратникова мәлімдеді. «Биылғы жылға белгілеген үлкен жоспарларымыздың бірі — Журналистика музейінің екінші бөлігі — Қазіргі заман журналистикасы музейін» ашу. Өткен жылы Президент, министрлер кабинеті тарапынан үлкен көмектер болды. Музейде неше түрлі экспонаттар, маңызды құжаттар орын алатын болады, — дейді Римма ханым. Татарстан журналистика музейі республикалық Журналистер одағы ғимаратында 2014 жылдың мамыр айында ашылған екен. Мұнда татар журналистикасында із қалдырған дикторлар, жүргізушілер мен дарынды журналистердің фотолары, естеліктері мен баспа өнімдері қойылған.

Шиһабутдин Маржани кім?

Қаңтардың 16 жұлдызында Татарстан ұлттық музейінде «Шиһабутдин Маржани және оның мұралары» атты көрме ашылды. Биыл Ш. Маржанидің туғанына 200 жыл толды. Осы айтулы датаға орай елде түрлі мәдени шаралар өткізу туралы Татарстан президенті ресми жарлық шығарған екен. Қазіргі таңда ұлттық музейде ағартушыны еске алуға арналған шаралар басталып та кеткен. Шиһабутдин Маржани — ұлы ағартушы, энциклопедист ғалым. Ол татар, түрік тілдерімен қоса араб, парсы тілдерін жетік білген. Артына 30-дан астам еңбек жазып қалдырған. «Шиһабутдин Маржани және оның мұралары» атты көрмеде, Татарстан ұлттық музейінде сақталған экспонаттар келушілер назарына ұсынылатын болады. Олардың қатарында Маржанидің жол қоржыны, жеке кітапханасындағы кітаптары, 1874 жылы түсірілген суреті, 1864-1865 жылдары Стамбулда ойылған мөрі, сонымен қатар Татарстан мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған құжаттар секілді құнды жәдігерлер көрсетілмек.
Маржани — 1818-1889 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы ғалым, ағартушы. Ол татарлар арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша мектеп ашты. Онда діни білім берілумен қоса математика, география, тарих, орыс тілі сабақтары оқытылған. Шиһабутдин Маржанидің бұл бағыты «Жәдитшілдік бағыт» деп аталып, татар халқымен қоса өзге де түркі жұртына ықпал еткен.

(2)

Берке хан Құдысқа жерленген

$
0
0

ӨМІРБАЯНЫНАН АЗ-КЕМ ДЕРЕК

Алматы қаласында орналасқан «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Еренғайыпұлы Әбдіхалық мырза — көпшілікке танымал азаматтардың бірі. Тәуелсіздіктен бері қарайғы ши- рек ғасырда Қазақстаннан қасиетті Меккеге қажылық парызын өтеген отандастарымыздың ұзын-ырғасы 20000 адамнан асса, соның тең жар- тысынан астамына жетекшілік еткен. Амангелді қажы 1973 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. 1994-1999 жылдар аралығында Египеттің астанасы Каир қаласындағы әйгілі Әл-Әзһар уни- верситетінде білім алған. Философия ғылымдарының кандидаты, доцент, көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Қазіргі таңда ол Нұр-Мұбарак университетінде докторантура бөлімінде оқып жүр.

Берке хан Əл-Ақсаға қалай келген?

— Ислам əлемінің қасиетті орындарын көп рет зиярат еткен адамсыз. Осы əңгімені соңғы кезде тағы да саяси тартыстардың тұздығына айналған Құдыс (Иерусалим) қаласынан бастасақ деймін…

— Құдыс қаласы мұсылмандардың 3-қасиетті орны саналады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ха- дистерінде «үш жер бар, арнайы барыңдар» дейді. Мұның алғашқысы Меккедегі Қағба, Əл-Харам мешіті. Екінші орын нұрлы Мəдина қаласындағы Пайғамбар мешіті. Үшіншісі осы Құдыс қаласындағы Əл-Ақса мешіті. Осындағы Əл-Ақса мешітінде, ислам деректері бойынша, 300 пайғамбардың ізі қалған. Қасиетті құранның «Исра» сүресінде «бұл жерді берекелендіріп қойдық» деген аят бар. Сондай-ақ «Əл-Ақса ме- шітінде оқылған əр намазда 500 намаздың сауабы бар» делінеді. Бұл жерде айтылған тілек қабыл болады. Өкінішке қарай, сол қасиетті көне қала қазіргі таңда Израиль мемлекетінің иелігінде. 1948 жылы БҰҰ-ның шешімімен Израиль мемлекеті құрылды. Оған дейінгі тарихта қала арабтардың, яғни Палестинаның жері екендігі белгілі. 1967 жылы Израиль араб елдеріне қарсы соғыс ашып, өздерін дербес мемлекет ретінде іргесін бекем- дей түсті. Содан бері бұл аймақта екі ұлттың арасындағы қақтығыс толастаған емес. Ежелден бері сонда өмір сүріп келе жатқан 1,5 миллионнан астам арабтар бар. Олар еврейлерден бөлек ауданда тұрады. Бір-бірімен қарым-қатынас жасауда өте қатаң тəртіп ұстанады. Ешқашан ара- ласпайды, өзара құдандалық, алыс-беріс дегендер атымен жоқ. «Құдыс — біздің қаламыз, біздің ежелгі мекеніміз» дейтін арабтар еврейлерді басқыншы ұлт ретінде өте жек көреді.

Құдыс — үш діннің түйіскен жері. Себебіне келсек, бұл жерде қасиетті Əл-Ақса мешіті бар. Əл-Ақсаға жақын жерде христиандардың қасиетті орны саналатын «Қиямет» шіркеуі орналасқан. Онан соңғысы — Əл-Ақсаның батыс қабырғасы. Оны еврей- лер «Өксік дуалы» деп атап, өздерінің қасиетті орны етіп алған. Құдысқа барған адам өзінің діни қалаға келгенін бірден сезінеді.

Əрбір дін өкілдері өздерінің діни киімдерін киіп жүреді. Үш діннің өкілдері де «Ескі қала» деп аталатын жерге жина- лады. Мұсылмандар келеді де, Əл-Ақсадан бір-ақ шығады. Христиандар да Əл-Ақсаға беттеп келе жатады да, солға бұрылып, өздерінің «Қиямет» шіркеуіне кіреді. Ал еврейлер оңға бұрылып, «Өксік дуалына» барады.

— Орта Шығыс өңірімен біздің тарихтағы ата-бабаларымыз өзара байланыста болған ғой. Сол бабалардан жеткен тарихи деректер бар ма? Яғни «із-дерегі» қалай?

— Тəуелсіздіктен кейін еліміздің мұсылмандарына исламдағы қасиетті жерлерді зиярат етуге жол ашылғаны белгілі. Қазір қазақстандықтарға бұл жерлерге баруға ешқандай кедергілер жоқ. Мен өзім басқарып отырған компаниямен сол жерлерге баруға ниет еткен адамдарды бастап барып жүрмін. Соның ішінде Құдысқа 2007 жылы жо- лымыз түсіп еді. Қазірге дейін осы қалаға 65 рет сапар шегіппін. Енді тарихи байланыстары туралы əңгімеге келсек, Алтын орда дəуірінде Құдыспен байланыс өте тығыз болған екен. Менің Шейх Нажих Бкират деген досым бар. Бұрын Əл-Ақса мешітінің директоры болған еді. Қазір мешіттің архив бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Тарих ғылымының докторы. Сол кісінің мұрындық болу- ымен, көптеген тарихи деректермен, құжаттармен танысудың орайы келді. Бірде Шейх Нажих бізді бастап келді де: «Мынау сендердің хандарыңның қабірі», — деп, ескі қабірді нұсқады. «Бұл кім?» — дестік біз. «Алтын орданың ханы Беркенің зираты», — деді ол. Қарасақ, қабырғаға ілінген тақтада араб тілінде «Барака Хан» деген жазу тұр екен. Біз таң қалдық. Біздегі тарихи кітаптарда «Берке хан 1266 жылы Кавказға жасаған жорық кезінде қайтыс болды, Сарай-Беркеде жерлен- ді» делінген еді. Ендеше, Алтын орда билеушісі қалайша Құдысқа жерленген деген сұрақ туды. Оны да Шейх Нажих өзі түсіндірді. Берке хан Орта Шығыстағы мəмлүктермен жақсы қарым- қатынаста болғаны белгілі. Оның үстіне Берке хан билік құрған шақта ислам діні Алтын орданың мемлекеттік діні ретінде мойындалған. Сол Бер- ке хан көзі тірісінде «сүйегімді Құдысқа апарып жерлеңдер» деген өсиет қалдырыпты. Ханның сол аманатын орындаған сарайдағылар Беркенің сүйегін киізге орап, екі ай бойы сапар шегіп, Құдысқа жетіп, Əл-Ақсаға жақын жердегі мазарға жерлепті. Хан зираты Əл-Ақсаның дарбазасына 20 метрдей жердегі қорғанның ішінде тұр. Тағы бірде Шейх Нажих хабарласып: «Сүйінші, сендердің бір бабаларыңның қабірін таптық», — деді сенімді түрде. Сөйтсек, өздері отырған кеңсеге жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан кезінде жерді қазып жатып, бір құлпытасқа жолығыпты. Бүлінбей табылған тастың бетінде араб тілін- де «Қоңқабай» деген жазу көрінген екен. Мұны естігенде ауылдағы əлдебір ағайынымыздың есі- мі қайта жаңғырғандай болып, барлығымыз елең ете қалдық. Шейх Нажих құлпытастағы аты-жөні бойынша көне деректерді ақтарып отырып, оның да із-дерегін табады. «Қоңқабай» да Бейбарыс сияқты қазақ даласында туып, бір замандарда Шам өлкесінің əкімі болыпты. Ол да тірлігінде Əл- Ақсаға жақын жерге жерлеуді аманаттаған екен. Бұл əңгімелерді естіп, таң қалдық. Сол аймақтың топырағының астында біздің бабаларымызға қатысты талай-талай тарих көміліп жатқандығын сездік.

Бейбарыс Əл-Ақсаны қайта салған

— Орта Шығыс жерінде Бейбарыстан өзге бүгінге аты жеткен қыпшақтар туралы аса көп біле бермейміз ғой. Мынауыңыз қызықты де- рек екен…

— Бұл өңірдің көзі қарақты адамдары қазіргі таңда «Қазақстан» дегенде Бейбарысты еске алғандарын да көрдік. 2007 жылы алғаш рет Əл- Ақсаға бір топ қажылармен келдік. Ол кезде араб- тар мен еврейлердің арасында жанжал шығып жатыр екен. Қала əкімшілігі Əл-Ақсаның астымен тунел өткіземіз деген шешім шығарып, құрылыс техникалары енді келіп жерді қаза бастаған кезде арабтар бірден қарсылық көрсетіпті. Біз келерден бұрын мұны білген жоқ едік. Тобымызды бір еврей жігіт бастап келе жатқан болатын. Бар арманымыз — Əл-Ақсаға кіру. Əлгі еврей бізді бастап отырып, «Өксік дуалына» алып келді де: «міне, Əл-Ақса», — деді. Біз дереу «мынаның ар жағындағы мешіт керек» деп шу ете қалдық. «Оған қазір сендерді жібермейді. Жанжал шығып жатыр», — деді ол. Сосын таяуда тұрған бір арабқа жағдайымызды айтып, жол сұрадым. «Мына тунелмен жүріп отырсаң, алдыңда Силсила деген есік бар. Сол жерден Əл-Ақсаға кіруге болады», — дегені. Сөйтіп, Əл-Ақсаға кірдік, намаз оқып, дұға тілеп жатырмыз. Көңілде толқу бар, сырттағы қаптаған əскерлерден сескеніп те тұрмыз. Бір кезде бізді ба- стап кірген Мұхаммедтен: «Мұнда суретке түсуге рұқсат етер ме екен?» — деп сұрадым. «Сіздер несіне бізден рұқсат сұрап тұрсыздар? Керісінше, біз сіздерден рұқсат сұрауымыз керек», — деді Мұхаммед. Мен аңтарылып қалдым. «Сіздер Бейбарыстың ұрпақтарысыздар ғой, бұл мешітті сендердің бабаларың Бейбарыс қайта салдырған. Сондықтан мынау мешіттің нағыз иесі сіздер бо- ласыздар», — дегені. Қасымда тұрған қажыларға осынау сөздерді аударып бергенімде, «қайран ба- бамыз-ай, Бейбарыс бабамыздың əруағы-ай» деп өздері толқып тұрған кісілер жылап жіберді. Осы оқиғадан кейін талай жайға қаныққандай болдық. Бұрын «Бейбарыс тек Мысырда ғана болған» деп ойлаушы едік. Сөйтсек, Бейбарыстың Құдыста салдырған қақпасы, көпірі, медреселері əлі күнге сақталып келген екен. Міне, Құдыс қаласы біздер үшін тұнып тұрған тарих демей көр! Өкінішке қарай, тарихшыларымыздың көбі бұл жағынан бейхабар. Негізі, тарихи деректерді сол жақтан да іздеу керек екен. Шейх Нажихтың айтуын- ша, Бейбарыс Мысырды билеп тұрған кезінде Құдысқа да ықпал еткен. Бертінге дейін баста- рында құлпытастары бар, мəмлүктердің қабірлері сақталып келіпті. Өкінішке қарай, соңғы кездегі қарқын алған құрылыс жұмыстарына байланысты олардың барлығы тегістелген.

Мекке, Мəдинаға да қамқор болған

— Сол жақтағы ғалымдармен қарым- қатынасыңыз туралы, көне тарихтың үзіктері туралы тың деректер айтып отырсыз. Енді со- лармен бірлесіп зерттеулер жүргізу ойыңыз бар ма? — Біз қазір сол Шейх Нажих досымызбен Бейбарыс бабамыз туралы зерттей бастадық. Ол кісі басқаратын архивте отандық тарихшыларға беймəлім талай жазба деректер сақталған. Бейба- рыс дегенде Кеңес одағы кезінде түсірілген фильм көз алдымызға келеді. Өкініштісі, онда ешқандай тарих көрсетілмеген. Бейбарыстың ислам əлеміне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сол Шейх Нажих до- сымыз: «мен Бейбарысты ұйқы көрмеген патша деп сипаттар едім», — дейді. Ел басқарған 17 жылында оның дамылдап отырған кезі аз болып- ты. Бірде Каирде, бірде Иорданияда, енді бірде Шам жерінде жүріпті. Құдысқа да қыруар еңбек сіңірген екен. Ел іргесін бүтіндеу үшін арпалы- сып өткен. 1260 жылы қыркүйектің басында өткен Айн-Жалут шайқасында оның орналастыруы бойынша қарсы соғысқа дайындалған əскерлері өмірі жеңіліс дегенді білмейтін монғолдарды ойсырата жеңеді. Айн-Жалут жеріне де жолымыз түсіп барып қайттық. Ол Палестинадағы Назарет қаласының маңында орналасқан мекен. Бір жағы тау, бір жағында Жалут өзені ағып жатқан жазық жер. Сол кезде Бейбарыс шапқыншы əскерлердің Айн-Жалутқа жететін уақыты мен жол жағдайына талдау жасай отырып, монғолдардың аттары бұрлығып келетінін болжаса керек. Сөйтіп 20 мың əскермен келген Кетбұқа (араб тарихында Катбука, Китбука деп жазылған) тірідей қолға түсіп, Құтыз сұлтан өз қолымен оның басын шабады. Кейін осы жеңісті еске сақтау үшін Бейбарыс сұлтан Айн-Жа- лут жеріне «Мəшһаду насыр» (жеңіс белгісі) деген белгі орнатқызған деген дерек бар. Өкінішке қарай, бұл белгі бүгінге жетпеген. Сол Айн-Жалуттың кез келген жерін қазсаң, баяғы замандағы соғыстан қалған монғол əскерлерінің қару-жарақтарының қалдықтарын тауып алуға болады дейді білетіндер. Бейбарыстың атағын шығарған бұл шайқас туралы араб тарихшылары көптеген деректер қалдырған. Оған себеп Хулагу ханның əскерлері бетке алған жерлерінің барлығын қан-жоса етіп қырғын са- лып келе жатқан еді. Арабтардың үрейлері ұшып, «құранда айтылған шығыстан келетін Яжуж, Мəжуж қауымы осы болса керек» десіп, өмірден күдер үзіп отырған шақта естілген жеңіс хаба- ры бүкіл халықты шаттыққа бөлеген болатын. Сонан кейінгі жерде «Зоһир Бейбарыс» атанып кеткен екен. Бейбарыс билік құрған замандарда Мекке, Мəдина қалалары тұтасымен Бейбарысқа бағынышты болған. Осы қасиетті қалалардың басшылары мен белді имамдарын өзі тағайындап отырған. Өзі екі мəрте қажылық өтеген екен. Бұл туралы тарихи деректерде көп кездеспейді. Бір рет қажылық сапарына келген кезде, Қағбаның кису- асын ауыстырыпты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірі мен жанындағы мешіттің (пайғамбар меші- ті) мұнарасын жаңартқан. Осы айтылғандардың барлығын тарихшы Шейх Нажихтың зерттеуле- рінен біліп отырмыз. Бізге дейін жеткен жазба деректердің авторы Бейбарыстың қасында жүріп, хатшылық еткен Ибн Шəддəт есімді тарихшының жазып қалдырған мұралары болған. Ал Бейба- рыс туралы осыншама деректер не үшін ашыққа шықпай келген дегенге келсек, шиғалар Бейба- рысты ұнатпаған көрінеді. «Бейбарыс Құтызды өлтірді» деген жалған тарих та шиғалардың таратқан қауесеті көрінеді. Бұлардың барлығы та- рихи құжаттармен дəлелденген дүниелер болып отыр.

— Тамыры тереңде жатқан талай тарихтың бетін ашып отырсыз. Сол өңірдің қазіргі тұрғындары, қыпшақтар туралы, олардың туған жері, бүгінгі қазақ топырағы туралы біле ме?

— Мен алғаш рет Египетке оқуға барған 1994 жылдары жергілікті адамдармен əңгімелескенімізде, Қазақстан туралы біле бер- мейтін. Енді ғана тəуелсіз ел болып жатқан кезі- міз ғой. Бірақ Бейбарыс аты шыққанда барлығы «Зоһир Бейбарыс» деп еске алғанымен, тарихтағы қыпшақ даласы, қазіргі қазақ жері туралы дерек- терді айта алмайтын. Қазір мүлде басқа жағдай. Екі ел ғалымдары арасында ғылыми, мəдени байланыстар орнауының нəтижесінде көп нəрсе өзгерді. Қазір Қазақстанды жақсы біледі. Біз- ді «Бейбарыстың ұрпақтары» деп көтермелеп те жататындарын көріп жүрміз. Алғаш Каирге барғанда Бейбарыс салдырған мешітті көрдік. Сол баяғы қалпында тұр десті білетіндер. Үш көшенің түйіскен жеріне орналасқан көне мешітке студент кезімізде жиі келіп тұратынбыз. Шет жағында ашық төбесі бар. Сол ашық алаңдағы топырақта кəдімгі қамыс өсіп тұратын. Египеттің басқа жер- лерінен қамыс көрмеппіз. Осыған таң қалатынбыз. Елді, жерді сағынып жүргенде, сол қамысқа қарап тұрып, қазақтың даласына келгендей болушы едік. Кезінде Елбасымыз Египетке сапарлай барған кезінде арнайы барып зиярат етіпті. Сол жолы мешіттің құрылысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісіп, Қазақстан тарапы қаржылай көмек беретін болып шешкен екен. Ара- да біраз жылдар өтіп, 2007 жылы бір топ адаммен Каирге бардық. Бейбарыстың мешіті тозып ке- тіпті. Бар жаңалығы, кіре берісіне тақта орнатылып, оған ағылшынша, қазақша, арабша үш тілде мешіттің тарихы жазылған екен. Біздің елшіліктің орнатқандығы көрініп тұр. Ішіне кірсек, ешқандай жөндеу жүргізілмепті. Бір бұрышына ғана намаз оқуға болады, қалған қабырғалары құлай бастап- ты. Төбесіне шығатын ашық жері бар еді. Ол жақ дəретхана болып жатыр. Бірге жүргендердің ішін- де соны көрген біреу: «Мынау не сұмдық, баба- мыз осындай қор болып жата ма? Үкіметтің ақша бөліп жасататыны қайда?» — деп жылап жіберді. Сол сапардан келгеннен кейін тиісті орындарға мəн-жайды құлаққағыс еттік. Көп өтпей үкіметтен қаржы бөлініп, мешіт құрылысына жөндеу жүргізіле бастаған кезде Египетте саяси толқулар басталып кетті. Содан қайтып ол жаққа жолымыз түскен жоқ.

Əңгімені осы арадан үзуімізге тура келді. Бұл сұхбатымыз тарихшыларымызға ой салса, нұр үстіне нұр болар еді…

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали

(766)

Сарыарқаның тағдыры шешілген жер

$
0
0

немесе «Қалмаққырылғанның» құпиясы

Май ауданының аумағындағы «Қалмаққырылған» тауының қазақ тарихында алар орны ерекше. Жергілікті азаматтар аталған тарихи орынды «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» республикалық тізіміне енгізуді ұсынып отыр. Егер бұл бастама жүзеге асса, Ақшиман жері Баянауылдан кейінгі екінші туристік аймақ ретінде танымал болар еді. Сонымен қатар, аудан мен ауыл арасындағы тозығы жеткен автокөлік жолдарына жөндеу жасалып, шалғай ауылдағы ағайынның орталыққа қатынауы жеңілдей ме деген үміт басым. 

Ақшимандардың арманы

Бұл — сонау XVIII ғасырда қазақ жерінің бостандығы жолындағы бабалар күресінің куәсі болған мекен. Жасыбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар сынды қазақ батырлары қалмақ қолын ойсырата жеңіп, қазақ даласын жоңғар басқыншылығынан құтқарғанда шешуші шайқастардың бірі өткен жер. Жалпы, Қазақстанда осы тарихи оқиғаға байланысты қойылған бірнеше жер атауы бар. Мәселен, Қарағанды облысы Ұлытау ауданында «Қалмаққырылған» деп аталатын өзен бары белгілі. Тарихи деректерге сүйенсек, 1723 жылы осы өзеннің бойында болған қазақ-қалмақ шайқасында қазақ сарбаздары жеңіске жеткен екен. Міне, осыдан кейін бұрын Белеуітті деп аталған өзен сол жеңістің құрметіне «Қалмаққырылған» болып өзгертілген. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты бір ауыл дәл осылай аталады. Мұның да сол жаугершілік заманда қазақ-қалмақ арасындағы текетіреске байланысты қойылғаны даусыз.
Ал Май ауданына қарасты Ақшиман ауылының оңтүстік жағын алып жатқан «Қалмаққырылған» тауының бұлай аталу тарихы мынадай. XVIII ғасырдың 40-жылдары қалмақ қолы Баянауылды қоныстанған қазақтарға Ертіс жағынан шабуылдап, басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасыбай батыр бастаған қазақ жасақтары жауға соққы берді. Ауыр шығынға ұшыраған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып, қарсыласады. Шайқастың бірінде Жасыбай батыр жасырынып келген жоңғар мергенінің садақ оғынан көз жұмады. Десе де, қатары селдіреп қалған жау жазық далаға қарай қашып, Серектасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») келіп бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырған екен. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен. Жақында «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермат Байқұрмановтың бастамасымен облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бір топ журналисі Ақшиман еліне арнайы барып, өңірдегі киелі жерлер мен тарихи орындарды аралап қайтқан болатын. Облыс орталығынан барған журналистер мен басқа да меймандарды осы ауылдағы Қайса ата мешітінің бас имамы Қайрат Серғазы, аудандық мәслихат депутаты Қайырғалы Бақауов, Ақшиман орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Рысбек Ахметов және ауыл тұрғындары Фазыл Дүйсенбаев, Мұрат Әлібаев сынды азаматтар қарсы алып, қойнауы құтқа толған өлкенің тарихи орындарын көрсетті. Журналистерге жолбасшы болып барған Ермат Байқұрманов болашақта бұл өңірді республикалық телеарналар арқылы насихаттап, өлкетанушылар мен археологтарға қазба жұмыстарын жүргізуді ұсынбақшы.
— «Қалмаққырылған» тауын «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» тізіміне енгізу — бүкіл ақшимандықтардың арманы. Бұл ауылдың әлеуметтік ахуалына оң әсер етері сөзсіз. Қазір мұнда бұрынғыдай емес, мал басы азайған. Яғни 1988-90 жылдармен салыстырғанда соның 15-20 пайызы ғана қалды. Егер осы бастамамыз жүзеге асса, ауылға дейін жол салынып, кейбір тоқырап қалған шаруашылықтар қайта жанданар еді. Әсіресе жол мәселесіне көп назар аударуымыз керек. Жалпы, 1976-77 жылдарға дейін жол болмады. 1978 жылы ауданға басшы болып келген Уақап Сыздықов 90 шақырым жолға грейдер салды. Содан кейін қол тиген жоқ. Егер жол мәселесін тездетіп шешсек, ауыл тұрғындарының аудан және облыс орталығымен қатынауы жеңілдер еді, — дейді Ермат аға.

«Қаныш үңгірі» қайда?

Ақшиман жерінде ең алдымен ауыл шетіндегі Олжабай батыр ескерткішіне тоқтадық. Ауылға кіре берістегі төбешіктің үстіндегі ескерткіш 2006 жылы республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында салынған. Одан кейін Қайса атаның кесенесі орналасқан зиратқа ат басын бұрып, аруақтарға дұға бағыштадық.
Қайса Нұрғазыұлы — бүкіл Май елі есімін әспеттеп, пір тұтатын тарихи тұлға, көзінің тірісінде халқына қолынан келгенше жақсылық қылған көріпкел-емші. Ол 1888 жылы дүниеге келген. Емшілік қасиеті тура 49 жасында білінген. Алланың берген ерекше тылсым күші арқылы өзінің жеке басының пайдасына емес, өмірінің соңына дейін халқына қызмет еткен деседі сол елдің үлкендері. Бойындағы бақсылығы ұстағанда қыстың қақаған аязына қарамастан, жалаң бас, жалаң аяқ далаға шығып кететін болған. Ауылдастары оны «есі ауысты» деп ойлап, дәрігерге қаратып, бақсы-балгердің алдына апарған кездер де болыпты. Май өңірінде осы Қайса атаның қасиетіне байланысты айтылып, ел арасына тарап кеткен әңгіме өте көп. Мысалы, өзінің үйіне қай жақтан қандай адам нендей сырқатпен келе жатыр дегенді алдын ала біліп отырады. Егер жолаушылар жолда қандай да бір кедергіге кез болып қалса, бірден сезіп-біліп, алдынан балаларын жіберіп, үйіне алдырады екен. Қайса Нұрғасұлы 1976 жылы 88 жасында өмірден озды. 2013 жылы туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі облыс әкімі Ерлан Арынның бастамасымен ескі зиратының орнына биіктігі 15 метр кесене бой көтерді. Зәулім кесене ішінде Қайса ата мен жұбайы Бәтижамал апаның зираты қатар жатыр.
Ақшиман ауылының шетінде «Сәтек-Мақыш» деп аталатын бұлақ бар. Қысы-жазы сылдырап ағып жататын мөлдір бұлақтың қараусыз қалғаны көрініп тұр.
— 2001 жылы ауыл азаматтары бұлақтың көзін ашып, айналасын ретке келтіріп қойыпты. Қазіргі күні сол кезде айналасына жинаған тастар қайта құлап, су көзін жауып қалу қаупі туындап тұр. Жалпы, «Сәтек-Мақыш» бұлағының басы — саяхатшылардың демалыс орнына сұранып-ақ тұрған жер. Егер бұлақтың басына орындықтар қойып, туристерге арналған кішігірім демалыс аймағына айналдырса, жазда келушілер қатары көбейері сөзсіз. Сондай-ақ, бұлақтың басын батпақтан тазартып, су алатындай жағдай жасап қойса, жақсы болар еді. Себебі мұндай таза суды кез келген өңірден кездестіре алмайсыз, — дейді Рысбек Ахметов.
Сапар барысында табиғаттың тағы бір таңғажайыбын кездестірдік. «Қалмақ-қырылған» тауының күнгей жағындағы Әулие үңгірді көрген жанның таңданбауы мүмкін емес. Үңгір аузының көлемі адам бойынан биік, ішке еңкеймей-ақ кіруге болады. Бірақ ары жүрген сайын кішірейе береді. Ауыл тұрғыны Мұрат Әлібаевтың сөзінше, бұрын үңгір таудың күнгейінен кіріп, теріскей бетінен бір-ақ шығатын дәліз секілді болған. Алайда кейінгі жылдары ортасына тас құлап, бітеліп қалған екен. Әулие үңгірге Қазақ Ғылым Академиясының Тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев 1920 жылы келіп, тастың бетіне «Қаныш. 1920» деп қолмен қашап жазып кеткен. Өкінішке қарай, оның үстіне әлдебіреулер бояу жағып, бүлдіріп тастапты. Жергілікті жұрттың кейбірі соған орай үңгірді «Қаныш үңгірі» деп атап жүр.

«Гауһар биігі», қыз құлаған және қалмақтар

Ақшиман елінде ақиқатқа негізделіп айтылған аңыз-әңгімелер өте көп. Мұндай дүниелер ғалымдардың зерттеуі мен тарихи кітаптарға енгізілмесе де, ауыздан-ауызға тарап, халықтың санасына сіңіп қалған және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мәселен, «Қалмаққырылған» тауларының бір шоқысы «Гауһар биігі» деп аталады екен. Гауһар (шын есімі — Майсара) — Малайсары батырдың туған қарындасы және Қабанбай батырдың жары. Ел аузында тараған әңгімелерге сүйенсек, Гауһар қыздың көзі өткір болған. Жаугершілік заманда биік шоқының төбесіне шығып, маңайды қарауылдап отырған. Егер бөтен адамның бейнесі байқалса, бірден ағасы Малайсары батырға хабарлайды екен. Міне, «Гауһар биігі» деген атау содан қалыпты.
Бұдан бөлек, «Қыз құлаған» деп аталатын тағы бір шың бар. Бұл атау бертінде осы өңірде орын алған бір оқиғаға негізделіп қойылған. Әсия есімді қызды ата-анасы қалың малына қызығып, жасы егделеу бір байға беруді ұйғарады. Байғұс қыз сүйген адамымен тұрмыс құрып, өз теңімен өмір сүргісі келгенімен, оған ешкім құлақ аспайды. Теңдік іздеген ару бұл зорлықты көтере алмай, соңында шыңнан құлап, ғайып болған екен. «Қалмаққырылған» тауының арасынан ертеден қалған ескі зираттарды және обаларды көптеп кездестіруге болады. Бірақ мұндай ерекше тас үйінділері қай дәуірге тиесілі екенін әлі ешкім дөп басып айта алмайды.
Өкінішке қарай, «Қалмаққырылған» тау-ларының құпиясын әлі толық аша алмай келеміз. Бұл — жергілікті өлкетанушылар мен археологтардың тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізілмейтіндігінің белгісі. Міне, соның салдарынан «Қалмаққырылған» тауы туралы ел аузында аңыз түрінде ғана айтылғанымен, нақты тарихи деректер мен археологиялық дәлелдер өте сирек. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше, «Қалмаққырылғанның» «Қазақстанның киелі жерлер географиясының» республикалық тізіміне енбей қалуының ең басты себебі де осы.
— Қазақстанда «Қалмаққырылған» деп аталатын бірнеше жер бар. Сол өңірлердің барлығында кезінде қазақ-қалмақ шайқасы болғаны тарихтан белгілі. Бірақ осылардың ішінде ең ірі әрі шешуші шайқас біздің өңірде болғанын тарихшылар дәлелдеп отыр. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бір жазбасында: «Бұл — Сарыарқаның тағдыры шешілген жер. Олжабай мен Жасыбай батырлар бастаған қазақ қолы қалмақ әскерлерін Серектаста қырғаннан кейін қалмақтар Сарыарқа даласына аяғын аттап басқан жоқ», — деп келтіреді. Міне, осындай тарихи оқиғалар болған орынды биыл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» республикалық тізіміне енгізу үшін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына хат жолдаған болатынмын. Бірақ ондағы әріптестеріміз нақты ғылыми деректер аз дегенді алға тартып, ұсынысымды қабыл алмады, — дейді Қайрат Батталов.

Түйін:
Иә, «Қалмаққырылған» тауына жоғары деңгейде зерттеу жүргізілуі керек. Осы ретте жергілікті ғалымдарға және өлкетанушылар мен археологтарға артылар жүк ауыр. Егер осы ұсынысымыз шынымен жүзеге асып жатса, бұл өңір ел назарын өзіне тарта алатын үлкен тарихи туристік орынға айналатыны сөзсіз.

Тілеуберді Сахаба,
Павлодар облысы, Май ауданы

(2)

«Мықтың үйі» мыңжылдықтар тасасынан үн қатады

$
0
0

Өзге өңірді білмеймін, біз шығыста «мықтың үйі» деген сөз тіркесін бала жасымыздан естіп өстік. «Мық» дегенде көз алдымызға аласа бойлы, тапалтақ келген адам елестеп, «күш» сөзінің синонимі ретінде қабылдайтынбыз. Олар осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүріп, әлдебір жағдайларға байланысты жерасты тұрғындарына айналып, соны мәңгілік мекендеріне айналдырыпты-мыс. Демек, «күшті» адамды «мықты» десеңіз болады. Түбірі бір сөз — «күш». Күшті адамды «мықтай екен» дейді. Алайда мыңжылдықтар тасасынан үн қататын аласа төбешіктер мен еңселі обаларды зерттеген ғалымдар мен археологтар қиыршық тастармен көмілген мұндай «үйлердің» астынан тек мүрделердің ғана шығатынын алға тартады.

Белгілі этнограф, шежіреші, тарихшы марқұм Жағда Бабалық атамыз өзінің бір жазбаларында 1973 жылы Мәскеудегi орталық кiтапханада Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң араб қарпiмен жазған өз қолжазбасын тауып алғандығын, онда «Арқада мық деген халық болған» деген сөздi оқығанда қатты толқығандығын келтіреді. «…Бiрден көшiрiп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдiм. Мән-жайды түсiндiрдiм. Ол кiсi ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйi дегендi бiлемiн, бiрқаншасын қазып та көрдiм, астында адамның сүйегi жатады екен, мола екен», — дедi. Сондай ақ, Әлкей Марғұлан «Мықтың үйі» аталып кеткен қорымдарға ұқсас зираттар Енисей өзенінен бастап Дунайға дейінгі аралықта көп екендігін айтады. «Мықтың үйі» моңғол мемлекетінің аумағында, Оңтүстiкте, Орта Азияда, яғни Тәшкен ойпатында кездесетін көрінеді. «Үй» деп шығыста зиратты да айтатыны бар. Мәселен, «Әкемнің үйін тұрғыздым», «Анамызға үй соқтық»… Демек, тарихшыларымыздың «мықтың үйін» олардың мәңгілік мекендері дейтіндері ақиқат ауылынан алыс кетпегендері десе де болады…
Жуырда дәл осындай «мықтың үйі» дейтіндей биік обаны Аягөз ауданы Бозай ауылындағы Сергиополь орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Әділбек Баймоллаев көрсетті. «Бозай жеріндегі қола дәуір ескерткіштері» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз «Ақшоқы обасының «мықтың үйі» екендігіне дау жоқтығын айтты. Сырты таудың қиыршық тастарымен жабылған бұл үйіндінің «мықтың үйі» екендігін кезінде ауылдың көнекөз қариясы Кенжеш Рақымқызы да айтқан еді. Әдетте, мұндай обаларда мәйіттер ағашқа жатқызылып, оның сырты үлкен тастармен жабылып, сосын топырақпен көміледі де, обаның үстіңгі қабатын таудың ұсақ қиыршық тастарымен үйеді», — дейді ол. Аягөз-Баршатас тас жолының он бесінші шақырымындағы үйіндіні қасынан қаншама рет өтіп жүрсек те байқамағанымызға таңғалдық. Жай ғана бір жолшылардың үйіп қойған құм тасындай қиыршық тастан құралған бұл Ақшоқы обасы — «Мықтың үйі» көп аласарған. Биіктігі 3,20 метр, табанының диаметрі 35 метр болса, төбесінің диаметрі 11 метрге жуық. «Үйдің» төбесі ішіне қарай түсіп кеткендіктен, сопақша ойық болып шұңқырланыпты.
«Мықтың үйі» дегеніміз не, ол өзі бір дәуірдің адамдары ма деген сауалдар көкірегінде саңылауы бар, халқының өткенінен бейхабар болғысы келмейтін арда азаматтарымыздың көпшілігіне тыным бермеген сыңайлы. Жерлес жазушымыз, марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыз осындай зираттардың жаугершілік заманынан қалғандығын тілге тиек етеді. Ол кісі «Бастырма» деген мақаласында: «Қазақ соғыста өлген азаматтарды қолдан келгенше жерлеп кетуге тырысады. Көнекөз қариялардан естiгенiмiз. Адамдардың мәйiтiн, мысалы, бiрнеше мың мәйiттi әуелi бiр-бiрiне сүйеп отырғызады. Содан кейiн екiншi қабат тағы бiрнеше мың адам алдыңғылардың үстiне отырғызылады. Содан кейiн тағы бiрнеше мың. Тiрi қалғандар шәйiт болғандардың аруағына дұға оқып, қайғыра жүрiп, даланың төсiнде осындай бiрнеше, кейде он-жиырма, кейде отыз-қырық сұмдық төбелер тұрғызады. Бұл жерде бiз әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстарды айтып отырмыз. Ал кейде адам шығыны аз болып, өлген жауынгерлердi елге алып қайтудың мүмкiндiгi болса, алып қайтады. Елге келгеннен кейiн арулап көмедi. Далада қалған, шала-шарпы көмiлген сүйек уақыт өте шаң, топырақ үйiрiлiп, ақырындап төбеге айналады». Ежелден аруақты құрметтеп, сыйлайтын, «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қағиданы берік ұстанған халқымыздың шынында да мәйітті табан астында қалдырмай, қабірдің үстіне оба тастар қоятыны шындық.
Жалпы, Таласбек аға «мықтың үйі» дегенді мүк басып жататын төбешіктер болғандықтан, «мүктің үйі» деген ұғым «мықтың үйі» деп фонетикалық өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігін де алға тартады. Ал қазақтың біртуар ұлы, этнограф-ғалым Жағда Бабалық қазақ мемлекеттілігінің тарихы сақтардан арғы дәуірлерге апаратынын жиі айтатын. Оның пікірінше, қазақтың сақтардан да бұрынғы арғы бабалары ежелден «Мықтың елі» болып табылады. Осылайша «Мықтың елінің» тарихы біздің дәуірімізге дейінгі он мыңжылдықтан ары болып отыр. Жағда Бабалық атамыз бұл тақырыпты едәуір бойлап, ежелгі қазақ елінің арғы бабаларын мықтың еліне апарып тірейді. Тарихымызды әлденеше ғасырларға ары апаруға күш салған атамыздың ізгі ниетіне бас ұрамыз. Әрине, бүгінгі ұрпаққа «Мықтың үйі» болжамы әлі де көмескі. Яғни, археологиялық-антропологиялық, кешенді тарихи зерттеуді қажет ететін, жұмбағын ішіне бүккен тақырып десе болады. Дейтұрғанмен, ғылымда нақты заттай айғақтар арқылы гипотезалық қорытынды жасауға болады.
Аягөз маңында туып, өскен өңірдің өткеніне көз жіберіп өмір сүріп жатқан тарихшы Әділбек Құрманғалиұлының да негізгі мақсаты осыған келіп саятындай. «Өткенге көз жібермей, болашақты болжау жоқ» дейтін қарапайым ғана тәмсілді ұстаздық ғұмырына арқау еткен Әдекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені оның мыңжылдықтар тасасында қалған бабалар үйін зерттеп, балаларға жеткізуде оның еңбегі ұшан-теңіз. Ғұндар мен сақтардан бұрынғы ежелгі дәуірлерде өмір сүрген «мықтардың» бүгінгі ұрпаққа қалдырған «мұрасы» бабаларымыздың нақты өмір сүргендігінің айғағы деуге болатындай.
Ғұндар мен сақтардан ары асып, «мықтың еліне» сапар шеккен археолог ғалымдарымыздың зерттеулері мен ой-тұжырымдары қазақ мемлекеттілігінің тарихы үшін өте маңызды. Демек, бабалар тарихын ғұндар мен сақтардан да бұрын өмір сүрген мықтар дәуіріне апарып тіреудің арғы жағын тамырымыздың тереңге кеткендігімен байланыстыруға болады.

Берікхан Тайжігіт

(2)

Мен куә болған Желтоқсан

$
0
0

Сонау 1986 жылғы 16-17-18  желтоқсан күндері Алматы қаласында болған Желтоқсан көтерілісіне арада 31 жыл өтсе де дұрыс баға берілген жоқ деп ойлаймын. Олай дейтінім, сол кезде алаңға шыққан студенттер мен жұмысшы жастардың  бәрі бірдей ақталып болған жоқ! Күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан осы оқиғаға толық зерттеулер жасады деп айту қиын. Желтоқсан оқиғасының түп-тамырына тереңірек зерттеулер жасау үшін сол кездегі КГБ-ның архив материалдарымен  жан-жақты танысу мақсатында журналистер мен тарихшыларға ресми түрде рұқсат беру керек. Алаңға шыққан жастардың қаншамасы күні бүгінге дейін ақталмай жүргенін білеміз. Біле білсек, желтоқсанда Брежнев алаңына бойында қазақ деген рухы, намысы бар жастардың бәрі шықты! Солардың бірі мен едім…

«Менің елім», «Атамекен», «Майданға» әндерін айттық

Өкінішке орай, сол кеңестік империяның ызғарлы саясатының құрбаны болып, жоғары оқу орнынан қуылып, КГБ-ның қысымынан Алматы қаласынан жер аударылғанымды біреу білсе, біреу білмейді. Ол кезде КазГУ-дің журналистика факультетінің қазақ бөлімінің 3 курсында оқимын. Әдеттегідей әскери дайындық сабағынан келіп, 5-ші жатақханадағы бөлмемізде демалып отырғанбыз. Ол кезде қазіргідей жылдам ақпарат жоқ. Қазақ радиосының соңғы хабарларынан, Қазақ КСР Орталық Комитетінің Бас хатшысы Д.А.Қонаевтың Мәскеудің пәрменімен орнынан алынып, ресейлік Колбин деген белгісіз біреудің сайланғаны белгілі болды. Басында аса көп мән бермедік. Алайда болашақ журналистер Мәскеудің өктемдігін бірден сезіп, мұның арты қалай болар екен деген пікірлер де айтылып жатты…
Хош, сол күні кешкісін КазГУ қалашығындағы жатақханаларда ертеңгі Брежнев алаңына шығуға шақырған белсенділер қаптап кетті. Желтоқсанның 17-ші жұлдызында Брежнев алаңында жан-жақтан, барлық оқу орындарынан студент жастар жинала бастады. Сол күні алаңда Алтай Нұрманов екеуіміз бірге болдық. Алтай — менің бұрынғы курстасым. Жанұялық жағдайына байланысты сырттай оқу бөліміне ауысып, күндіз бір мекемеде жұмыс істейтін. Біз келгенде алаңға жиналушылар саны көбейіп қалыпты. Алаңдағы мінберді қолдарында қаруы жоқ милиция курсанттары сап түзеп қоршап тұр екен. Әлі есімде, түске дейін толассыз келіп қосылып жатқан шерушілер қарасы бірте-бірте қоюланып, алаңда қозғалу қиынға айнала бастады. Шеруші жастардың қолдарында «Лениннің ұлт саясаты жасасын!», «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына қазақ басшы сайлансын!» т.б. көптеген транспаранттар болды. Шерушілер «Менің елім», «Атамекен», «Майданға» әндерін патриоттық рухта шырқап, буырқанған теңіздің жал-жал асау толқындарындай күркіреп, мінберге қарай атой сала бастады. Қарусыз курсанттардың шамасы келмей бара жатқан соң, арнаулы жасақтардың алғашқы бөлімдері шамамен бірнеше жүздеген мұздай қаруланған, қолдарына жылтыр қалқан мен резеңке дубинкалар, сапер күрек-терімен қаруланған солдаттар пайда болды. Студенттер мен әскерилердің қақтығысы басталып та кетті… Қас қарая алаңға Алматыдағы зауыттар мен құрылыс компанияларының жұмысшы жастары топ-тобымен қосыла бастады. Міне, сол кезде қақтығыс шиеленісіп кетті. Мінберге шыққан Орталық комитет өкілдерінің қазақшасы шамалы еді… Сол кездегі МВД басшысы генерал Басаровтың «Балам, үйге қайт!» деген сөздерді қайта-қайта айтқаны есте. Біздің алдымыздағы бірнеше қатар жастар мінберге қарай толқындай жылжиды. Алыстан алдыңғы қатардағыларды милициялардың ұстап, сүйрелеп бара жатқандарын байқаймыз. Бір кезде шерушілер алаңдағы әскерилердің жүк көліктерін, өрт сөндірушілердің, үкімет адамдарының қызмет машиналарын өртей бастады. Алаңда әп сәтте нағыз шайқас басталды да кетті. Кейбір ресми машиналар асығыс түрде алаңнан сытылып шығып, қазіргі Достық даңғылына қарай жоғары жылдамдықпен зулап бара жатты… Студенттер мен жұмысшылардың әрекеті салдарынан алаңдағы толқу процесі сағат сайын ушыға түсті… Қазіргі Республика алаңында қарақұрым жиналған өр намысты қазақ жастары сонау ықылым дәуірлердегі батыр бабаларының жалғасындай ширығып, Ақ үйге қарай атой салғанда келімсек Колбиннің сыртқа шығуға батылы бармады. Қызыл империяның соңғы билеушісі терезеден қайсар қазақ жастарына ініне тығылған жаралы жыртқыштай, өшпенділікпен қарап тұрған болатын.

«Сендерді, қазақтарды ату керек!» — деді

Желтоқсанның 17 жұлдызында Алматыдағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы КСРО империясының шаңырағын шайқалтып, керегесін қисайтып кетті. Біле білсек, 17 желтоқсан — қазақ атты ұлы халықтың қызыл империяның қабырғасын қаусатып, тәуелсіздіктің іргетасын қалаған күн! Иә, желтоқсанда қаншама боздақтар шейіт болды, ондаған азаматтар темір торға қамалды, жүздеген студенттер мен жұмысшы жастар соққыға жығылып, оқудан, жұмыстан қуылды десеңізші! Біле білсек, қазіргі жарқын күндеріміздің бастауы сонау 1986 жылдың желтоқсан оқиғасынан бастау алады! Сол жылы қуғынға ұшыраған азаматтардың көбі күні бүгінге дейін ақталмай жүргені өкінішті-ақ! 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде КГБ мені де көп қудалады. КазГУ-дің ректоратында КГБ-нің сол кездегі өкілдері мен сияқты ондаған студенттердің соңына шам алып түсіп, бірнеше ай бойы тергеді. Журналистика факультетінің деканы Козьменко маған оқудан өз еркіңмен шықсаң, комсомол қатарында қаласың, өйтпеген жағдайда комсомолдан шығасың, сотталасың деп қоқан-лоққы жасады. «Факультеттегі желтоқсаншылардың бәрі тиісті жазасын алды, сен ғана қара дақ болып тұрсың! Тезірек оқудан өз еркіңмен арыз жазып кетуің керек!» — дейді. Сол кездегі факультет комсомол хатшысы, қазіргі белгілі саясаткер Әміржан Қосанов (менің курстасым) маған қанша көмектесуге тырысса да, проректорлар мен оқу бөліміндегілер көнбеді. Ректораттың сұр ғимаратында талай тағдырлар империялық жазалаушылардың таразысына тартылды. Бірде тергеуден шығып келе жатқан маған белгісіз бір орыс оқытушысы мүсіркей қарап: «Сендерді — қазақтарды ату керек!» — дегенін қалай ұмытайын?! «Біздің де күніміз туар!» — дедім ашуымды сабырға жеңдіріп. Ал ішім қара қазандай қайнап, қанаты қайырылған қыранның күйін кештім… Сол сын сағаттарда бүкіл қазақ жастарының, қазақ ұлтының намысы Мәскеудің аяғының астында тапталғанын қалай кешіруге болады?! Сөйтіп, амалсыздан 1987 жылдың ақпан айының соңында, 3 курстың бірінші семестрін тапсырып болған соң, ректордың атына оқудан өз еркіммен шығару туралы өтініш жазып, оның қорытындысын асыға күткенім әлі есімде. 27 ақпан туған күнімде бес жылдық еңбек өтілімен, өз күшіммен түскен сүйікті оқу орнынан «өз еркіммен» шеттетілгенім туралы ректордың бұйрығын алып тұрып, әрі өкініп, әрі амалсыздан қуандым. Қуанған себебім комсомол қатарында қалып, 6 айдан соң оқуға қайта қабылдауға өтініш беруге болады деген, сол кездегі оқу бөлімінің бастығы Павел Сергеевич Просвиркин деген ақсақалдың жұбатуы еді. Өмірде өзге ұлт өкілдерінде де жақсы адамдар болатынын сол кезде білдім. Содан ал жұмыс іздейін. Ауылға баруға бет жоқ, «декабрист» деген ресми орындар жарата бермейтін атауымыз бар. Бір туысқан әпкем АХБК-де партия жетекшісі еді. Жұмысқа орналасуға көмектеспекші болды. Медициналық комиссиядан өтіп, фабриканың жұмыс цехына келсем, менің болашақ әріптестерім кілең қыз-келіншектер екен. Араларында бірлі жарым ер-азаматтар байқалады. Жастық шақтың қателіктері көп қой, қыздармен бір-ақ күн бірге жұмыс істеппін… Сондағы басты сылтау — нәзік жандылармен бірге жұмыс істеуге ұялшақтығым, батылдығым жібермеген екен… Алматы облысындағы Күрті, Бақанас аудандық газеттерінің басшылары да мені желтоқсан оқиғасына қатысым бар екенін білген соң, жұмысқа қабылдай алмайтындарын ашық айтты. Бірде қалалық автобуста белгілі бір ұстаз ағамыз жұбайымен келе жатыр екен. Амандассам, «мен сені танымаймын» деп, теріс айналғанын қалай ұмытайын?! Әрине, сол кезде де жалтақ адамдар болды ғой. Солар қазір арамызда жүр… Әдеттегідей қара шаңырақ — журфактің жатақханасындағы менің оқудан өз еркіммен шығуыма куә болған курстастарыма келе жатып, марқұм ақын, аяулы азамат Қайрат Әлімбеков кездесіп қалды. Қақаң сол кезде енді ғана алғашқы сандары шыға бастаған «Арай» журналында қызметте болатын. Жөн сұрасып, жағдайымды білген соң, «ертең жұмыс орныма кел, мен сені бір жайлы ауданға жіберемін» деді. Уәделескен сағатта Қайрат Әлімбековтың сол кездегі Қазақстан ЛКСМ ОК ғимаратында орналасқан кабинетіне келдім. Қақаң мені өзінің туған жеріндегі Қаратал аудандық газетіне, өзінің бұрынғы ұжымына барып жұмыс істеуге кеңес берді. Қуана келістім. Қайран Қақаң! Аса бір қамқорлықпен, телефон арқылы баратын газеттің редакторына хабарласып, тұратын пәтеріме дейін дайындап берді. Сөйтіп, 1987 жылдың наурыз айының басында сол кездегі Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы, Шевченко көшесіндегі жалдамалы пәтердің есігін жүрексіне қағып тұрдым. Наурыздың қара суығын елең қылмастан, қысқа балақ шалбар ғана киген орыс қожайын тайыншадай итін байлап, есік ашты. Тап-тұйнақтай үй ауласында қосымша шағын там орналасқан. Сол тамнан күлімсірей шыққан сұңғақ бойлы, жылы шырайлы замандас бұрыннан танитын адамдай құшақ жая қарсы алды. Бұл бүгінде белгілі журналист, баспагер Ұлан Оспанбаев екен. Қайраттың орны маған бұйырды. Бір сағаттан соң Қаратал аудандық «Путь к коммунизму», «Коммунизм жолы» газетінің бас редакторы, қазақ ұлтының жанашыры Мәкен Өсербаева апайдың қабылдауында отырдым. Қандай батыл, жанашыр адам еді?! «Бізге сен сияқты мамандар жетіспейді. Қазір өтінішіңді жаз да, нөмірге кезекші бол. Ертең сақманшылар ауылына барып, төлдемеден репортаж жазып кел», — деді. Міне, мені сол сұрықсыз күндерде қолтығымнан демеп, сенім артқан, қылышынан қаны тамып тұрған колбиндік саясаттың зардабынан жеке басы үшін қорықпай қызметке қабылдаған, аяулы апайымызға өмір бойы қарыздармын! Қасиетті Қаратал өңіріндегі осы бір сүттей ұйыған ұйымшыл ұжымда Қараша Қараманов, Әміре Әрінов, Ұлан Оспанбаев, Бақыт, Сәкен Қиқабаев т.б. белгілі журналистермен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.

Қатыгез деканның қаһары

Хош, сонымен, араға жарты жылды салып, Алматыға, КазГУ-ге тарттым. Мақсатым — оқуға қайта қабылдауға ректордың атына өтініш беру. Декан Козьменко бірден қарсы болды. «Сен сияқты ұлтшылдар үшін кемінде 24 айдан кейін ғана оқуға қайта кіруге рұқсат етіледі», — деді. Ал мен студент оқудан өз еркімен шығып, емтихандардан қарызы болмаған жағдайда алты айдан кейін қайта қабылдауға болатынын зерттеп, біліп алғанмын. Деканның орынбасары Ыдырысов Әбілфайыз ағайға жағдайымды түсіндіріп, бар үміт сізде дедім. Әбілфайыз ағай да нағыз батыр адам екен. Басын тәуекелге тігіп, оқуға қайта қабылдау туралы өтінішіме ойланбастан бұрыштама соғып, қолын қойып берді. Арада біраз уақыт өткенде ректораттағы оқу бөліміне телефон шалып, «Сіз оқуға қайта қабылдандыңыз» деген жауапты естігенде қуанғанымды ешқашан да ұмытпайтын шығармын. Жаңа курстастарыммен Қостанай облысында Намазалы Омашев ағайдың басшылығымен ауыл шаруашылығы жұмыстарында болып, үш-төрт күн ертерек сұранып елге, әке-шешеме тарттым. Бар шындықты өз аузымнан естіген олар бір қуанып, бір қуарды. Ол кезде жедел хабарлама тек қана телеграммамен келеді. Таңертеңгісін ауыл почтальоны «Деканат шақырып жатыр. Тез жет!» деген бұйрық райлы телеграмма әкелді. Құстай ұшып Алматы, КазГУ, журналистика факультеті қайдасың деп тартып отырдым. Көкшіл көздерінен ызғар шашқан шовинист декан Козьменко қаһарлы дауысымен:
— Сендей ұлтшыл, алаңдағы бұзақы-лықтарды ұйымдас-тырушыға тек 24 айдан кейін ғана оқуға қабылдауға рұқсат беріледі. Сенің мынауың заңсыз! — деді.
Бұл кезде мен де қарап тұрмай:
— Ондай болса, сіздің бұл әрекетіңіз де заңсыз! Менде емтиханнан ешқандай қарыз жоқ. Сіздің және КГБ-ның, факультет комсоргінің талап етулеріңіз бойынша оқудан өз еркіммен шығып, заңға сәйкес өз еркіммен қабылданып отырмын, — дедім батылданып.
— Жоқ, сен тағы да өз өтінішің бойынша оқудан шығып, екі жыл өткен соң ғана кел! — деді декан құтырған бурадай зіркілдеп.
Сол сәтте маған бәрі бір еді. Жазықсыз көрген қорлығым, мынау алдымда тұрған қатыгез деканның өктемдігі намысымды бір-ақ сәтте қайрап, бойыма еріктен тыс ашу-ызаға толы батылдық пайда болды.
— Мен сізден енді қорықпаймын! Оқудан қайта шығатын ақымақ мен емеспін! Егер мені қудалауды қоймасаңыз, дәл қазір Мәскеуге, Горбачевқа, ЦК-ға, «Правда» газетіне шағымдану мақаласын жазамын! — деп айқайлап жібердім деканның столына жақын келіп. Қатты ашуланғаным соншалық, түйілген жұдырығым қарысып қалыпты… Сонда барып, «ұлы халық» өкілінің жүні жығылып:
— Жарайды, оқуыңды жалғастыра бер. Қалғанын көре жатармыз, — деп күмілжіді.
Козьменконың «көремізі» кейін белгілі болды. Мені тиісті шәкіртақы мен жатақханадан үміткерлер тізімінен сызып тастапты. Үндеген жоқпын. Сол жылы қысқы каникулда ауылға барып, абайсызда аяғымды сындырып алдым. Бүгінде бақилық болған қайран алтындарым — анам мен әкем: «Балам, оқуыңа әзер дегенде қайта қабылданғанда аяғыңды сылтауратып елде жатқаның жарамас. Каникул аяқталғанда бірден Алматыңа тарт!» — деп кесіп айтты. Сөйтіп, қаңтардың қақаған аязында сонау Зайсаннан Өскемен арқылы ұшақпен Алматыға балдаққа сүйене жүріп ұшып келіп, оқуымды жалғастырдым. Сондай қиын-қыстау кезеңде маған өз орындарын кезек-кезек босатып беріп, басыма түскен қиыншылықтарды бөліскен Абай Иманбаев, Халаман Жақыпов, Асыланбек Ғұбашев т.б. аяулы курстас достарымды ешқашанда ұмытқан емеспін… Міне, содан бері арада аттай 31 жыл өтіпті. Бұл менің 31 жылда Желтоқсан оқиғасына қатысып, зардап шегуші ретінде жазып отырған екінші мақалам.

Жылдар өтеді, тарих беттері қалыңдай береді. Өкінішке орай, тарихи оқиғалардың көмескі тұстары толық ашылмағандықтан, бірте-бірте ұмытыла береді. Менің ойымша, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шығу себептеріне мемлекеттік деңгейде әділ зерттеулер жүргізіліп, зардап шеккен көтеріліске қатысушылардың барлығын ресми түрде ақтайтын заңнамалар қабылдайтын кез жеткен сияқты. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өткенде, кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, күні бүгінге дейін  ешқандай ұйымға барып тіркелмеген, тағдыр тәлкегіне түскен  жүздеген азаматтарды ресми ақтайтын мемлекеттік деңгейде арнаулы комиссия құру керек. Адам баласы үшін 31 жыл аз уақыт емес! Осыдан тура 31 жыл бұрын Алматыдағы Брежнев алаңында Ұлы Қазақ Халқының рухын асқақтатқан желтоқсаншылардың әрқайсысы мемлекет тарапынан ресми түрде ақталуға құқылы, кез келген құрметке лайық! Билік тұтқасындағы ұлтжанды азаматтар жоғарыда аталған ұсыныс-пікірлердің жүзеге асырылуына ұйытқы болады деп сенейік. Тарихымыздың бұрмаланбай, таза жазылуы үшін бәріміз жауаптымыз.

Жаңабек Тойбазаров

(0)

«Жеті жарғы» туралы жеті дерек

$
0
0

1. Заман талабынан туындаған

ХҮІІ-ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қауіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастайды. Осы тұста Тәуке хан хандықты нығайтуға күш салды. Бұл үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет болды. Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. Күлтөбенің басында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бас қосып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады.

2. Жарғы жеті жаңа тармағымен ерекшеленген

«Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан оқуға болады. Сондай-ақ, Н.Гродеков, Л. А. Словохотов, А. П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.

3. Сайлауға қару асынып келу міндеттелген

«Жеті жарғы» заңдар жинағы негізінде қазақтың тайпа, ру басылары жылына бір рет жиналған. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.

4. Төрт түлік малмен құн төлеген

Жазалаудың ең көп таралған түрі — құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген, ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ — 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.
5. Ауыр қылмыс жасаған адам өлім жазасына кесілген

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс-деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас атып өлтіру. Сондай-ақ, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар өлім жазасына кесілген.
6. Қылмыстық істерді билер соты қараған

Билер соты барысында екі жақ келісуі бойынша өлім жазасын құн төлеумен алмастыруға мүмкіндік болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда; егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда; жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда; «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Ал, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауыс көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен.

7. «Жеті жарғы» ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған

«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін пайдаланып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, біздің заманымызға «Жеті жарғының» түпнұсқасы жеткен жоқ. Алғаш рет орыс ғалымы Г. Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820-шы жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы (34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» жарыққа шыққаннан кейін 100 жылдан соң халық ауыз әдебиеті жанрында жарияланған.

(13)

Ақтоғайға бардың ба, Ақсораңды көрдің бе?

$
0
0

Шетел дүниесін әйгілеу үшін «бренд» іздейді. Ал Орталық Қазақстанға оны Табиғат-Ана өзі тарту еткен. Киелі жерлер жөнінде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», — деді.
Мысалы, тылсым табиғаты көзіңді тұсайтын Қызыларайдың сұлу жер екенін исі Алаш жақсы біледі. Мәртебеге санап, мақтанады. Өйткені Орталық Қазақстанның ең биік таулы массиві туризмнің туын тігерге лайық жер. Десек те, әлемге «біздерде мынадай бар» деп ұялмай көрсететін аймаққа туристердің табаны тимей тұр. Тау ұлдары да топырағының қадіріне жетпеген секілді. Әттең..

Махмұттың туған жеріне сыйы

Жалпы, патриотизм — туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктен бастау алады. Өйткені жұлдызды сәті жарқырап, ел таныған азаматтардың көбі — бағындырған биігін елінің батасымен, туған жерінің топырағымен байланыстырып жатады. «Бабамның қаны, анамның жасы, сіңген бұл далам, қымбатсың маған» деуі сондықтан.
Ал Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық даласы — Сарыарқада сұлу жер көп. Біз тілге тиек еткен Қызыларай — Арқаның көзайымы. Киелі жер. Тау-тасы ән салып тұрғандай көрінетін осы жерге ерекше қамқорлық қажет. Әлбетте, жерінің қадіріне жеткен әрбір азамат туған жер тарихынан хабардар.
Мысалы, өткен жылғы желтоқсан айында Қызыларайда «Beeline» ұялы байланыс желісі іске қосылды. «Алтай-полиметалл» акционерлік қоғамының бас директоры Махмұт Әліпбергенов ауылдың тоқсан жылдық тойына орай өз қаражаты есебінен байланыс жүйесін қосып, сый жасады. Туған жерге патриоттық сезімін осылай білдірді. Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген ұялы байланыс жүйесіне қол жеткізген қызыларайлықтар бүгінде қуанышқа кенеліп отыр.
«Туған жерге ту тігер» азаматтар барда елінің гүлденері сөзсіз. Енді бұл ауылдың табиғатын қорғауға қомақты үлес қосатын шынайы патриоттар керек. Бұған себеп жоқ емес.

Қызыларай қаумалы күтімсіз

Ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқановтың айтуынша, 1979 жылғы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Жаманқұл Шайдаровтың идеясымен Ақтоғай ауданында өткен конференцияға қатысушылар Беғазы қорымын тамашалап, таңданып тарасқан. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Рымбек Жүнісов келімді-кетімді қонақтарды Ақсораңда қарсы алып, Қызыларайдан шығарып салып жүрген. Сөйтіп, 1988 жылдан бастап «Қызыларай ұлттық паркін» құруды тікелей қолға алып, іске кіріскен. Соның нәтижесінде 61 мың гектар жерді қамтитын «Қызыларай ұлттық паркін» құру мәселесі 1991 жылы Жезқазған облысының тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру, насихаттау жөніндегі 1990-2000 жылдарға арналған бағдарламаға енгізілген.
Содан бері он сегіз жыл өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. «Қызыларай мемлекеттік зоологиялық қаумалы» деген аты болмаса.
Бүгінде Қызыларай қаумалы 18 200 гектар. Өсімдіктері 10 300 гектарды көмкерген. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген арқар, бұлан және елік мекендейді. Сондай-ақ, арагідік бүркіт кездеседі. Дәрілік шөптесінді өсімдіктер көп. Ауыл тұрғындары қарағайды қорғауға алған.
Сөйтіп, Қызыларай әлемге көзайым болып, туризмнің ошағына айналуға сұранып тұр. 70 шақырым аумақ қорғауды қажет етеді. Егер ұлттық парктер қатарына енгізілсе, еліміздің туристік базасы толымды дүниемен жаңарар еді.
Алайда «Рухани жаңғыру» қоғамында менмұндалаған Қызыларай сілемдері әлі жаңарусыз жатыр.

Әлкей Марғұлан айтыпты…

Қызыларай алдымен әлемнің назарын Арқаға аударған қазақтың ғұлама ғалымы, академик Әлкей Марғұланның отыз жылдық еңбегіне арқау болған өңір. Еуразиядағы қола дәуірінің соңғы жәдігері — «Беғазы–Дәндібай» орналасқан аймақ. Әлкей Марғұлан Манас Арқаға келгенде Беғазы тауының бөктерін жайлағанын жазады. Беғазы да жауға шапқан батыр қыз болған. Ел аузында таудың аты соның ерлігінің құрметіне қойылған деген аңыз бар. Әрі аңыз бойынша Беғазы тауының басында Манас батырдың Аққұла тұлпарының тас ақыры болған.
Сол Қызыларай тауларының бір сілемі, атақты Беғазы биігіне осыдан шамамен 1947-1952 жылдары археолог ғалым Әлкей Марғұлан қазба жұмыстарын жүргізген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның нұсқауымен бұл өңірге бірнеше мәрте келіп, таңбалы тастарды, көне қорымдарды зерттеген.
Сөйтіп, бүкіл Еуразия аумағына тараған Бегазы-Дәндібай мәдениеті қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататыны анықталды. Осы мәдениеттің ескерткіштерін де Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлкей Марғұлан ашқаны содан белгілі. Қазір Еуразия құрлығын жайлаған Беғазы-Дәндібай мәдениеті Еуропа жерлеріне, сонау Ауғанстан, Иранға дейін созылған. Содан болар ескерткіштерді іздеп келетіндер көп. Отыз жылдық еңбекке арқау болған сол өңірде қазақ академигінің зерттегенін білдіретін бір белгі де жоқ. Қызыларай, Беғазы тарихи-мәдени табиғи қорығы құрылған жағдайда Ақтоғай өңірі жаңаша түрленер еді ғой.

Таңбалы тастар сөйлейді

Ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқановтың айтуынша, зерттеуді қажет ететін таңбалы тастар көп. «Әлихан Бөкейхан жазбаларында өзі туып-өскен Қызыларай, Қаратал өзені мен Желтаудан әрі Жамбай деген балуанның бейіті болған. Қозы бағып жүрген жас Әлихан атамыз сонда әлгі балуанның бейітіне барып, жеті қарыс саптыаяғын көргенін жазады. Алыстағы атақты Жамбайдың бейітін көрген Әлихан қозыкөш жердегі Беғазы тауларын, ондағы таңбалы тарихты көзі шалуы мүмкін. Желтаудың екі беті толған таңбалы тастар. Олардың қалғаны бар, қирағаны бар, бүгінгі таңда бес жүзге тарта таңбалы тастар тарихтың тілсіз куәгерлері болып жатыр», — дейді. Әлекең туған Желтаудан бастап, Қарашоқыны өрлей Қарқаралының Аппаз ауылына дейін қырыққа тарта адам кейпіндегі түрік дәуірінің балбал мүсіндері тұр бұл жерде. Тарихтың жұмбақ парақтарын ашатын балбалдар туристерден бөлек, ғалымдардың зерттеуіне де сұранып-ақ тұр. Жарнамасын жасаса, шетелдіктердің ағылатыны сөзсіз.

Қасиет қонған Әулие

Мысалы, Беғазыға жапсарлас Әулие тау деген қасиетті биік бар. Бұл таудың ұшар басында киіз үй сияқты үңгір бар. Үңгірдің төбесі тесік, одан ішіне жарық түседі және ортасына от жаққанда түтіні сол тесіктен шығады. Үңгірдің іргесіндегі терең апанда су бар. Оң жақ босағасында шөккен түйеге ұқсап қашалған тас мүсін тұр. Атам бұл тау жөнінде алыстан келгендер Құдайдан бала сұрап, тәу етіп, түнейтінін айтып отыратын. «Әулие аян берсе, науқас ауруынан айығады, суын ішкен адамға ем қонады» деп.
Оған қоса, Әулие тауларында неолит дәуірінің таңбалары және жақпар тастары да бар. Ондай таңбалар осы уақытқа дейін тек Қазақстанның бір-ақ жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Ақбауыр жерінде кездескен. Суреттерді зерттеушілер биік тақта тастарға жосаны итмұрынға езіп таңбалағанын анықтаған. Мұны кейінгі буын жақсы білсе де, қыдырып, демалуға барғанда ол суреттерді шимайлап кетеді. Бір суретте — бір тарих. Бұл жерге де қорғалған заңды белгі керек.
Қызыларай тауларын сөз еткенде, биік шыңы — Ақсораңды атауымыз заңды. Етегін қарағай көмкерген, орта тұсы аршамен қапталған, ұшар басы Пермь гранитінің күмбезіне айналған. Оңтүстік батысқа қараған беті құз-қия жақпар тасты, теріскей шығысқа қараған жағы жусан мен көде өскен шөптесінді, екі беті екі дүниедей бөлектеніп жаратылған сұсты да, сымбатты тау — бұл. Оның беткейлерінде қарағай орманы, қызыл қоңыр топырақ жамылғылы тауаралық аңғарларында қайың, көктерек, тал, қараған бар. Ойпаң жерлеріндегі ашық қызыл қоңыр топырақта тобылғы, астық тұқымдасты әртүрлі шөпті шалғын өседі.
Жаман Қызыларай деген жақпар тасты, қалың аршалы, тұщы бұлақты таудың (биіктігі 1283 метр) биік беткейінде ықылым заманда мыс қорытқан. Тұңғышбай ағаның айтуынша, оның тайқазаны да болған деген аңызды естіген бір топ азаматтар 1967 жылы сол жерге барыпты. Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Мәлік Имашов, сол кездегі Қаратал совхозының директоры Ғаділша Түсіпбеков және тағы басқалар Қызыларай тауының ұшар басындағы алты қанат киіз үй орнындай жерді алып жатқан беймәлім руда қорытпаларын табады. Бірақ тайқазан жоқ екен. Содан 43 жылдан соң кен қорытқан жерді Ғаділша ақсақал дәл тауып көрсеткен. Кен қалдықтары астындағы топырақта жанған отынның қара қошқыл күлдері де сақталған.
Сондықтан қарағай өскен бұл аймақтың табиғаты мен ресурстары шаруашылық әрекеттерге көп ұшырамағандықтан, қорық ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Аспан астындағы мұражай және алыптар

Беғазыны Арқа елі аспан астындағы мұражайға теңейді. Сондықтан бұл аймаққа туризмнің афишасы ретінде қазақтың біртуар тұлғаларының өмірінен мұражай ашып қоюға болады. Өйткені бұл дала алдымен, Тастыбұлақта туып, аспанның аясында ән шалқытқан, қазіргі Қытай жазба әдебиетіне енген төрт қазақтың бірі — Әсеттің елі.
ХХ ғасыр басындағы қазақтың реформатор көсемі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында басын бәйгеге тіккен тұлға Әлихан Бөкейханұлының кіндік қаны тамған жер.
Сондай-ақ, Бөріктастың басына дүние есігін ашқан, қазақ жерінің шекарасын бекітуде Ленинмен ырғасқан алғашқы қазақ Әлімхан Ермековтың атамекені. 1905 жылғы Патша манифесінде Қарқаралы уезінің 42 қазағының атынан патшаға петиция әзірлеген, қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Жақып Ақбаевтың туған жері.
Туризмге сұранған Ақтоғайдың бренді — «Беғазы–Дәндібайдан» бастау алған Қызыларай сілемдері болса, екіншісі — «Үш арыс». Үшіншісі — сұлу жердің арқары мен тау жусаны.
Олай болса халық медицинасына тұнып тұрған жерді кәдеге жаратуға не кедергі? Беғазыдан артық не керек?
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» делінген.
Кезінде Әлімхан Ермеков Қызыларайға дейін теміржол салуды жоспарлаған екен. Туған жердің қадіріне жеткен ғой. Ал Ермековтың арманын біз қалай түсініп жүрміз? Киелі жердің қадіріне жеттік пе?

Аяулым Совет

(7)


Абақ керейдің төре іздеуі

$
0
0

Автор туралы қысқаша дерек: Асқар Татанайұлы (1906-1994) Қытай қазақтары арасынан шыққан көрнекті әдебиет қайраткері. Алғашқы шығармашылық жолын «Ерікті Алтай» газетінде тілші болып бастаған Асқар Татанайұлы көптеген өлең, дастандар жазумен қоса, мол тарихи деректерді жинастырды. Талай-талай қиссаларды жазып алып, көптеген қолжазбаларды сақтаған. 1944 жылы сол кездегі Гоминдаң үкіметі «Совет одағынан келген кітаптарды жиыстыру» деген сылтаумен оның жинаған мәдени мұралары мен жазба деректерін өртеп жіберген. 1947 жылы Шығыс Түркістан үкіметінің атын жамылған бұзақылар «Ерікті Алтай» газетінің редакциясын талауға салып, ішіндегі барлық қағаздарды өртегенде, Асқар Татанайұлының да 1944-1947 жылдар аралығында ел арасына жинаған жазбалары өртеніп кетеді. Бұдан кейін де ауыз әдебиеті мұраларын жинастыруын тоқтатпаған Асқар Татанайұлы «Бөгенбай батыр» дастанының 4 нұсқасын, «Бақтиярдың қырық бұтағы», «Қобыланды батыр», «Әлпеміш батыр» қатарлы батырлар жырын, «Біржан мен Сараның айтысы», «Әсет пен Ырысжанның айтысы», «Әсет пен Кәрібайдың айтысы», «Бәтіш пен Мәлік молланың айтысы» қатарлы көптеген айтыстарды жинастырып хатқа түсіріп алады.  Қытайдағы 1966-1976 жылдар аралығында жүргізілген «Мәдениет төңкерісі» кезінде қудалауға ұшырап, қолжазбаларының бір бөлімі тағы да отқа тасталады.Осындай қысылтаяң шақта, жасырып алып қалған бір бөлім құнды деректерін, киізге орап, әйелінің қабырыне апарып көміп жүріп кейінге жеткізген. «Бір ғасыр» (өлең-роман), «Арқалық батыр» (дастан), «Тарихи дерек, келелі кеңес» (екі кітапшадан тұратын тарихи зерттеулері)секілді көптеген еңбектері бар. Мұнымен қоса Асқар Татанайұлының сақтаған фольклорлық мұралары жинақтарға енгізіліп, баспадан шығарылды.

Абақ керейдің төре іздеуі

XVIII ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс тауынан қоныс аударып, Қалба тауына орын тепкен Абақ елі бұл жерде көп жыл тұрды. Көршілес монғолдардан басқа Найман, Уақ, Арғын руларымен жер дауы, жесір дауы, құн дауы тағы молаяды. Қалбаны бұрыннан мекендеп келген ел, «көмген іргесі, орнатқан ошағы жоқ,ырықты төресі, күл төгер төбесі жоқ, жан-жақ күмәнға толмайды» деп тойтара береді. Бұл кезде Керейде төре жоқ еді. Керей бір жағынан басқа рулардан қақпай көреді екен. Енді бір жағынан Жәнібек батыр қартайып, елін біріктіріп, басын құрасқан Байтайлақ батыр қайтыс болады. Сөйтіп 12 Абақ бірдей бағынып, бойсұнатын, сырт ел құрмет ететін басшы керек болады. Осыны ойлаған Жәнібек батыр Керей баласын шақырып кеңес құрып, ел айтқанына көнетін хан ұрпағынан төре сайлап алуға кіріседі де, 1784 жылы Қазыбектің үлкені Тауасар би бастаған он жеті адамды Әбілманбет ханның баласы Әбілпейіз төренің ордасына аттандырады. Әбілпейіз төре тарту-таралғысымен арнайы келген қонақтарын шын ықыласпен күтіп алады. Тауасар бидің бұйымтайы оңайлықта шешіле қоймайды. Себебі Әбілпейіз екі әйел алған кісі екен. Үлкен ханымынан Ханқожа, Орысты, Пиды, Гада, Ақатай атты бес ұл, кіші ханымы Тұмардан Көгедай, Сәмен, Жабағы атты үш ұл көреді. Бәйбішенің балалары азамат болып, ат тізгінін тартып мініп ел басқаруға жарап қалғандықтан Керей адамдары бәйбішенің бес баласының бірін сұрайды. Бірақ төркіні мықты, төресіне де жағымды, биліктің бір шетіне бой ұрып қалған ханым бұл күнде азамат болып қалған балаларын бергісі келмей: -Ел шетіне шығып, қиыр қонып шет жайлап жүрген Керейге баламды қаңғыта алмаймын, деп көнбейді. Бәйбішесін көндіре алмай қайрандаған Әбілпейіз Керей адамдарына, «бәйбішеден туған бес баламның бәрінің де үкі тағып қойған жері бар еді. Кіші әйелім Тұмар ханымнан туған Көгедайды алыңдар, сұрағанымды бермеді демеңдер, Көгедайымды жас болса да бас көремін, дейді.

-Үлкендері тұрғанда Көгедай қалай бас бола алсын, дейді Тауасар би таңданып. Оның сұрауына Әбілпейіз он екі жылдың алдындағы бір оқиғаны жауап қылып қайтарады. Қырғыздарға қатысты бір дау-шарды шешуге қырғыз ханы Орманбеттің ордасына барып түстім. Орманбет хан бізді қатты күтті, дау-шар да разылықпен аяқтады. Ақыры екі жақтың билері «судың түбін шым бітіреді, даудың түбін қыз бітіреді» десті де, бұдан кейін қазақ-қырғыз баласы ұрпақтан-ұрпаққа дос болып өтуі үшін Орманбет ханның қызы Тұмарды маған атастырып, Орманбет ата, мен бала болып едім. Тұмар ханымды алып қайтқан жолымда, «аспандағы көк ай қойныма кірген» түс көріп едім. Сол түсімді ырымдап, Тұмардан сүйген тұңғыш баламның атын Көгедай қойғанмын, бар баламнан осы балам ыстық көрінеді. Абақ Керей баласы алыс жерден хан көтеремін деп келіпсің, берейін осы баламды  дейді. Ертеңінде Әбілпейіз Керей адамдарын өзі ертіп кіші бәйбішесі Тұмар ханымның ордасына келіп түскенде, күні бұрын хабар тауып отырған сұңғыла, білімді әйел Тұмар ханым, өзіне Әбілпейіз сөз салған заман: -«төрем, сіз балаңызды қисаңыз мен неге қимаймын? «Хан көтеріп, қадыр тұтамын, ел басқартамын, арқа тірек етемін» деп мәуедей салбырап келген ел болса,мен неге тартынайын. Кеше хан қызы болсам, бүгін ханым шығармын. Бірақ елден үлкен емеспін. Ел алтын басымен алдыма келгенде, мен неге шалқаямын? Қадыр тұтқан еліме рахмет! Көгедайым бүгін жас болса, ертең ержетеді. Бүгін бала болса, ертең ер азамат болады, беріңіз балаңызды! Сәмен, Жабағы Көгедайыма серік болсын, менен көрген үш балаңызды бірақ беріңіз. Көгершіндерімнен қалмаймын, көзімнен үш баламды таса қылмаймын, үш баламнан бөлмей мені де жіберіңіз», дейді. Керейлер Тұмар ханымның сөзіне разы болады. Әбілпейіз де Тауасар биге айтқан сөзін жұта алмайды. Тұмар ханымның Көгедайдан қалмайтыны, үш баласын бөлмейтіні анық еді. Баласы Көгедай ел басқарса, Керей Әбілпейіздің қолтығынан шығып қайда барады. Осыны ойлаған Әбілпейіз Тұмар ханымның сөзіне мақұл болады. Тұмар ханым өзіне қарасты мал-жанымен көшуге дайындалады.

Әкесі Орманбет Тұмарды Әбілпейізге ұзатқанда, шаңырағына екі құл, бір күң мінгізіп берген екен. Бұл тұста олар үйленіп үш түтін болады. Әбілпейіз төре еліне келгеннен кейін Тұмар ханымның ордасын көшіруге, малын бағуға, шаруасын істеуге он бір үйлі малшы-қосшы береді. Тұмар Керей еліне қарай көшкенде өз ордасымен қоса осы он төрт үйлі жанды, және екі үй молла, қожасын қосып, он жеті үйлі ауыл болып бірақ көшеді. Тұмар ханым балаларымен Керей еліне келгенде, Жәнібек батыр он екі Абақ баласының атқа мінер азаматтарын жиып Абылай хан, Әбілманбет ханның ұрпақтарынан кісі шақырып, арғын, уақ, найман, қоңырат, қыпшақтың адамдарын қатыстырып төре сайлайды. Ақ киізге отырғызған Көгедайды он екі Абақ баласынан он екі мықты жігіт көтеріп, барлық жиналған жұртпен бірге Қалба тауының биігіне алып шығады. Осы биіктің үстінде ақсарбас қой сойылып, он екі Абақ баласынан бір-бір адам шығып, «Көгедайға қарсы келмейміз, айтқанына бойұсынып, әміріне көнеміз, қарсы келгенімізді ант атсын!»- деп қолдарын қанға батырып, құран ұстап ант беріседі.

Сөйтіп 12 жасар Көгедай Абақ Керейге төре болады. Бұл 1785 жыл еді. Осыдан кейін Абақ Керей- төресі, заңы бар елге айналғанымен, басқа елдердің азулы шонжарлары, адуын сотқарлары Керей еліне сонда да азуын батыра береді. Әсіресе Әбілманбет балалары Керейдің өз уыстарынан шығып бара жатқандығын көріп көз алартады. Осы тізеден бір жола сыпырылып шығу үшін, Жәнібек батыр Көгедайға Цин империясына қарасты болуға ақыл-кеңес береді де, Көгедайдың разылығын алғаннан кейін, айлалы батыр, билерінен жолдас қосып, 1790 жылы Көгедай, Сәмен, Жабағы үшеуін Бейжіңге аттандырады. Бұл туралы халық аузында мынадай сөз қалған. «Көгедайды көтеріп, көктеменің кезінде. Көкпектіде отырғанда, көк қасқа тай сойып, көп тілеу тілеп, хан жолына аттандырды». Көгедайдың осы сапары туралы Көнсадақ Ахмет ақын былай деп жырлайды.

«Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға.

Жанторы, Майқан да бар осы жайда.

Ежан хан үшеуіне мансап беріп,

Ұқсады Керей елі туған айға!» Бұл өлеңде айтылған Көгедайдың жолдастары- Жәнтекей Барлыбай би, Шеруші Шұбаш батыр, Молқы Жанторы би, Қарақс Майқан би еді. Бұл кезде Цин патшалығының бесінші мұрагері Чян лұң (Чиян Лун, яғни Теңгір тетікші патшаның) патшаның билік құрған кезі еді. Чиян лұң патша бұларды жан-жақтылы сынап көреді. Кесеге мөлдірете ыстық шәй құйдырып, ішуге бұйырғанда Көгедай қолының күйгеніне қарамай, әрі шайқап-төкпей ішіп тауысыпты. Екінші рет Чиян лұң патша, шошқаның басын әкелдіріп, «же» деп бұйырғанда, Көгедай: «хан бұйырғанның бәрі қайран» деп пышағын суырып алады. Оны көрген патша шошқаның басына Көгедайдың қолын тигізбей қайта алып кетуге бұйырады. Осыдан кейін Чиян лұң патша елі мен жерінің көлеміне жарай Көгедайға «Жың Гұң» шенін, екі інісі Сәмен мен Жабағыға «Фугүң» шенін береді. Цин еліне қарасты болғанына байланысты Абақ Керей елі патшаға әр жылы он мың теңге ақ күміс алман төлейтін болады. Сол жылы Көгедай он сегіз жаста, Сәмен он алты жаста, Жабағы он төрт жаста екен. Олар 1791 жылы Қалбаға қайтып келеді. Осыдан кейін Көгедай төренің елі алдындағы беделі өсіп, көршілес елдер алдында сөзі өте бастайды. Ол Жәнібек батырға амандаса барғанда, Жәнібек: «жігіті бар ел жаудан қорықпайды, шешені бар ел даудан қорықпайды, орның болды кемелді, Керей енді теңелді» деп тақпақтай қарсы алған екен.Көгедай ұрпақтары Керейді бертінге дейін биледі, екі Фугұң- Сәмен мен Жабағы да елдің екі шетін басқарды. Керей елі Алтайға, Тарбағатайға, Еренқабырғаға, Құмылға дейін ірге жайып, бір тарабы Қобдаға дейін мекендегенде, төре ұрпақтары да өсіп-өркендеп, осы елдерді бөлісіп биледі.Тарбағатайда Көгедайдың бір ұрпағы Мамырбек билік жүргізді. Еранқабырғада Сәменнің баласы Сатархан төре ел басқарды.

Әбілманбет ханның алты баласы болған. Олар Әбілпейіз, Әділ, Тоғым, Шыңғыс (Санияз), Әбілда, Үрістем бұларды төрт төре деп атайды. Әбілпейіздің баласы Көгедай Гұң көк тулы төре болып, Абақ Керейді басқарды. Әділ төре ақ тулы төре, Тоғым шұбар тулы төре, Шыңғыс (Санияз) қызыл тулы төре аталды. Көгедай 1773 жылы туылып, он екі жасында Абақ Керейге төре болды. 1791 жылы Бейжіңге барып Гұңдық шен алды. Отыз тоғыз жыл ел билеп, 1842 жылы 51 жасында қайтыс болды. Көгедайдан Ажы, Әбілғазы, Әбеке, Тәтен дейтін төрт ұл туған. Мұрагері үлкен ұлы Ажы екен. Ажы Гұң 1797 жылы туылып, 1824 жылы жиырма алты жасында әкесінің орнына отырды. 44 жыл ел билеп, 1867 жылы 70 жасында дүние салды. Сүйегі Зайсан жеріндегі баласы Тышқанбайдың қорғанына қойылған. Орнына баласы Қасымхан төре болған. Қасымхан 1834 жылы туылып, 33 жасында мұрагерлікке ие болды. 23 жыл ел билеп, 1890 жылы 56 жасында қайтыс болды. Зираты Сауырда. Орнына баласы Жеңісхан отырған. Жеңісхан төре 1863 жылы туылып, 1890 жылы мұрагерлікке отырып, 22 жыл ел билеп, 1912 жылы 49 жасында дүние салды. Бейіті Сауыр тауының Тосты деген жерінде. Орнына баласы Әлен отырған. Әлен уаң 1889 жылы туылып, 23 жасында билікке келді. 1954 жылы қайтыс болды. Әлен уаңның билік тізгінін ұстаған кезі, Сун Яцен бастаған буржуазиялық төңкеріс жеңіске жетіп, Цин империясы жойылып, Жұңхуа Минго орнаған кез еді. Жаңа құрылған үкімет Көгедай гұң ұрпақтарына «Уаңдық» мансап, Алтай өңірін басқарушы етті. 1945 жылы жеңіске жеткен Үш аймақ үкіметі (Шығыс Түркістан үкіметі) Әлен уаң Гоминдаң үкіметінің қолында қалғандықтан, оның баласы Зәкиханды мансапқа отырғызды. Бірақ Зәкихан билік жүргізе алмады. Осымен алты ұрпақ жалғаған төрелік тәртіп ақырласты.

Редакциядан: Асқар Татанайұлының бұл шығармасы, марқұмның 1987 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» басылып шыққан «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты кітабынан алынды. Тұпнұсқаға құрмет ету мақсатында сөз-сөйлемдеріне өзгеріс жасамадық.

Дайындаған:  Ерқазы Сейтқали

 

(299)

АЛТАЙ АРУЫ бүкіл Ресейді дүр сілкіндірді

$
0
0

Ежелгі қорғандар құпиясы

Ғасырлар тоғысындағы тағы бір сапарымыз  Өр Алтайдың, төр Алтайдың жерінде, бүгінде Ресейге қарасты Алтай республикасына тән өңірлерінде жалғасқан еді. Осыдан біраз уақыт бұрын республикалық басылымда Алтай тауының Берел қорғанында сақ ханзадасы мен оның қасына бірге көмілген жылқылардың сол күйі бұзылмай, бәз қалпында жатқаны жөнінде мақала жарияланған болатын. Кейін сол Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданының таулы өңіріндегі Берел қорғанына да жолымыз түсіп, ондағы археологиялық жұмыстардың жүріп жатқанын көзімізбен көргенбіз. Онда жаз бойы студенттер мен  арнайы экспедиция жұмыс істейді екен.

Ал осы Берел қорғанынан жетпіс шақырымдай қашықтықта, бүгінде Ресей Федерациясына қарайтын Таулы Алтай республикасы аумағындағы Жазатыр деп аталатын жерде дәл осыған ұқсас қазбалар табылып отыр. Осылардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екені ақиқат.
— Қазіргі зерттеушілердің пайымдауынша, алғашқыда бұл қорғандарға үш мың жыл болған делініп келсе, шетел ғалымдары тіпті әріге сілтеп, жеті мың жыл деген болжамдар жасап, соған дәлелдер тауып отыр, — дейді сол кездегі Қосағаш ауданының әкімі Әуелхан Жатқанбаев.
Алтайдың «Ақшешек» баспасынан 2000 жылы шыққан кітап «Алтайдағы ежелгі қорғандар құпиясы» деп аталады. Сол кітапқа көз жүгіртіп шықтық. «Аталмыш қорғандарда құпия көп. Бұл үлкен жаңалық», — делінген кітапта. Көне Алтайда өмір сүрген скиф, сақ дәуірі адамдарының археологиялық мәдениеті мыңдаған жылдардан соң ашылып отыр. Мәңгі мұз күйінде сақталған сақ көсемдерінің сол сәттердегідей, еш бұзылмай, бәз-баяғы қалпында сақталуы талайды таң қалдыруда.
«Ақшешек» баспасынан шыққан кітапта 1927 жылы Алтайдың Шибе шатқалында Пазырық қорғаны табылғаны айтылады. Ол мәңгі мұз күйінде жатқан. Сондағы табылған дүниелер Алтынкөл, яғни Телецкое арқылы Бия, Қатынсу (орыстар оны Хатунь деп бұрмалап айтады) өзендерімен төмен қарай ағылыпты. Кейінірек, өткен ғасырдың елуінші жылдары Алтай экспедициясы Урсула және Қарақол далаларында, Құланды, Тұйықты елді мекендері маңында тағы төрт скиф дәуірінің қорғанын тапқан. Оның бәрін кеңес ғалымдары Пазырық археологиялық мәдениеті деп ұйғарды. Содан кейін ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстары тоқтап, Пазырық, Башада, Шибе, Тұйықты қазбалары құпия қалпында жатқан.
Ал Укок үстіртінде табылған Пазырық мәдениетін зерттеуді тоқсаныншы жылдары Новосібір археологтары қайта жалғастырады. Шибе қорғанының диаметрі — 4,5 метр, биіктігі — 2 метр, тереңдігі — 6 метр. Төбесін жабуға 600 ағаш бөрене пайдаланылған. Қабырғасын таспен қалап, су құйып, мәңгі тоңазытып тастаған. Ендігі бір қорған аумағы 7,2 х 7,2 метр, тереңдігі 4 метр. Көп қорғандарда тура Берелдегідей жылқылар қоса көмілген. Белгілі Новосібір археологі Д.Кубарев осындай ондаған қазбаларды ашып, бұл Алтай халқының дәстүрі деген қорытындыға келген.
Онда балбалдар, бұғы тастар, түрлі әшекей бұйымдары Қосағаш маңындағы Юстыд өзенінде де табылған. Одан үй бұйымдары, ыдыс-аяқ, керамика, кілемдер де шығыпты. Кәдімгі жүннен иірілген, жіптен тоқылған әшекейлі кілемнің көлемі әуелгіде 6,5 метр болған көрінеді. Адаммен қоса көмгенде оның бір шетін кесіп алыпты. Қазіргі сақталғаны 4,5 метр. Кілемнің шетінде атты кісілер бейнеленген. Одан басқа кішілеу тағы үш кілем табылды. Кілем жіптері түрлі-түсті, қанықты бояумен боялған.
Укоктағы қорғандар қабырғасы ағашпен қаланыпты. Онда қоладан жасалған әшекейлер, айналар, магиялық қасиеті бар музыка аспаптары, кілемдер, бас киімдер, ат, қоян, бұғы, елік, таутеке, қасқыр, арыстан, балық пен түрлі құстар бейнеленген көптеген заттар ұшырасады.
Осы үстірттегі Ақ-Аллах қорғанынан 2002 жылы табылған, жасы алпыстар шамасындағы ер адам мен жиырма бестердегі әйелдің денелері сол күйде, күні кеше ғана жерленгендей бұзылмаған күйде жатуы талайды таңдандырып отыр. Сол екі адамның денелеріндегі татуировка, яғни салынған таңбаларына дейін бәз қалпында сақталуы да қызықтырады. Әлгі таңбалар 25 жасар әйелдің тек сол жақ иығында, ал ер адамның тізесінен төменгі жақ балтырында бейнеленген. Ер кісіде татуировка көптеу. Онда көбінесе жылқының, аң мен құстардың суреті салынған.

Сақ ханшайымының ашуы

Осы Алтай аруы, кейбіреулердің пайымынша Сақ ханшайымы атанған әйел мен ер кісінің мәйіті көп кешікпей Новосібір қаласындағы тарихи-этнографиялық институтына жеткізілді. Кезінде соны арнайы барып көзімен көрген, ғалымдардың пікірін естіген, Алтай аруы жөніндегі сирек кітаптың бірін қолына тигізген, Алтай республикасындағы қазақтар мен алтайдар қоныстанған Қосағаш ауданының ұзақ жылдар әкімі болған Әуелхан Жәзитұлы Жатқанбаев мырза бұл жөнінде өз пікірін жеткізген болатын.
— Бұл көне қорғандар Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінің бір-бірімен жақындасқан, төрт мемлекеттің түйіскен жеріндегі қазақтың Жазатыр деп аталатын жазығынан табылып отыр. Алтай аруының өмір сүрген кезеңін ғалымдар шамамен үш мың жыл деп келсе, шетел ғұламалары тіпті жеті мың жылға жеткізуде. Бұл негізсіз, жәй айтыла салған сөз емес, ол жөнінде жазылған арнайы орыс тілінде шыққан еңбектер де бар. Егер шынымен солай болса, бүкіл тарихты қайта қарап, жаңаша жазуға тура келер, — дейді Әуелхан.
Сонымен археологтар бірнеше күн бойы ыстық су құя жүріп, мәйітті ақ қар, көк мұздан аршып, барынша бүлдірмей шығарып алған. Бұдан соң төрт рет машинаға тиеу кезінде көліктері жиі сынып жүруге жарамай қалған. Содан кейін оны тікұшаққа тиеген, бірақ ол да Новосібір аумағында апатқа ұшыраған.
Осы оқиғадан кейін Алтай өлкесінде жеті күн бойы тоқтаусыз жаңбыр жауған. Археологтар амалсыз бүлініп бара жатқан мүрдені Новосібірдің мұражайына асығыс тапсыруға мәжбүр болады. Не керек, сақ ханшайымының мүрдесі Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Археология және этнография институтына тапсырылғаннан кейін, жергілікті тұрғындар арасында толқу басталған. Жер сілкінген. Өзін-өзі өлтіретіндер мен ауру-сырқаулар саны күрт көбейген. 2003 жылдың қыркүйек айында Рихтер шкаласы бойынша 7,3 балл болған қатты жер сілкінуін де жұрт Алтай ханшайымының назасымен байланыстырған-ды. Себебі жер сілкінуінің орталығы Қосағаш ауданындағы Алтай ханшайымының сүйегі қазып алынған жерге жақын арада болған. Жалпы, ханшайымның зары салдарынан Алтай өлкесінде отыз мыңнан астам жер сілкінісі тіркеліпті. Өзінің мүрдесін жалаңаш тәнімен көпшілік алдына жайып салғандарға назаланып, аһ ұрған ханшайымның зарына шынында да қара жердің өзі қарсылық білдіріп жатпасына кім кепіл?
Ханшайымның қаһарына ұшырадық деп қорқып жүрген, Тәңірге табынатын Алтай жұрты енді ханшайымның отанына қайта жерленетін болғанына алақайлап қуануда. Алтай шамандардың айтуынша, дәл осы мумияның кесірінен Ресейде соңғы жиырма жылда түрлі табиғат апаттары мен қанды оқиғалар тым жиілеп кеткен. Кезінде Ақ үй атқыланып, азамат соғысы туып кете жаздағаны да осы оқиғадан соң орын алған. 2009 жылы дәл сол ханшайымның сүйегі қазып алынған жерге жақын орында биік лауазымды шенеуніктер мінген тікұшақ апатқа ұшыраған. Ал саясатшылар: «алда Президент сайлауы келе жатыр. Сондықтан болашақ президент Путин Сақ ханшайымының жаны тезірек жай тапса, өзінің де ың-шыңсыз сайлаудан аман-есен өтетініне сенімді болады. Сол үшін мумияны тезірек отанына оралтуға жанталасып жатыр», — дейді.
Кезінде Самарқандағы әлем әміршісі атанған әйгілі Әмір Темірдің мүрдесін қазып алғанда, Ұлы Отан соғысы басталып кеткенін еске алсаңыз, Сақ ханшайымын қазып алғандағы жағдай да тап сол сияқты елестейді. 1943 жылы жез мұрт Сталин Ақсақ Темірдің мүрдесін Самарқандағы өз орнына қайтарғаннан кейін, артынша Сталинград майданындағы қиян-кескі шайқаста шешуші рөл атқарған жеңіске жетеді. Кім біліпті, Сақ ханшайымы өзінің отанына оралса, Ресейдің бір жағына ауған жүгі түзелер бәлкім.
Жалпы, теңіз деңгейімен салыс¬тыр¬ғанда 3 мың метр биіктікте жатқан Укок үстірті бағзы заманнан құпиясын ішіне бүккен сыры — жұмбақ қасиетті аймақ саналған. Қазір де барған адамға ерекше қасиет сыйлайтын құпия жер аталады. Бұл жерді ертеден көктен түскен адамдар мекендеген, солардың сүйегі жерленген-мыс. Ұшатын табақшалардың бұл жерді жиі төңіректейтіні де, бабаларының жатқан жерін қорып жүретіні де сондықтан деседі. Бұл жерге тікұшақпен болмаса, адамның көлікпен жетуі оңай емес.

Басы жылқы,
аяғы жылан суреттер сыры

Әуел баста Алтай аруы атанған Сақ ханшайымы осыдан жиырма жыл бұрын Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданына қарасты Укок үстіртіндегі скиф қорғанындағы Ақ-Аллах деген жерден табылғанын жоғарыда айттық. Бұл аймақ кезінде Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданына қараған болатын. Орыс ғалымдары бұдан үш мың жылдан астам уақыт бұрын жерленген ханшайымның мумияланған мүрдесін дәл осы жерден тауыпты. Қорған бұған дейін бірнеше мәрте тоналған екен. Тіпті беріде, 60-шы жылдары Қытаймен болған саяси шиеленісте қорған қалдықтары әскери бекініске де пайдаланылыпты. Ал табылған мумияның жақсы сақталуына арнайы салынған терең құдық толы мәңгі тоң көк мұз әсер етсе керек. Әйел адамның оң жақ қырынан аяғын бүктеп жатқан, жақсы сақталынған мәйіті археологтарды қатты таңғалдырған. Аршу кезінде әр¬бір зат бейнекамера мен фотоаппаратпен мұқият түсіріліп алынған. Ханшайымның сол жақ иығы мен қолдарына көптеген татуировка салы¬ныпты. Денесіне жібек көйлек, жалпақ белдік, аяғына жүннен жасалған шұлық, басына парик, алтын жалатылған биік баскиім кигізіліпті. Қайтыс болған кезде жасы шамамен 25-терде болған. Ал жерленгеніне үш мың жылдай толыпты. Әйелмен бірге алты жылқы ер-тоқымымен қоса жерленіпті. «Аспан әлеміне арғымақ алып ұшады» деген ертеде сенім болғанын ескерсек, бұдан оның тегін адам болмағандығы айқын көрінеді.
Сонымен Алтай ханшайымы деп жүргеніміз шын мәнінде кім? Бәлкім, ол Кир патшаның тақыр басын торсыққа салған Тұмар ханым шығар?! Ал Алтайдағы жергілікті қарт тұрғындар өз бабаларының Қыдым есімді әулие әйелдің жерленген жерін бұрыннан білетіндіктерін, бірақ оның қасиетті ұйқысын бұзуға ешқашан батылдары бармағандарын айтады. Жер бетін оның бейітінің өзі жаман рухтардан қорғайды деп сенеді олар. Новосібірлік генетиктер мумияны түбегейлі зерттей келе, оның түркі халқына мүлдем қатысы жоқтығын, үнді-еуропалық текке жататынын, бойы шамамен 1,70 метр болатынын, атқа мініп, садақ тартқанын айғақтап отыр. Мұның рас-өтірігін білмейміз. Ғылымда неше түрлі құйтырқылықтар жасалына беретінін тарихтан білеміз. Жақ сүйегі еуропалыққа келгеннің бәрін азиялық емес деп, еуропалық текке жатқызу мүлдем дұрыс емес. Сақал-шашының түсіне, терісінің ақтығына қарап, Ақсақ Темір де еуропалық текке жатқызылған болатын. Алтайды ешуақытта еуропалықтар жайламағанын ескерсек, Сақ ханшайымының нағыз алтайлық, азиялық текке жататыны күмәнсіз.
Ханшайымның қазасы дәл неден болғаны әлі күнге дейін нақты анықталмай отыр. Бұған мамандар оның ішкі органдары мен миының жоқтығы қолбайлау болғанын айтып ақталады. Бас сүйегі мен дене сүйегі аман болғанына қарағанда, ханшайымның әйтеуір жарақаттан өлмегені анық. Оның қазасын ғана емес, мамандар денесіндегі татуировканың мағынасын да шеше алмауда. «Онда адамзат үшін өте маңызды ақпарат жазылған, оны оқып-түсінудің әлі мезгілі келе қойған жоқ» деп өздерінше болжам жасаушылар да бар.
Осы өңірдің тумасы, арғы-бергі тарихтан хабары бар Жатқанбаевтың айтуынша, қазып алынған екі адамның да, олардың қасына көмілген жылқылардың да дене мүшелері сол күйі бұзылмаған. Тылсым құпиясын ішінде сақтаған адамдардың денесінде салынған татуировкада басы жылқы, аяғы жылан тектес суреттер бар. Ал маңайында бірге көмілген жылқылардың қайыс жүгендерінде алтынмен жалатылған түрлі әшекей суреттер, адамдардың астына төселген сырмақтарда бүгінгі қазақтың ою-өрнектері салынған. Әйелдің шашы сары, қоңқақ мұрынды, ат жақты, бойлары осы күнгі біздер шамалас.
Сол кездегі өркендеу дәуіріне қарағанда, адам денесі ұзақ сақталу үшін бальзамдау тәсілін шебер қолдана білген. Ағашты үңгіп, көрағаш жасап шапқан да, мәйітті соның ішіне жатқызған. Сол бөрене ішіне су кірген. Ол жерастында қатып, мәңгі мұз болып жата берген. Мәйіттердің басы құбылаға қараған. Қорым ішіндегі ою-өрнектерге зер салғанда, ежелгі түріктектес адамдар деуге келеді. Әрі жері де ежелгі бабалар мекендеген өңір. Жалғыз бір түсініксіз жәйт, екі адамның иықтарындағы татуировка жазу.
Біз Алтай республикасының Қосағаш ауданында болғанымызда жергілікті қазақтар қайтыс болған адамды ағаш ішіне ойып, соған салып көміп жатты. Демек, бұл көрініс те сол көне заман дәстүрімен үндескендей. Оның бір себебі, Алтай өңірінің табиғаты қатал, қысы өте суық, тоң жерді қазу мүмкін емес, әрі жазда құм сусиды. Ал ағашты ойып, адамды соның ішіне жатқызғандықтан, ішіне су кіріп, мәңгі тоң, мұз болып қатып қалады екен. Дене ешқашан бұзылмай, сол қалпында ғасырлар бойы жата береді.
Ежелгі адамдардың көму рәсімі бойынша, адам өмірі жер астында жалғасады деген түсінік болған. Сондықтан оған керектінің бәрін өзімен бірге көмген. Көсемдерді оның күтушілерімен қоса мініс көліктерін де қасына қойған. Ал ерлерді қаруымен, әйелдерді әшекей бұйымдарымен, тіпті азық-түлігімен, арфа секілді музыкалық аспаптарымен қоса жерлегені сол ұғым-түсініктен.
Жергілікті халықтың айтуынша, осы төрт мемлекеттің түйіскен жерінде керемет қасиет бар. Ұлаған, Қосағаш аудандарынан табылған Пазырық мәдениетінің қазбалары Моңғолиядағы Орхон ескерткіштерімен байланысатын секілді. Осының бәрі сонау Шыңғысхан заманынан бұрынғы, ежелгі түріктектес халықтың, Атилланың жарты әлемді алып, Еуропаны тұтас бағындырып, кезінде дүниені дүркіретіп тұрғанын дәлелдесе керек. Ол жөнінде, әрине, кесіп-пішіп айта қою ертерек болар. Дегенмен ғалымдар пікірі осыған саяды.

Мазасыз рухы жай таба ма?

Сандаған ғасыр бойы мәңгі ұйқыға кетіп, тыныш жатқан Алтай аруын орнынан қозғап, әруақтың мазасын алып, жалаңаш күйінде бүгінгі жер басып жүрген жұрттың алдына шығарып, көз алдына қою әсте дұрыс болмаса керек. Сақ ханшайымы немесе Алтай аруы атанған әйелдің бұзылмаған денесі он шақты жыл Новосібір қаласындағы археология және этнография институтында ғалымдардың зерттеу нысанасына алынғаны мәлім. Олардың қандай қорытынды шығарып, нендей тұжырым жасағаны беймәлім. Алайда қазып алынғанына пәлен жыл өткен соң, Сақ ханшайымының мумиясын өз отанына қайтару туралы шешім шығарылды.
Таулы Алтай Республикасы алтай халқының киесі саналатын ханшайымның сүйегін барынша сән-салтанатпен күтіп алуға қызу дайындалуда.
Алтай Республикасы Ұлттық мұражайы басшыларының айтуынша, ханшайымның мүрдесін сақтау үшін жер астынан Ленин мавзолейінен кем түспейтін арнайы камера жасақталуда екен. Алтай ханшайымының рухы жай табуы үшін Алтайдан шыққан бай демеушілер де аянып қалмауға тырысып бағуда көрінеді. 2012 жылы қыркүйек айында музей толық жөндеуден өтіп, мумияны қабылдап алуға даяр болады деген жағымды жаңалық естідік.
Сонымен Сақ ханшайымы бұйырса өзінің мәңгілік мекеніне оралады. Бірақ дәл қазып алынған қасиетті орнына жерленбей, арнайы жасалған камерада сақталмақ болып отыр. Кезінде Ленин мавзолейін тамашалағандай, жұрт болашақта Сақ ханшайымын да тамашалай алады. Бұдан оның мазасыз рухы жай таба ма, оны дөп басып айта қою қиын.

Таулы Алтай республикасы
ПС: (25 жастағы Алтай аруының суретін қолдан салып жіберуге болар еді…)
Саясат БЕЙІСБАЙ, журналист

(28)

«Қызылбас болды батыр, атағы зор»

$
0
0

Сыр сүлейлерінің өлеңдеріне есімі арқау болған билігі мен батырлығы қатар аталатын тұлғалардың бірі Қызылбас Мүсірепұлы. Оның аты Ресей мұрағат құжаттарында сирек болса да кездесіп қалады. Сырдария облысына қараған Перовскі, Қазалы уездерінің ХІХ ғасырдағы мұрағат деректерінде 1852 жылдан бастап көрініс береді. Қоқан, Хиуа бектерімен болған ұрыстарда тіпті қарақалпақ бектерімен орын алған соғыстарда Қызылбас Мүсірепұлы аты Тоғанас Бәйтікұлы, Бұқарбай Естекбайұлы, Қожеке Мырзабаев сияқты батырлармен қатар, Сәдір би Алтыбаев, Бекмырза
Еркінбаев, Елекей Қасымов, Сәдірмек сұлтандармен замандас аралас-құралас болғандығы да мұрағатта көрініс тапқан. Қ.Мүсірепұлы Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Қызылқұмда туып, осында өскен. Әкесі Мүсіреп бастаған жорықтарға араласып, әркез әкесінің қасынан табылған батыр ұл. Қоқан, Хиуа бектерінің озбырлығынан өз жерлестерін қорғаған. Мүсіреп Жәрімбетұлының бір мезгілде 200-дей жасақ (сарбаз) шығара алатын тұлға еді. Бұл дерек Ресейлік құжаттарда жазылып қалған.

Қызылбас батыр болған кісі. Ол кісіден тараған ұрпақтарды ауылдастары күні бүгінге дейін «батыр» ұрпақтары деп атап келеді.
Қызылбас батыр хақында Сағымбай Тұрғанбаев шежіре атты өлеңінде:
— Қызылбас болды батыр атағы зор,
Дұшпанға қару жұмсап оқ ататын, — деп оның атақты батырлардың бірі болғанын атап өткен.
Қ.Мүсірепұлының кім болғандығы жазба деректерде былайша жазылады. 1852 жылдың 25 наурызындағы қоқандықтармен болған ұрысты баяндаған құжатты растап қол қойғандар арасында Сарғасқадан шыққан Тоғанас батыр, Қызылбас Мүсірепов бұл оқиға туралы қолдарын қойыпты. Осы құжатқа Тоғанас Бәйтікұлы мөрін басса, Қызылбас таңбасын басқан екен. Осы тұста Қызылдың жиегінде отырған шөмекейлердің әртүрлі руларының ауылдарына қоқандықтардың 1700 жасағы шабуылдап, 55 мың бас қой, 155 ірі қара, 60 түйе мен 150 жылқыны айдап кетеді. Шымқорғанға апарылған малдардың санын көрген адамдардың түсініктері беріліпті. Осы ұрыста қоқандықтардан 55 мың қойдың 33 мыңын, түйе мен жылқыны да қайтарып алып, қоқандықтардың 6-7 адамын Тоғанас пен Қызылбас бастаған жасақтардың өлтіргенін Кете-Шөмекей руларының басқарушысы сұлтан Елекей Қасымовтың әскери-старшина Арыстан Жантөринге жазған мәлімдемесінен оқи аламыз. Ал келесі бір мұрағат құжаттарында (1862-1864 ж.ж.) Қызылбас Мүсіреповтің ресейліктерге сексеуіл дайындап, түйемен көмек береміз деген кісілер арасында баласы Темірқұлдың қол қойған, мөр басқан құжаттарының көшірмесі де кездесті. Мұны орыс шенеуніктері 1864 жылдың 25 қаңтар айындағы құжаттарында Тентектөлде растаған.
Қызылбас батыр сол өңірдің белгілі шонжары Үбістің замандасы әрі қыз алыспас туысы. Бірде үлкен киіз үйдің ортасында сексеуілдің оты лаулап жанып жатқан шақта Үбістің Қызылбасқа қарап: «Осы сені жұрт батыр дейді, сенімен мен қамал мен бекініс бұзғанымыз жоқ, елдің қорғаны ғана болдық, кәне әкелші алақаныңды батырлығыңды білейік», — деп алдында жанып жатқан сексеуіл шоғын алақанына салып жіберіпті. Намыс па, болмаса қас батырлықтың белгісі ме, Қызылбас алақандағы шоқты ысырмапты. Сонда алақандағы шымырланып жатқан шоқты қасындағы үшінші кісі қағып жіберсе керек. Осы оқиға жайлы тағы бір ел аузындағы әңгімеде басқаша айтылып жүр. Бір қаһарланғанда Қызылбас қынабынан қылышын суырып Үбісті шабуға айналғанда айналасындағылар араға түсіп, бұл жанжалды тоқтатса керек. Бұл әңгімелер бүгінде аңыз ретінде ел арасында айтылып қалады.
«Әке балаға сыншы» демекші, Мүсіреп би (батыр) балаларына қарап отырып: «Ақтау, Нұртаудан тараған ұрпағым еңбекқор шаруа болса, Қызылбас ұрпақтары батыр, Ораз балаларынан би шығады, соны сезіп тұрмын», — деген екен. Расында да Мүсіреп бидің болжамы расқа айналғандай.
Ауызша әңгімелер мен жазба деректерді саралап қарағанымызда Қызылбас батырдың Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің бойында өмір сүргені, үлкен қол бастап сарбаздарға қолбасшы болмаса да зұлым Қоқан, Хиуа бектерінің түрлі алым-салықтарына, ретсіз зекет жинауына қарсы тұрып, өз ауыл-аймақтарын қорғаған батырлардың бірі деп тануға тиіспіз. Екіншіден, Ресей шенеуніктері санасқан өз заманының тұлғалы азаматтары, батырлары болғандығында еш шүбәміз жоқ. Патша генералдарының, ояздарының Қызылбас, Қожеке батырлармен санасқанын жазба деректерінде нақтылай түседі.
Жаңадария өзені маңында Қызылбас арығы, Қызылбас мұнарасы болған. Бұл мұнара бүгінде құлаған. Мұнара Жаңадарияның сол жағасында Сары-ишан мешітіне жақын орналасқан. Мұнара қам-кесекпен өрілген. Ол екі бөліктен тұрады.
Мұнара құрылысы Шығыс Арал өңірі аймағындағы ескерткіштерге ұқсас. Төменгісі тік бұрышты, жоғарысы үшкірленген, төрт арқалы. Ішінде баспалдақ тәрізді жоғарыға жол салынған. 1985 жылы Мавзолейді «Казпроектрестоврация» институты зерттеп, паспорттаған.
2018 жылдың басында басы Алпыс Дүйсебаев болып ұрпақтары бұзылған мұнараны қоршап, мәрмәрден ескерткіш белгі орнатты. Алдағы уақытта да басқадай шаралар ұйымдастырылмақ.
Қызылбас Мүсірепұлының ата-тек шежіресін тарқатып көрелік. Қызылбас Жәрімбет бидің немересі. Ал Қызылбас батырдың өзінен Өмірқұл, Темірқұл, Жылқыайдар, Құндызбай, Жұманқұл, Қыздарбике тарайды. Қыздарбике Томпақ кете Піренге тиеді.
Аталық шежірелерде Төремұрат аты атала бермейді. 1914 жылы ақын Шегебай Бектасұлы Төремұрат Темірқұловтың үйіне барғанда оны Айша атты қызы дұрыс қарсы алмай, шай қайнатпай теріс қарапты. Сол жерде ақын Шегебай Айша қызға мына өлеңді шығарады:
Ержеткен бала екенсің тартыпсың мау,
Белгісі мау тартқанның, болады шау.
Көлденең көпшік салып жата кеттің,
Түнімен ұйқы бермей қамап па еді жау, — деп әрі қарай сынай өлең жазады.
Айша қыз ақынның айтқан сөзінен өз кемшілігін түсініп, Шегебай ақынға бір қой сойып мауытыдан шекпен жауып сыйлайды.
Ақын Ш.Бектасұлының осы өлеңінен-ақ Қызылбас батыр шөбересі Төремұраттың да елге белгілі кісі болғаны аңғарылып-ақ тұр.
ХХ ғасырда еңбек еткен №16 ауылға қарасты Жаңаталап колхозының өсіп, өркендеп дамуына үлес қосқандардың біразы ағайынды Махмұтовтар. Іскендір 1934-1935 жылдары шопан, 1941 жылы 192 саулықтан, 302 бас қозы өргізген ақты шопан болса, Ысқақ түйекеш, Сәдуақас партия ұйымының жетекшісі, Дүйсебай колхозшы болып, бүгінгі Жаңаталап ауылының іргетасын қалаған озат еңбеккерлер. Махмұттың келіні Маржан 1956 жылы жүгеріден 45-47 центнерден өнім алып, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, аудандық кеңестің депутаты болған.
Қызылбас Мүсірепұлы туралы түрлі жинақтар мен кітаптарда аз-кем жазылды. «Кете-Шөмекей» шежіресі (1995ж), «Бәйтерек» (2010 ж), «Жеті тараудағы жеті анық» (2012 ж)«Сыр еліндегі ескерткіштер»(қазақ, орыс тілінде 2014 ж) Кете – Байсары (2018ж) кітаптарда жазылған. Демек Қызылда туып, сонда жерленген Қызылбас Мүсірепұлының өміржолдары әрі қарай зерделене түседі деген сенімдемін.

Тынышбек Дайрабай,
Зерттеуші, этнограф, журналист

(7)

АҚЫРТАС Жамбыл облысындағы туристер көп келетін нысандар қатарында

$
0
0

 Жамбыл облысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген, зерттеу тарихына 130 жылдан астам уақыт кеткен   «Ақыртас» кешені ашылды. Кешеннің ашылуына археологтар, тарихшылар, министрлік өкілдері, мұражай басшылары,  Алматы, Астанадан келген БАҚ өкілдері қатысқан болатын. 

Ақыртас — VIII-IX ғасырларда салынған сарай кешені. Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты «Ақыртас» деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. П. И. Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В. В. Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтқан. Археолог Т.К.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі. 1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас 8-11 ғ. жататын Керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген тұжырымға келген. Өйткені құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға ұқсас. Ақыртас 8 ғасырдың 2-жартысында, яғни 751 ж. қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін деген пікірлер бар. Археологиялық зерттеу жұмысы барысында сарай кешенінің іргетасы мен қабырғалары және ішкі бөлмелері ашылған. Нәтижесінде Ақыртас сарайының құрылысы аяқталмағаны анықталған.
Арыстанбек Мұхамеди: «Біздің мақсатымыз — Қазақстандағы тарихи жәдігерлерімізді жаңғартып, киелі жерлеріміздің картасын бір арнаға түсіру, көне жәдігерлерді дүниежүзіне паш ету. Ақыртас қалашығының тарихын одан ары қарай жандандыру үшін үш үлкен ұйым меморандумға қол қойып, соны жүзеге асыру керек. Жібек жолы бойындағы үлкен мәдени орталық «Ақыртас» болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын тастар топырақтың астында жатқан. Қалыпқа келтіру оңайға түскен жоқ. Бұрын қалашыққа дейін асфальт жол да болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, қазір барлығы ретке келтірілген. Келесі бағытымыз ары қарай археологиялық жұмыстарды жүргізу. Ақыртасты кеңінен насихаттау үшін әдеби, көркем шығармаға айналдыру, деректі фильмдер түсіруіміз керек. Түріксібтің кезінде бүгінгі Қазақстан темір жолдарының астына Ақыртастың тастарын апарып салған. Көп тас далада шашылып қалған. Осы тастарды тарихи орнына қайта әкелу керек. Археологиялық, реставрациялық жұмыстар жүргізу керек. Біз Жамбыл облысы әкімдігімен бірге жұмыс жасаймыз. Асқар Исабекұлы бірнеше жыл ОҚО басқарды. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің алдында үлкен бір орталық бар. Сол жерде қолөнер орталығы ашылды. Қаншама адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Шығармашылық жағынан шындалуына мүмкіндік жасаған Асқар Исабекұлы».


1938-1939 жылдары аталған жәдігерден 5-ақ шақырым қашықтықта орналасқан жалғыз Ақшолақ стансасында Ақыртастың тастарынан екі қойма мен бірнеше ғимараттардың іргетастары қаланыпты. «Түрксібтің» құрылысына, теміржол өткелдеріне қаланып кеткен Ақыртас тастарын қайтарып алу, ары қарай кешенді дамыту жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Ақыртас» кешенін заман талабына сай, туризм орталығына айналдырған Жамбыл облысы әкімдігі кешеннің қасынан этноауыл салмақ. Демек, кешен одан әрі түрлене түспек. Облыс басшысы ішкі туризмді дамыту жоспарларымен де бөлісті.
Асқар Мырзахметов: «Әлемде туризм арқылы экономикасын арттырып отырған елдерді білеміз. Туризм ─ табыс көзі. Қазіргі уақытта облысымыздағы ішкі туризмді дамытуға қатысты жоспарымызды белгілеп отырмыз. Осыған қатысты арнайы басқарма жақында ғана құрылды. Ең алдымен облыс тарихын оқушыларымыз қаншалықты біледі? Бір ауданның баласы басқа ауданның тарихын қаншалықты меңгерген? Осы мақсатта интернеттің дамыған заманында интерактивті сабақтар арқылы үйретуді қолға алып отырмыз. Екіншіден, нақты туризмге қажет инфрақұрылым. Тарихи кешендердің көп екеніндігін айтып отырмыз. Облыста 3400-ден аса ескерткіш болса, олардың бәрінде инфрақұрылым мәселесі туындайды. Бюджеттің қаржысы барлығына бірдей жете бермейді. Бірінші заманауи талапқа сай нысандарды анықтап жатырмыз».

Туризм саласын зерттейтін институттар жоқ

Егер сіз Түркияға түріктің ұшағымен ұшатын болсаңыз, ұшақта сізге міндетті түрде Түркияның туристер көп келетін ең әдемі жерлерінің видеосын көрсетеді. Бұрыш-бұрышта тұрған түрік саудагерлері сізге тауарын алдыртпай жібермейді. Балмұздақ сату дәстүрі қанда й! Мейрамханасынан тамақтансаң, тәттісін тегін береді. Түркия туризмі жайлы ақпаратқа оңай қол жеткізесің. Тіпті Моңғолия елінің әуежайына кірген бетте, ел туризмі жайлы ағылшынша кітаптарға қарық боласыз. Өзіңізге керекті ақпаратқа бірден қол жеткізесіз. Қазіргі уақытта интернетте туризм жайлы ақпарат, видео-контенке көз сүрінеді. Мысалы, Малайзия сапарында қасымызда жүрген гидтің «Ақпарат керек болса, интернеттен оңай табасыздар!» — деп әуежайдан шығарып салғаны есімде қапты. Бейжиңде жүргенде бір ескерткішті көру үшін кезекке тұрдық. Адам көп. Ескерткішті көрген кезде, щалқамыздан түстік. Тасбақа мүсіні. Қытай санасында «қасиетті тасбақа». Басынан сипасаң, ұзақ өмір сүреді екенсің. Сегіз санын бақыт деп тапқан, жеті санын жауындай қас көретін қытайлықтарды туризмге қатысты институттар әбден зерттеген. Бізде ше? Департамент «бізге жылына үш мың мен он мың арасында туристер келді, кетті», — деп бір мәлімет бере салуы мүмкін. Алайда әр туристің нені жақсы көретіндігін, неге қызығатындығын, уақытын қалай өткізгісі келетіндігін білу туризмді дамытудың бірден-бір кепілі екенін жіті түсіне қойған жоқ. Елімізде туризмді дамыту үшін өзге халықтарды не қызықтыратынын арнайы зерттейтін институт жоқ. Мысалы, Еуропада көптеген зерттеу институттары бар. Олар азиялықтарды не қызықтыратынына аса мән береді. Осы жолда ізденістер жасап, зерттеу жүргізеді. Сингапурда арнайы институт бүкіл әлем елдерінің ерекшеліктерін зерттеп, кітаптар жазып, баспадан бірнеше дүркін шығарған. Америка, Түркия, Нидерланды, Жапония т.б. елдер шетелдік туристерді таңғалдыру үшін арнайы зерттеу жүргізеді. Түркияда азиялық туриске бөлек, еуропалық туриске бөлек қызмет көрсетеді. Себебі әр елдің менталитеті әртүрлі. Қарапайым мысал. Жасыл туризм ұғымын осыдан жеті жыл бұрын Түркия маңынан шыққан еріктілер анықтаған. Түркияның оңтүстік аймағында жылына отыз миллион турист келеді екен. «Сол отыз миллионның ең болмағанда бір миллионы неге солтүстік аймаққа келмейді?» — деген сұрақ туындаған. Түркияның солтүстік аймағының ландшафты таулы аймақ, жасыл табиғат, сарқыраған су, бірақ климаты кішкене салқындау. Сөйтіп олар біздің бұл ландшафт кімдерге ұнайды, кімдерге жақын, кімдерде мұндай ландшафт жоқ деп зерттеген. Анталия аймағына келетін туристерді зерттеп, араб түбегінен аз келетінін анықтаған. Содан жасыл туризмді дамытуды мақсат еткен бес азамат Түркияның таулы аймағында орналасқан, ортасында кішігірім көлі бар Йешилкоуды жарнамалауды ұйғарып, мұнда 5 жылда үш миллион турист әкелуді мақсат етеді. Сөйтіп араб түбегіне барып, бір жыл арабтарды зерттеген. Арабтар нені жақсы көреді? Қай аймақта демалғысы келеді? Анталияға неге аз келеді? Сөйтсе, арабтар салқынды, таулы аймақты, жасылды жақсы көреді екен. Өкінішке орай, бізде шетелдік туристерді ғана емес, қазақстандықтардың өзі неге қызығады деген арнайы зерттеу нәтижелері жоқ. Бізде «жабайы туризм». Ал шетелдіктер үшін қазақтар теңіз жағалауын, күнге күйгенді ұнатады. Қазақстандағы туризм көрмелерінде көбіне теңіз жағалауындағы туризм кешендері насихатталады.

Компанияға жүктелген міндет те, жауапкершілік те жоғары

Бір жыл бұрын елімізде «Қазақ туризм» ұлттық туризм компаниясы құрылған еді. Саясаткерлер мен блогерлердің басын қосып, Алакөлге апарғаны есімізде қалыпты. Сол кезде Анталияға алып кетпей, Алакөлге апарғанына шүкір еткенбіз. Заты ұлттық компания болғандықтан, оған жүктелген міндет те, жауапкершілік те жоғары.
Бірнеше жыл бұрын Малайзияның Алматыдағы консулы бірнеше журналисті Малайзияға саяхаттауға апарды. Жалғыз біз емес, 19 елден журналистер шақырған екен. Әсіресе Германия, Қытай, Үндістан елдерінен келген журналистер өте көп болды. 10 күнге созылған саяхатымыз Туризм және Мәдениет министрлерінің қатысқан ресми есеп беру және Малайзия елі, малай ұлтының, Малайзияда мекен еткен этностардың ұлттық ерекшеліктерін таныту мақсатында ұйымдастырылған үлкен концертпен ашылды. Тіпті, жергілікті «MUD» театрының Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдың қалай пайда болғанын, астана боп қалыптасқанынан толықтай ақпарат беретін ағылшын тіліндегі мюзиклы көрсетілді. Ғажап. Бір-ақ күннің ішінде малай ұлты туралы түсінігіміз қалыптасты. Журналистер үшін жасаған дайындықтың жоғары деңгейде болғанын бірден байқайсыз. Саяхаттан оралған соң Малайзия туралы сериалы бірнеше мақала жарияладық, консул қызметкерлері бақылап отырды. Байқағанымыздай, Малайзия елінің Алматы консулында арнайы туризммен айналысатын бөлімі бар. Жалпы мұндай бөлімдер барлық елшіліктерде бар. Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінде ше? Туризммен айналысатын бөлімдері болған жағдайда, Мәдениет және спорт министрлігі, Туризм департаменті қаншалықты тығыз қарым-қатынаста істер атқарып жатыр? Бүгінге дейін шетелден журналистер келіп, Қазақстан туризмі жайлы кеңінен жазып, шетел басылымдарында жарияланды дегенді кездестірдіңіздер ме? Бар болған күннің өзінде өте аз. «Қазақ туризм» ұлттық туризм компаниясы немен айналысады? Бір жылдың ішінде нендей қызметтер атқарды? Бүгінде көшпенді халық ұрпағының «Nomad» туризмге көңіл бөлмеуі де қызық. Баспасөз конференциясында компания басшыларына құлаққағыс еттік. Қазақстанда неміс әйелі осы туризм түрімен айналысады екен. Бір аймақты жалға алып, киіз үйлер құрып, еуропалық туристерге көшпенділердің салт-дәстүрін көрсете отырып қызықтырады. Еуропалықтар Шығысқа ғашық. Әсіресе таңғажайып салт-дәстүрімізді көріп, ән-күйімізді тыңдап, ұлы даламызды, ежелгі қалаларымызды тамашалап, бай дастарханымыздан дәм татқанда, аузын ашып, көздерін жұмады. Інжу-маржандарымызды, асылдарымызды тиісті дәрежеде көрсетіп, насихаттай алмай жүрміз. Өзгеріске ұшырамай табиғи қалпын сақтаған аймақтарға жасалатын саяхат түрілері ─ жасыл туризм, ландшафтық туризм, балаларға арналған экотуризм. Мұның шығу негізі табиғат аясын тазалау мақсатымен басталған. Ерікті адамдарды жинап, табиғатты ластықтан тазарту көзделген. Кейіннен кең таралып, табиғи аймақтарды тазалаудың соңы туризмге, коммерцияға айналған. Қазақстанның әсем табиғаты экотуризм түрлерін емін-еркін дамытуға өте қолайлы. Тек «Қазақ туризм» ұлттық туризм компаниясында құлшыныс болса болғаны.

Бауыржан Карипов
Суреттер автордікі
Алматы ─ Тараз ─ Алматы

(14)

Асан қайғы Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген емес!

$
0
0

«Қазақ әдебиетінің» мыжымасынан соң…

Өмір өзгереді. Бала киімі үнемі шақ бола бермейді. Өзіміздің немқұрайлылық пен жайбасарлығымыздан ақиқаттың ажарына ақау түсіріп, аңыздан арыла алмай келе жатқанымызға кім кінәлі? Өткен ғасырдың ортасында шыққан 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы әлі сол баз баяғы күйінде 25 рет басылым көріпті. (?) Сегізінші сыныпқа арналған оқулықта мынандай берілген анықтама кездеседі: «Ауыз әдебиетіндегі әңгіменің бір алуан саласы — аңыз. Аңыз негізінде әңгіме түрінде болады. Кейде өлең, жыр түрінде болуы да мүмкін. Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен қиял-ғажайып оқиға араласып келіп отырады. Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі екеуінің арасы жақын. Негізгі айырмасы аңыз әңгіме көбінесе болған адамның басына құрылады. Әуелде тарихта шын болған, кейін сондай адам болыпты-мыс деп, ел аузында лақапқа айналған адам әңгіме етіледі». Неткен мыжыма! Бұл тұжырым айнақатесіз 9-сыныпқа арналған оқулықта да жүр. 8-9 сыныптарға арналған Қазақ әдебиетінде: «Аңыз әңгімелерге қиял элементі қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала береді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт, т.б. бәрі де шындықтағыдай, жай (жәй) адамдар ретінде суреттеледі», — деп қайта-қайта қайталайды. Біз әдебиеттен қандай тәрбие-өнеге беріп келеміз. Бүйтіп жоғарғы сыныптарға арналған жойдасыз қайталана берген соң, оқушылардың зықысы шығып, мезі болмай қайтеді?

Асан қайғы мен Жиренше кездескен бе?

Аңыз бен ақиқаттың Асанқайғы мен Жиренше айналасында толып жатқанында дау жоқ. Әсілі, ақиқат ақ жүзінің беті ашылғаны керек-дүр.
Асанның тауып моласын,
Соған тәуәп етейін.
Моласына түнейтін,
Ақ батасын күтейін,
«Жолымды қу» десе болғаны,
Басқа жолды не етейін?
Әз Жәнібек сендер бол,
Мен Асан боп өтейін! — деп Мағжан Жұмабаев «Еділде» толғауында не үшін жер-көктің шартарабын оймен шарлап, зар илеп өтті? Жалпы Асан өмірде болған адам ба? Қалайша есіміне Қайғыны жамап алған? Зерттеушілердің біразы оны Қазақ хандығының ұраншысы етіп, Жиреншеге қосақтап, екеуін кездестіруге неге құмар? Олар әр дәуірде өмір сүрген жоқ па?


Мемлекеттік сыйлықтың иегері жазушы Ә.Сарай («Ноғайлы», «Арыс», 2009ж., 103-бет) М.Мағауиннің   қателігін айнытпай қайталап, жаттандылыққа ұрынады: «Аңыздар қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан мен Асан қайғының бірде ащы, бірде тәтті қарым-қатынаста болған тұстас, тұрғылас  ретінде суреттейді. Ал Асан қайғының өлеңдеріне қарағанда, ол біршама уақыт Жәнібекке ілесіп, қазақ хандығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сынайлы». Әлкей Марғұлан да сипақтап «Аңыз, жырлар» жинағында Сыпыра жыраудың тек Темір Әмірдің заманында өмір сүргеніне сілтей кетеді. Олары несі? Сонда кімге сену ләзім?


Асан қайғы — тарихи тұлға. Құрбанғали Халиды (Аягөззи) 1910 жылғы қазандағы «Өркен» наширятінде басылған «Тауарих хамса» атты кітабында шамамен құдіретті қаһан Шыңғысханның кезінде өмір сүрген тәрізді. (Темірші) Ол бір құжатта 1155 жылы, ал басқа бір деректе 1160 жылы дүниеге келеді. Майқы бидің алтыншы ұрпағы десе, өзге талапкерлер аққу-шортан оқиғасындағыдай бір бәтуа мәмілеге келе алмай әр тарапқа тартады. Не дегенмен ол бізге аңызбен қатар жеткен адам. Шоқан Шыңғысұлы Уәли Хан — лауазым. Атасының азан шақырып қойған ныспысына өзі қосып алғандай. (1771 жылы Абылайхан қайтыс болғанша осы есіммен жүрді емес пе?), М.Әуезов, Ә.Марғұлан және басқалардың еңбектерінде ол солай кейіптеледі. Алтынорданың соңғы хандарының бірі Жәнібек тұсында ғұмыр кешкен күрделі кісі. Ақылман, Ақын, Абыз, Аталы сөздің алтын қайнары. Батыс қиялшылдары Т. Кампанелло (1568-1630 ж. Италия), «Күн қаласы», «Қиял» туындыларын қалдырған Т.Моррдан (1477-1535 ж. Англия) ең кемі бір жарым ғасыр бұрын адам баласына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманды аңсап, сол ауыр жылда халық қамы үшін уәйім мен қайғы жеп, қойы жиі қоздап, адамы жүзден аса жасайтын жаннат боларлықтай жерұйықты шарық ұра іздеп, мамыр мекенжайды армандайды. Ол кісәпірлігі үшін құдай қаһарына ұшырап, өмірбақи кезбелікке кесілген «Мәңгі жөйіт» Агасфер де емес. Оның жерұйығы Рерихтер Алтай, Бұланай мен Тибеттен тапқысы келген Шамбалаға да жатпайды. Асан қайғы ұлы даланың әр пұшпағында болып, әр жерді ыңғайына қарай суреттеп, сипаттама береді. Оларды данышпанның аузымен айтылды қылып, халықтың өз қиялынан туғызуы да ықтимал.
«Адасқанның алды жөн, арты-соқпақ». М.Мағауин айтады: «Алтынорда әміршілерінің бірі Ұлуғ Мұхаммед XV ғасырдың 20 жылдарында сарайдан қуылып, Витовті паналағанда, кейінірек Қазанға хандық құрған. Біздің назар аударатынымыз Асан өмірінің біраз уағы осы Ұлуғ Мұхамметханның төңірегінде өтеді. Асан қайғы алдымен Сарайда, кейінірек Қазанда ханның оң тізесін (сол тізесі емес) басқан ықпалды бектерінің бірі болғандығы айтылады.
Бұдан соңғы жерде Асанды Қазақ хандығында, Жәнібек ханның маңынан көреміз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз.
Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлуғ Мұхаммедтің құзырының кезінің өзінде ол егде тартып қалған адам. Соған қарағанда Асан қайғының өмір сүрген дәуірі XV ғасырдың іші» (8-том, «Қағанат», 2002 жыл, 24-бет). Олай емес. 1437 жылы Ноғай ордасының беклер бегімен бірлесіп, Көшім Мұхаммед оны тақтан тайдырған соң Еділ бойын жоғары өрлей келіп, Ұлы Мұхаммед Қазан қаласының іргетасын қалап, хандықта билік жасайды. Ақылгөй ретінде Асан қайғы қасында болуы мүмкін.
Филология ғылымының докторы Ханғали Сүйінішәлиев былай дейді: «Қазақ ғылым Академиясының қолжазба қорындағы көптеген аңыздарды салыстырғанда Асанның әкесі — саятшы Сәбит, шешесі — Салиха, ал оның әйелінің аты — Күлжазира сұлу, баласы Абат батыр екені көрінеді.
«Енді бір қолжазба деректе Асан қайғы Орманбет хан өлгеннен кейін сары Ноғай, қара Ноғай болып бөліне көшкенде 120 жаста екен. Ал Орманбет хан 1420 жылы өлген. Ноғайлардың бөлінуі бұдан біраз кейін 1450 жылдар шамасы. Олай болса Асан 1330 жылдары дүниеге келген». Көрнекті ғалымға неге құлақ түруге болмайды? Еңбектің тағы бір тұсында өз ойын нықтап нығыздай түседі: «Шамасы, ол 1330 жылы туып, 1450 жылы өлген», — деп топшылайды («Қазақ әдебиетінің тарихы», «Санат», 2000 ж.).
Араб жиһанкезі Ибн Баттута да қызық бір жайды алға тосады. 1334 жылғы мамыр айының басында Бестау (Пятигорск маңында көктаудаТоқтамысты өлтіріп, мұсыл-мандықты қабылдамаған төрелерді қан қақсатқан Өзбек ханның ордасында болғанын сүйсіне суреттейді: «Орасан шатыр ортасында алтыннан апталып, асыл тастармен безендіріліп жарқыраған хан тағы орнатылыпты. Оның аяқтары нағыз нақыра күмістен жасалғандай. Өзбек хан қақ ортаға жайғасыпты, оң жағында бәйбішесі Титігілі (Тәттігүл болуы да кәдік) мен Кебек, солында Баялун мен Араша қатындар. Тақ алдында Өзбек ханның балалары тұр: оң қанатында сүйіктісі Һәм мұрагері — Тыныбек, ортада — қызы Иткүшік, сол жағында — шейх Ибн Әбі Әл-Хамидтің шәкірті Жәнібек». Орда бұзар отыз жасында 1312 жылы басты қарсыласына қастандық жасатып, төре тұқымына қырғидай тиген Өзбек кемеліне келген қаһарлы хан еді. Жолжазбаға қарағанда ол кезде Тыныбек те, Жәнібек те әлі жасөспірім. Қанша өкініп, бармақ тістегенмен жазбагер бұнда жас Асан туралы тіс жармайды. 1342 жылы ағасы Тыныбек пен інісі Қызырбекті (Қыдырбек) өлтіртіп, тақ иемденген, у төккен Жәнібек әлі де күш-қуаты мен беделі, атағы аспандап тұрған еді. Алтынорданың ықпалды соңғы хандарының бірі болып, астанасын Сарайшыққа көшіріп он бес жылдай ыдырау алдындағы алып қағанатты ырду-дырдусыз жеке дара биледі. Қажытарханды кеңейтіп, Жайық жағасындағы жасанды әуіз-әуітке шекер төктіріп, құс төресі аққуды құла дінге ілдірді.

Тарих ойыншық емес, сыпыртып жаза беретін

Біздегі көп оқымысты атын жамылып жүргендер хандар, батырлар мен бағыландар туралы туған мен өлген жылдарын шатастырып, өздері білмесе ізденбей сырғыта өте шығуға дағдыланғандай. М.Мағауин да жиі сөйтеді. А.Құнтөлеулы Әл-Құланды «Едіге би және Ноғай ордасы» деген кітабында Доспанбет жырау (1490-1523жж.), Шалгиіз (1468-1560 жж.) уақыт арасын көрсетеді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері жазушы Ә.Сарай («Ноғайлы», «Арыс», 2009ж., 103-бет) М.Мағауиннің қателігін айнытпай қайталап, жаттандылыққа ұрынады: «Аңыздар қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан мен Асан қайғының бірде ащы, бірде тәтті қарым-қатынаста болған тұстас, тұрғылас ретінде суреттейді. Ал Асан қайғының өлеңдеріне қарағанда, ол біршама уақыт Жәнібекке ілесіп, қазақ хандығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сынайлы». Әлкей Марғұлан да сипақтап «Аңыз, жырлар» жинағында Сыпыра жыраудың тек Темір Әмірдің заманында өмір сүргеніне сілтей кетеді. Олары несі? Сонда кімге сену ләзім? Әрине, ұзақ жылдар ЖОО ұстаздық етіп, қазақ әдебиеттануында недәуір із қалдырған ғұлама ғалымның уәжі шарасыз мойын бұрғызады. Өйткені Х.Сүйінішәлиевтің айтқан ғылыми болжамдары жобаға келеді. Сонау итарқасы қияндағы Еділ-Жайық жағасынан ақылманның шау тартқан кезінде келіп, қазақ хандығына кеңесші болып, Жетісудағы Жиренше шешенмен жүздесіп кездесуі екіталай. Жас ғалым, тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев: «Жұртын Жерұйыққа жеткізем деп өткен бабамыз Асан қайғы Сәбитұлы тұлғасына ден қойғанбыз. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін қазақ әдебиетінде дала данышпанының дара тұлғасына (?) табынатын толымды шығарма жарық көрмепті. Тарихшыларымыз терең зерттемепті, суретшілеріміз Асан ата бейнесін сомдамапты, ел-жұртты елең еткізетін еңселі ескерткіш жоқ екен», — деп бастап, талдай келіп Алтынорда ханы Жәнібектің заманында өмір сүргенін бұлтартпай дәлелдейді («дана», №2 (3), 2013 ж.).
«Ақ орда тарихында Сыр өңірі XIII ғасырдың соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-экономикалық, діни-мәдени орталық болған. Ал Керей мен Жәнібектің Еділ Жайық өңірімен байланысын анықтайтын жазба деректер жоқтың қасы. Сондықтан Асан қайғының аталған өлеңін қазақ ханы Жәнібектің көшіне қарата айтылған жыр ретінде қабылдау кеңес әдебиетінде үстіртіндеу айтылған жорамал деп есептейміз, — дейді ол осы орайда кесіп-пішіп.

Соңғы жылдары Жәнібек пен Асан қайғы тақырыбына аса ынта қойып, ғылыми жағынан зерттеу жұмысына көңіл бөлген, ортағасырлардағы Қазақстан тарихының көрнекті маманы З.Жандарбек осы аңызға егжей-тегжейлі талдау жасап, жыраудың аталмыш толғауды тек Алтынорда ханы Әз-Жәнібекке айтқанын ғылыми тұрғыда дәлелдегендіктен біз ғалым пікірін қайталап, бұл аңызға тоқталуды жөн көрмедік. Демек, Асан қайғы қазақ ханы Жәнібектің заманында өмір сүруі мүмкін емес. Ол көз майын тауысып, нұрлы нысанасын шұқшия зерттеген мақаласын тиянақты тұжырыммен аяқтады: «Сонымен Асан қайғының қай Жәнібектің заманында өмір сүргенін анықтауда зерттеушілердің ортақ пікірге келуі — уақыт күттірмейтін шаншулы мәселе. Қазіргі аяңымызбен жылжи берсек, әлі де жүз жыл таз қалпымызда жүре беретін түріміз бар. Ыждаһаттылық жетіспейді. Мақаламыздың осы бөлігінде данагөй Асан қайғының қай Жәнібектің замандасы екендігі хақындағы өз пайымдамамызды негіздедік». Не алып қосары бар? Біздіңше, алда ірі ғылым Х.Сүйінішәлиевтің парасатқа толы пайымдауына сүйенген З.Жандарбек те, Ж.Жақсығалиев те дұрыс бағытта. Сүйінші сұрататын ізгілікті ізденістер жалғасы күтіп тұр. Жас зерделі зерттеуші марқұм Серікбол Қондыбай да үзілді-кесілді тоқетерін айтқандай: «Сондықтан Асан қайғыны XV ғасырдың екінші жартысында Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын орнатқан кезде де өмір сүрді деген шатасуды тоқтату қажет». (4-том, 257 бет).

Аян Нысаналин, ақын,
ҚЖО мүшесі

(16)

Viewing all 107 articles
Browse latest View live